Мәскеуде өткен «Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнирде айтулы сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева 24-26 қаңтарда өткен рапид бәсекесінде жарыстың басты фавориті Сергей Карякинді жеңді. Ресейлік – әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар. Турнир комментаторлары айтқандай, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес екен, ол салқынқанды ойынымен Сергейдің керемет қорғанысына қарамастан, тамаша жеңіске жетті. Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, тиімділігі жағынан да турдың сәнін келтірді. Өз кезегінде осы ойыннан кейін ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеп: «Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым, оған реніш жоқ», – деді.
Айта кетерлігі, бұл жарыстың жүлде қоры – 15 миллион рубль. Онда әлемдегі ең мықты шахматшылар шеберлік байқасты. Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно және басқалары бар. Бір қызығы, қазақстандық гроссмейстер турнирге қатысатынын басталардан екі күн бұрын ғана білген болатын. Бибісара әлем чемпионы Владимир Крамниктің орнын басқан. Енді блиц турнирде (28 және 30 қаңтар) де Бибісара Асаубаева өз шеберлігін көрсетеді деп сенеміз.