Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдық округтерде өткізіліп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалі бейсенбі күні қала маңындағы өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Гродеково және Жалпақтөбе ауылдарында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Екі елді мекеннің тұрғындары бейбітшілік пен келісімде, өзара достық қарым-қатынаста тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ауылдарда бір-бірін жатырқамайды, бөліп жармайды. Барлығының сөзі бір, тілегі бір, ол – ортақ шаңырағымыз Қазақстан, дамудың даңғыл жолына түскен киелі мекеніміз өсіп-өркендей берсін деген. Бәрі де тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына, этносаралық қарым-қатынастың нығая түсуіне, елге қызмет етуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жергілікті халықтың бірлік пен ынтымақта күн кешуіне мүдделі. Бұл біздің жеке ой-пікіріміз емес. Сол елді мекендерде құрметті де қадірлі Төребек Үсіпбеков, Сабри Асанов, Абдухалил Маюфи сынды ақсақалдардың айтулы шараның ашылуында айтқан салмақты да жүрекжарды сөзі.
Ауылдардағы мекеме-ұйым қызметкерлерінің фестивальға жақсы дайындалғаны көзге көрініп тұрды. Заманауи нақышта безендірілген сахна, кіреберістегі қолөнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық тағамдар қойылған ақ дастархан, өнерімен тәнті еткен өнерпаздардың киім үлгісі, сахнада өзін-өзі ұстауы, бәрі-бәрі құдды бір қазақтың ұлан-асыр тойында жүргендей әсер қалдырды.
Өнерпаздар патриоттық сарындағы әуезді әнімен, сондай-ақ түрлі ұлттың биімен, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын көрініс арқылы дәріптеуімен қарасы қалың болған жергілікті жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Олардың «Қазақстан жасасын!», «Тәуелсіздік жасасын!» деп ұрандатқаны көңілге қонымды, құлаққа жағымды естілді. Бұл – қазақ халқына деген шынайы сүйіспеншіліктің және үлкен құрметтің белгісі.
Фестивальда өнерлі жастар, жасөспірімдер, балдырғандар бой көрсетті. Олар сахна төрінде жекелей де, хормен де ән салып, флэшмоб билеп, шараның қызықты өтуіне біркісідей атсалысты.
Ауылдардағы мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев бастаған бір топ басшылар арнайы келіп қатысып, мәдениет ошағына жиналған көпшілікпен бірге концерттік бағдарламаны тамашалап қайтты.