САХНАДА – ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ

САХНАДА – ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ

         Қазақ театр тарихының беттеріне көз жүгіртсек еліміздің көрнекті тұлғаларының сахналық бейнесін сомдауға деген құлшыныстың күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқанына куә боламыз. Халқымыздың ұлы мұраттары жолында өз бастарын қауіп-қатерге тігіп, арпалысқа толы ғұмыр кешкен арыстарымыздың мол мұрасы заман алға озған сайын жаңа қырынан қарастырылып, зерттеле беретіні сөзсіз.  Осындай ірі тұлғаларымыздың бірі қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлұлы өзі өмір сүрген кезде туған елінің болашағы үшін көп істер тындырды. Оның жарқын бейнесінің қазақ театр сахнасына шығуына жазушы Ш.Мұртазаның еңбегі зор. Атап айтсақ, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына Р.Сейтметов режиссурасымен қойылған Ш.Мұртазаның «Қызыл Жебе» (1987), «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің хаты» (1989)  шығармалары жоғары деңгейде қойылды.

         Араға біраз жылдар салып Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында Шерхан Мұртазаның «Қызыл Жебе» романының желісімен (сахналық жүйесін жасаған Е.Қабдыл) қойылған «Тұрар» спектаклінің премьерасы (24-25 сәуір) өнер сүйер қауымды елең еткізді.

         Қойылымның негізгі тізгінін ұстайтын Тұрардың  қалыптасуына тікелей ықпал еткен оқиғаларды режиссер Еркебұлан Қабдыл дұрыс таңдаған. Біріншіден, Тұрар әкесімен бірге қапасқа қамалып, амалсыздан түрме бастығы Приходьканың үй қызметшісі  болады. Екіншіден, оның жаңаша ойлауына түрткі болған революционер Александр Бронниковпен танысады, үшіншіден,  Приходьканың қызы Наташадан орыс тілін үйренеді, төртіншіден, нағашыларына қашып барып мектептегі оқуға ілігеді. Режиссер спектакльдің өн-бойында осы желілерді кеңінен таратып, бала Тұрардың болаттай қайралып, кесек тұлғаға айналуына  әсер еткен әлеуметтік ортаны көрсеткен.

         Шымылдық ашылған кезде ақ жаулық жамылған аналардың биінен Тұрардың дүниеге келуі мен оны бесік жырымын әлдилеген анасын көреміз. Кенет мақпал қоңыр дауыспен айтылып жатқан ән кілт үзіліп, орындаушылардың қимыл-әрекеттеріндегі екпін күшейіп  қолдарына ұстаған жаулықтарын төрде сұлқ жатқан әйелдің үстіне жауып, оның бақилыққа аттанғанын білдіреді.  Тура осы сәтте «Апа, апатай» деп бар дауысымен өксіген бала Тұрар – Б.Сыйхынбай ортаға шығады. Оның соңынан келген Рысқұл баласын бауырына басып жұбатады.

        Режиссер келесі сахнадағы оқиғаны да хореогроф Ринат Билибаевпен бірлесе отырып пластикалық тілмен өрнектеген. Би мазмұнынан қорлық пен зорлық құрығына ілігіп, масаға таланғандай күй кешкен халықтың ауыр халі актерлердің дене қимылдары арқылы көрсетілген. Осы би аяқталар кезде тарс етіп атылған мылтық дауысы естіліп,   жарық көмегімен қызыл түске боялған қос алақанына үңіліп тұрып қалған Рысқұлды орыс шабармандары алып кетеді.  Осылайша  Саймасай болысты мерт еткен Рысқұл түрмеге қамалады.

         Спектакль суретшісі Бақыт Сраилов режиссерлік ойдан алшақтамай түрме сахнасын шарттылықпен шешкен. Тор көзді темір құрылғылар жеңіл қозғалып, оқиғаның өрбуіне байланысты әртүрлі қызмет атқарады.

         Рысқұл рөлін ойнаған жас актер Нұрғиса Искендиров  өз кейіпкерін қайтпас қайсар, өжет мінезді етіп сомдауға барын салды. Баласына қимай қарап «Оян, Тұрар» деп айтатын сөздері бүкіл қазақ халқына бағышталғандай әсер тудырады. Рысқұлдың түрмеде өзін ұстауы, баласының алдында еңсесін түсірмеуі актерлік ойында нанымды ашылған. Ол Надзирательмен – Ә.Үкібаев сөйлесетін тұста  оның бетіне тура қарап, кеудесін тік ұстап, жауап қайтарады. Бұл арқылы актер рухы күшті, намысы биік  адамның алған бетінен қайтпайтын өжеттілігін көрсете алды. Дегенмен де Н.Искендиров алдағы уақытта Рысқұлдың баласына деген мейірімі мен әкелік қамқорлығын көрсететін тұстарын жетілдіруі керек.

          Тұрарды кескіндеген Б.Сыйхынбай режиссерлік тұжырымды дұрыс ұққан. Ол өз кейіпкерінің біртіндеп шыңдалуын нанымды ашты. Әкесінің аузынан шыққан әр сөзді жадына тоқып, оны мақтаныш тұтатыны  жүзінен анық байқалады. Одан кейін бір түйір қызғалдақты Надзирательге таптатпау үшін оны итеріп жіберуі баланың батылдығы ғана емес, оның  әдемілікті жақсы көретін қасиеті де байқалады.

