Халқымыздың ардақты азаматы, қазақ поэзиясының ойшыл ақыны Қадыр Мырза Әли шығармаларының шоқтығы биік. Ол ғажап теңеулер келтіріп, философиялық ойлармен түйін түю арқылы қазақтың қара өлеңін заңғар шыңға шығарды.
Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған «Сөнбес сәуле» атты концерт жуырда «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты көру мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінде өтті.
Концертті бөлім өнерпаздарынан құралған «Ата мұра» ұлт-аспаптар ансамблі тамаша күймен ашқан соң, бөлімнің көркемдік жетекшісі Гүлмира Бөбешікова әдеби-сазды іс-шараны ақын өміріне шолудан бастады:
– Қадыр Ғинаятұлы 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты ауылында дүниеге келген. Бала кезінен жетім қалып, кедейліктің тауқыметін көріп өскен Қадыр ақын:
«Өмірімді ойлаймын күнімен де,
Өмірімді ойлаймын түнімен де:
Мен жалғызбын – жоқ жалғыз аға менде,
Мен жалғызбын – жоқ жалғыз іні менде.
Өмірдің бір қызығы – туысқан ғой,
Осылайша мазалар тоғысқанда ой…
Соның бәрі, о достар, әке жоқтан,
Әке жоғы – кешегі соғыстан ғой!» – деп жырлаған.
Қадыр Мырзалиевтің ең алғашқы оқыған кітабы «Қырық батыр» екен. «Бұл қарапайым халық оқитын ауылдағы ең сүйікті кітап болды. Онда қазақ халқының аңыздары мен қиссалары, эпостар мен ертегілер жазылған», – деп жазады ол бір естелігінде. Кішкентай Қадыр өлең жазуды 11 жасында бастаған, олары республикалық «Пионер» журналында жарияланған. Ақынның жазушылық қасиетін танытқан ірі еңбектері: «Иірім» мен «Жазмыш» – Адам атты жұмбақ жан иесінің тағдыр-талайына сын көзбен, соны көзқараспен қараған дүниелер. Тумысынан философ, әр өлеңі ақылды шешіммен түйінделген Қадыр мұрасы сонысымен құнды, мәңгілік.
Одан соң сөз алған қадірлі қонақтар – мәдениеттанушы Бердалы Оспан мен тіл жанашыры Рәбиға Үмбетбаева Қадыр ақын феномені жайлы толғанып, қызықты естеліктермен көрермен көңілін бір серпілтті.
Қарапайым адамдық құндылықтарды дәріптеген ақынның:
«Жал-жая ма?
Қадірлеген атамыз.
Коньяк па?
Аздап дәмін татамыз.
Бәрін қойып дастарханға,
О тоба!
Нан қоюды ұмытып кетіп жатамыз.
Бүгін көңіл семірді ғой,
Семірді!
Бітік егін жауып кетті өңірді.
Бір жүз грамм арақ емес,
Бір кезде
Бір үзім нан алып қалған өмірді», – деген өлең жолдары кез келген қазақтың жүрегін тербететіні шындық.
Бөлім әншілері: Бәтима Сағынғалиқызы, Әспеткүл Айтжанова, Светлана Тоқабаева, Айжан Жолдыбекова Қадыр ақынның өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқов әндерін шырқаса, бөлім жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов композитор Ескендір Хасанғалиевтің атақты «Атамекен» әнімен әсерлі кешті тамамдады.
Айжан ИСМАИЛОВА,
«Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты
көру мүмкіндігі шектеулі жандардың
мәдени демалысын ұйымдастыру
бөлімінің маманы