Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың сот төрағаларын, Сот алқаларының төрағалары мен судьяларын қызметінен босату және тағайындау туралы Жарлығы шықты.
Шығыс Қазақстан облыстық Сотының төрағасы болып Манат Көміршінов тағайындалды. Ол бұрын Атырау облыстық Сотының азаматтық істер жөніндегі Сот алқасының төрағасы болған. Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік Сотының төрағасы Бек Әметов бұрынғы қызметінен босатылып, Маңғыстау облыстық Сотына төраға болды. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағалығына Ербол Жанғазин тағайындалды. Бұрын ол Шымкент қалалық Сотының қылмыстық істер жөніндегі Сот алқасын басқарған. Алматы қалалық сотына екі судья келді. Олар – Ерлан Айтжанов пен Евгений Козлов. Сондай-ақ Тараз қалалық Сотына Алмаз Төлегенов төраға болса, Жезқазған қалалық Сотына Гүлім Шілдебаева басшылыққа келді. Ал Асхат Қайратбекұлы Шет ауданының №2 Сотына басшылық жасайды. Павлодар облысы бойынша да тағайындау бар. Мейрамгүл Әменова – Ақсу қалалық сотының төрағасы болды. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық Сотына Алтай Шарханов төрағалық етеді, ал Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық Сотына Динара Жармұхамбет басшылық жасайтын болды.
Президент жарлығында тағайындалған судьялардан да қызметінен босап қалған судьялар көп. Айталық, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі Сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов өз тілегі бойынша төрағалықтан кетті. Ол енді осы Соттың жай ғана судьясы болып қалды. Нұр-Сұлтан қалалық Сотының судьясы Асқар Сүлейменовтің қайтыс болды. Ал ШҚО Сотының судьясы Нағима Байбұрынова, Қостанай облыстық Сотының судьясы Гүлманат Артықбаева, Павлодар облыстық Сотының судьясы Валентина Фриман орнынан түсуіне байланысты қызметінен кетті. Алматы облысы бойынша екі судьяның орны босады. Іле аудандық Сотының судьясы Зарякүл Далабаева зейнеткерлік жасқа толуына байланысты босатылса, Ұйғыр аудандық Сотының судьясы Руслан Сүлейменов Соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуіне байланысты кетті. Алматы облысы Ұйғыр аудандық Сотының судьясы Р.Сүлейменов парамен ұсталды. Судья «үш айда 100 мың доллар көлемінде пара алған» деген күдікке ілінген-ді. Биыл мамыр айында сотталушыны Ұйғыр аудандық Соты ақтап шыққан. Алайда 3 қыркүйекте Алматы облыстық Соты Ұйғыр аудандық Сотының шешімін бұзып, айыпталушыны «пара алу» бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырған. Р.Сүлейменов Ұйғыр аудандық сотында 2013 жылдан бері жұмыс істеген. Бұдан басқа да еліміздің әр өңірінде он судья түрлі себептермен қызметінен кетті. Бұлардың арасындағы бір судья тағы да сол «Соттың айыптау үкімі күшіне енгендіктен» босатылған. Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Сот саласындағы ауыс-түйістер мұнымен тоқтамаса керек. Өйткені Сот төрағалары мен судьяларды бір жерде ұзақ отырғызбайтын тәжірибе бұрыннан бар. Сондай-ақ Сот саласындағы реформа да тек ауыс-түйіспен бітпейді. Сот жүйесі – үнемі өзгеріс пен реформаны талап ететін аса күрделі сала.