        Спектакльдегі ең жарқын сахнаның бірі Наташа мен Тұрардың  бірігіп Пушкин өлеңдерін оқуы. Бұл Тұрардың білім мен ілімге деген құштарлығының басталуына оң ықпалын тигізеді. Одан кейін рояльде ойнайтын Наташаның сүйемелдеуімен «Елім-ай» әнін шырқайтын тұсы нәзік мұңға айналған. Артта қалған елін сағынышпен ойлап, шын жүрегімен тебіренген бала сезімін актер ән арқылы шынайы жеткізді. Бұл сахнаны режиссер өте әдемі шешкен. Көзін жұмып тура сахна ортасында ауыл адамдарын елестеткен Тұрар  – Б.Сыйхынбай ән бастағанда сахна түбінен шыққан көпшілік «Елім-айды» хормен орындайды.

         Тұрар мен Наташа кітап оқып отырған кезде Приходька – С.Арипханов келіп Тұрарды рухани семинарияға оқуға жіберетіндігін айтады. Оның «Қырғыздың қаршадай баласын, әм зерек баласын христиан дінінің насихатшысы етіп баули алсам, онда оның қазақтарға деген ықпалы орыс попының ықпалынан он есе, жүз есе пәрменді болмақ», - деген сөздерінен сол дәуірдегі орыс отаршылдарының  қазақтарды шоқындыруға белсене кіріскен саясаты анық байқалады.

         Актер Тұрардың Приходьканың майда тіліне сеніп қалғанын «Ол мені шоқындырмақшы. Шіркеу оқуына түсіремін дейді. Сонда әкеңді каторгадан босатып ала аласың дейді», - деп Рысқұл – Н.Искендиров мен Бронниковқа – А.Өтебеков қуанышпен жеткізеді. Осы сахнада Б.Сыйхынбай баланың сенгіштігін, әкесін құтқару үшін кез-келген қиындыққа төзуге дайын екенін түрінен танытты. Жанындағы жанашырларының шоқындыру сөзін естіген кездегі шошынулары Тұрар санасына ерекше ықпал еткенін де актер шынайы көрсетті. Екеуінің бетіне жалтақтай қарап, үнсіз тыңдаған зерек баланың іштей ой түйгенін жанарымен ұқтырады.  

         Әкесі Сібірге айдалып кеткен соң, нағашыларына қашқан баланың еріксізден Қырғызбаев болып тегін өзгертуі де режиссерлік оқылымда оңтайлы шешілген. Сахна ортасына келіп «мен - Тұрар Рысқұлұлымын» деген кезде көпшілік сұқ саусақтарын ауыздарына қойып, «айтпа» деген белгі береді. Ал, «Мен - қырғыз емес, қазақпын» дегенде көпшілік құлақтарын жауып, теріс айналады. Осы кезде бала Тұрар көпшіліктің арасына сіңіп кетеді де оның орнына орыс басқыншыларының қолына түскен ересек Тұрар – Н.Искендиров шығады.

           Режиссер Рысқұл ролін ойнаған актерге Тұрардың ересек кезін және Приходька ролін сомдаған С.Арипхановқа  Аркади Приходьканы ойнатудан көп ұтқан. Бұл арқылы әке мен баланың сыртқы ұқсастықтары ғана емес, әкелер бастаған істің ұрпақ арқылы жалғасын табатындығы туралы ой айтылған.  Қойылым соңы Тұрардың халықпен бірге қалуымен аяқталады. Алайда, осы сахнаға режиссер  оның ел тағдырына, болашағына байланысты атқарған жұмыстарын әлі де қоса түскені жөн.

          Жоғарыда айтып өткеніміздей қойылымда Е.Қабдыл мен  Р.Билибаевтың бірлескен жұмысының нәтижесінен   хореографиялық әрекеттер  спектакльдің драмалық тініне әдемі үндескен.  Романда бірнеше бетке дейін көркем тілмен баяндалатын халықтың ауыр жағдайы қойылымда би тілімен нақты суреттелді. Спектакльдегі Тұрар мен Наташаның би дуэті бір-біріне ынтық болған жастардың романтикалық көңіл-күйімен біте қайнасып, олардың өмірге деген құштарлықтарын аңғартады. Бидің әсерлі болғаны сондай бүкіл көрермендер шын ықыласпен қол соғып, актерлер шеберлігінің жаңа қырына тәнті болды.

        Наташа роліндегі Ж.Ябаева жас қыздың нәзіктігін, ұяңдығын және Тұрарға деген балалық махаббатын әр қимылымен, сөйлеген сөздерімен жеткізді. Актриса өзінің пластикалық мүмкіндігінің мол екендігін айрықша көрсетті. 

        Спектакльде Надзирательді сомдаған Ә.Үкібаевтың кейіпкері тым әпербақан, ақымақтау болып көрінді. Біздіңше, оның ойынында түрме күзетшісіне тән қатал мінез бен салқынқандылық жетіспейді. Актер өз қаһарманының тұлғасын айшықтандыра түсетін қосымша бояулар таба түсуін қалар едік.

        Қорыта айтқанда, театр ұжымының бұл қойылымы тың режиссерлік шешімдермен бірге, актерлік ансамблінің тұтастығымен ерекшеленді. Әсіресе, «Елім-ай», «Сағынғанда бір келерсің» әндерінің хормен айтылуы қойылымның поэтикалық сазының күшеюіне мол ықпал еткен. Сол сияқты би сахналарының актерлер тарапынан кәсіби деңгейде орындалуы да қойылымның көзкөрімдік әсерін күшейте түсті. Сонымен, Тұрар Рысқұлұлының балалық шағы мен азаматтық қалыптасуы туралы сыр шертетін аталмыш спектакльді көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.

 

                                                              Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану докторы,

     Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

        өнер академиясының профессоры, театртанушы.

08.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 10396
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 10477
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 25511
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 24184
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 27664