Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының Жастар ресурстық орталығы мен «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мейірім шуағы» атты тақырыпта қолөнер шеберлерінің байқауы өтті. Оған өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі мүмкіндігі шектеулі қолөнершілер қатысты.
Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің тұрғыны Жүсіп Сәуле Қасымханқызы да өзінің жасаған бұйымдарын осы көрмеге алып келген болатын. Аталмыш іс-шара қорытындысы бойынша қолөнер шебері Жүсіп Сәуле Қасымханқызын Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Нұралыұлы Алғыс хатпен марапаттап, ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Айта кетейік, тарихы тереңнен бастау алатын Түркістан қаласына келетін саяхатшылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынуда. Бұйыртса, жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, жоғары сапалы қолөнер бұйымдарының технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасы болады. Болашақ қолөнершілер сонда шеберліктерін шыңдап, еліміздің өткені мен бүгінін әлемге таныта түсетініне сенім мол.