СТАМБУЛҒА САПАР

СТАМБУЛҒА САПАР
Мен махаббатымды елге тастадым, түгел түркінің сұлуы,
Қауырсынымды көлге тастадым, қызғыш құсымның жылуы.
Сағынышымды шөлге тастадым, арландарымның ұлуы,
Қапияда қарашаңырақтың бүлінбесін деп тұнығы.
Базарлық болсын баршаңа бозторғай ақын шырылы.
Қанында аттың дүбірі,
Жанында Хақтың Қыдыры,
Санасын самал тербеген,
Сары жебе садақпен, Сарыарқасын бермеген,
Атасы бірге ағайын, армысыңдар, қыр ұлы!
Ататүріктің Отаны –
Омырылған омыртқамның үзілмей қалған жұлыны,
Бауырын емген қасқырдың
Баһадүрлердің ұрығы.
Сапарыма сәттілік тіледім сағымдай көшкен жұртымнан,
Марғасқаларым мардиып қалды сыртымнан,
Қаратауларым құлпырған, қара шалдарым бір туған.
Бес қаруын түзетіп,
Әулиесін күзетіп,
Інілер қалды ізімде, найзағай сынды жұлқынған.
Аналар қалды ақ жаулық,
Жеңгелер қалды күлісіп,
Кемпірлер қалды құнысып,
Тұранға тұлға ұл туған.
Тарихы шерлі қайғы-мұң,
Зарыққан сәтте айдыным,
Тарыққан сәтте айбыным,
Ататүркі Отаны –
Ұлтымның уыз сәлемін, әкелдім Баба – жұртыңнан!
Қашағанның азуын көргің келе ме?.. –
Менің жусан жеген ұртымнан!
Көкмойнақтың құлыны ем
Шапқанда мін таппассың тұрқымнан.
Ерлік керек, Ер керек ендігі Қазақстанға...
Дәме етесің торғай мен қартайған Қарақұстан да.
Бөрілі байрақ Бабаның –
Сөзінде қалған шырынмын,
Көзінде қалған ғұмырмын,
Мың жылдық керуен тіздеген Алтайдан Адайстанға.
Жау жасқанған іргемнен,
Күлтегіндердің күңіренген
Шалқайған шаңырағымыз біз деген.
(Ұрпаққа жәннат іздеген...)
Батар күнде қаным бар.
Атар таңда Арманым!
Күміс арқан найзағай –
Асулы қалған қармағым, басулы қалған бармағым.
Түркінің түгел намысын
Ата жұртта қорғаған,
Атандай шөгіп орнаған, қайран да менің Шалдарым!..
Сөйлейді менің тастарым.
Сүртеді көзін аспаным.
Айтып-айтпай не керек,
Кебін киген кебенек –
Нарлығынан не пайда қатепті қара қасқаның.
(Қара көзі тәуелді қабағына басқаның)
Буынсыз шіркін тіл еді,
Білегін жырым түреді.
Жұмыртқасын Фарабилер шайқаған
«Өркениет» Өз тегіне күледі.
Кімдердің қанша тұрарын, бір Алла ғана біледі.
Мәдинада – Мұхаммед!
Түркістанда – Қожа-Ахмед!
Оғыландыда Пір-Бекет! –
Қабыл болғай тілегі.
Сабыр Адай
22.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 77
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 599
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 716
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 628
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 638

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8774
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8174
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11403
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9157
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10388