ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сертификатталған мамандар университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмайды, тапса да орналаса алмайды. Жұмыс беруші жас маманнан жұмыс өтілін сұрайды, ал түлек тек теориялық біліммен ғана шектеледі.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың I тоқсанында халықты жұмыспен қамту іріктемелі зерттеуінің қорытындысы бойынша 15 жастан асқан жұмысшылардың саны 9,3 млн, яғни 65,7% құрады. Жоғары және орта кәсіптік білімі бар 7,9 млн, ол 89,1% , оның негізгі үлесі – 67,3%, 5,9 млн адам 29-54 жастағы адамды құрады. 15 пен 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9% құрады. Дипломы бар жастарды жұмыспен қамту мақсатында елімізде бірнеше бағдарламалар іске асырылған. Солардың бірі – жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі. Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мемлекеттік және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен бірлесіп, 8 шілде күні ЖОО және колледж түлектері үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналастыру. Шарада 60 кәсіпорын білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, туризм, ІТ және телекоммуникация, мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктер және сауда саласындағы ірі бизнес өкілдері жастарға 2000 бос жұмыс орындарын ұсынды.
«Жастар жәрмеңкесі, бұл – өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындары нарығын зерттеуге және бірнеше жұмыс берушімен тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндіктердің бірі. Бірнеше кәсіпорындарға өз түйіндемемді көрсеттім. Алда жұмысқа орналасып кететініме сенімдімін», – деді жас түлек Бекжан Аликұлы.