Солтүстікке серпін берген кәсіпорын

Солтүстікке серпін берген кәсіпорын

Солтүстік Қазақстан облысындағы тасы өрге домалаған кәсіпорындардың бірі – алдыңғы қатарлы қазақстандық «Alageum Electric» холдингінің құрамына кіретін «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС. Солтүстік Қазақстан облысының және жалпы еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған кәсіпорынның ерекшелігі – жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз етіп, үнемі оқыту және біліктілігін жетілдіру жолында аянбай еңбек сіңіруінде. Мұнда тіпті Кайдзен жүйесі енгізілген.

Солтүстік өңір үшін бірегей болып саналатын зауыттың құрылысы 2021 жылы аяқталған болатын. Осы жоба арқылы «Alageum Electric» Солтүстік Қазақстан облысына 10 миллиард теңгеден астам инвестиция құйды. Зауыттың негізгі бағыты – трансформатор өндірісі. Өнімнің қуаты – 6-10 Кв.

Мұнда жұмыспен қамтылған 200-ден астам адамның барлығы да үнемі өзін-өзі жетілдірумен шұғылдануға мүмкіндік жасалғанына дән риза. Зауыттың басқарма төрағасы Ерсұлтан Шәмшиевтің айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларын үздіксіз дамыту – жұмыстағы негізгі факторлардың бірі болып табылады.

«Біз өз қызметкерлеріміз үшін тұрақты түрде әр түрлі оқыту курстарын ұйымдастырамыз. Өндірістегі қызметкерлердің де біліктілігін үнемі арттырамыз. Сондай-ақ жұмыс барысына Кайдзен жүйесі енгізілді. Біздің кәсіпорында басшылардан бастап қарапайым жұмысшыларға дейін – барлығы үнемі өзін-өзі жетілдірумен айналысады. Мақсат – шығынсыз өндіріс. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «Toyota» сияқты ірі жапон компанияларында алғаш рет қолданыла бастаған жүйе өзінің оң нәтижесін бергені айдан анық. Кайдзен жүйесі біздің кәсіпорында да жақсы жетістікке жетуге сеп болуда. Жапон философиясы бізге тек басқару үрдісі мен өндірісті ғана емес, сондай-ақ әр адамның өмірінің барлық саласын үздіксіз жақсарта түсуге мүмкіндік береді», – дейді Ерсұлтан Шәмшиев.

Зауыт жұмысшылары оның шапағатын өз өмірлеріндегі оң өзгерістерге қарап бағалауда. Мәселен, инженер-технолог Қалыбек Азамат Түркістан облысынан көшіп келген. «Мен жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударуды көздейтін «Еңбек» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірден отбасыммен бірге көшіп келдім. Бұл жақта күн суық болғанымен, бізді жергілікті тұрғындар өте жылы қарсы алды, жұмыспен қамтамасыз етті, еңбекақымыз уақытылы төленеді, үстемеақысыз баспана сатып алуға мүмкіндігіміз бар. Өз басым кәсіпорын есебінен Ресейде білім алдым. Осының барлығы мемлекеттің саясаты арқасында мүмкін болып отыр деп ойлаймын: өйткені жаңа кәсіпорын іске қосылды, ендеше жаңа жұмыс орындары ашылды. Барлығы көңілімнен шығуда. Зауытта жоғарылау мүмкіндігі де бар. Ең бастысы – өз жұмысыңа адал болу», — дейді Қалыбек Азамат.
Жоғарылау демекші, зауытқа о баста инженер-құрастырушы болып жұмысқа орналасқан Асылжан Романов бүгінде – бас технолог. Ол да жұмыс өте қызғылықты, ұжым тату екенін тілге тиек етті.

«Зауытта жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Өсуге мүмкіндік бар. Соның бір мысалы – өзім. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз қызметкерлердің мансабы мен табысы олардың кәсібилігіне, жауапкершілігі мен ұтқырлығына байланысты болуы керек» дегенді айтып еді. Шынымен де қазіргі таңда өз тағдырымыз – өз қолымызда деп ойлаймын. Жақсы жұмыс істеп, жауапкершілік танытсаң, неғұрлым жоғары жетістікке қол жеткізесің», — деп Асылжан Романов «Jas Qazaq» тілшісімен өз ойымен бөлісті.

Зауыт өз жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз ететіндіктен, мұнда маман тапшылығы жоқ. Былтыр кәсіпорын өз қаржысы есебінен бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, қызметкерлерінің игілігіне тапсырды. Биыл қыркүйек айында 100 пәтерлі тағы бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмысшылар оның өзіндік құнын бөліп төлеп, үстеме ақысыз сатып ала алады. Мұнда оларға ыстық түскі ас та беріледі. Орташа жалақы – 300 мың теңге. Осындай әлеуметтік игіліктер мұнда кадрлардың тұрақтап қалуына сеп.

Халық арасынан шыққан осындай қарапайым адамдар бүгінде жылына 13 мыңнан астам өнім жасап шығарады. Петропавлда жасалған трансформаторлар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет елдерде де кеңінен қолданылуда. Баспасөз қызметінің мәліметінше, өнімнің 95 пайызы шетелге экспортталады.

«Солтүстік Қазақстан облысындағы жаңа кәсіпорынның құрылысы барысында өндірісті автоматтандыруға бағытталған ең заманауи технологияларға баса назар аударылғанын атап өткім келеді. Дәл осы Петропавл электротехникалық зауытында әлемдік көшбасшылардың заманауи жабдықтары орнатылды. Мәселен, Швейцарияда жасалған Bystronic компаниясының соңғы үлгідегі жаңа жабдығы қалыңдығы әр түрлі қаңылтырды өңдеуге арналған. Бұл модельдің артықшылығы сол, технологиялық қауіпсіздігі жоғары, уақыт аз шығындалады, энергия үнемделеді және тиімділігі жоғары.

Италиялық мақтаулы «Savim» компаниясының «Power & free» бояу желісі де Петропавлдағы зауытымыздан табылады. Заманауи желі адам факторын азайтуға және жоғары сапалы өнім жасауға мүмкіндік беретініне тоқталғым келеді. Италиядан әкелінген тағы бір жабдық бар: бағдарлама арқылы басқарылатын «LAE» құралы да аз қуат шығындап, Step Lap технологиясы бойынша пішіндеуге мүмкіндік береді», – деді «Alageum Electric» холдингінің баспасөз хатшысы Аида Баймақова.

Мұндай озық құрал-жабдықтың тілін табу үшін шет елдерден жоғары білікті мамандар шақырылып, жергілікті жұмысшыларды қыр-сырын меңгеруге үйреткен көрінеді.

Осылайша күні кеше ғана іске қосылған зауыт өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған іргелі кәсіпорынға айналды.

Роза Шәкенова, Солтүстік Қазақстан облысы
30.11.2023

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 772
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 618
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 663
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 596
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 621

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5595
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5039
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8207
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7233