Шудың да шырайы кірген

Шудың да шырайы кірген

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

Мойынқұмда туып, Шуда тамыр жайған мұқым елге мұғалімдік, журналисттік, қайраткерлік қырымен қызмет етіп, Ел анасы атанған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Журналистер одағының мүшесі, «Мөлдір бұлақ» балалар журналының, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы бойынша Шу ауданында болды. Сонымен бірге облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржас Құрмантаев та экспедиция аясында ауданымызға арнайы ат басын бұрды.

Меймандар жұмыс сапарын ең әуелі жаңадан соғылып жатқан оқушылар сарайының құрылысымен танысудан бастады. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов аталған нысан туралы толық баяндап, Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылуы жоспарланып отырғандығын атап өтті. Қонақтар құрылысқа жоғарғы бағасын беріп, ел болашағына жасалған жақсы қадам деп бағалады. Содан соң Ербол Еркінұлы экспедициялық топ мүшелерін өткен жылы ашылған №38 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі спорт кешенінің тыныс-тіршілігімен таныстырса, мекеме директоры Сайфудин Абдыманапов атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Жаңадан ашылған спорт нысанынан көптеген чемпиондар шығуына тілектестік білдірген Сәуле Мешітбайқызы мен Нұржас Нұржанұлы аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы Тірек мектебінде аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің директорларымен дидарласты.

Ұстаздармен жүздескен зейнеткер ұстаз білім, тәрбие, жастар, адамгершілік тақырыптарын талқылап, білгенімен бөлісті. Сонымен қатар мұғалімдер құқығы газетке жазылуымен түспейтінін тілге тиек етіп, барлық педагогтар басылыммен байланыс орнатуы тиіс деген ой айтылды. Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі екендігін ескерсек, осы мүшелерсіз адам өзін мүшкіл сезінетінін ұғуы керек. Сондықтан газетке жазылуы керек, оған жазу керек, оқу һәм оқыту керек деген тұжырымға келді кездесуге қатысқандар. Басылым мәселесі турасында жергілікті журналист Байжан Емберді де аудандық газетке жазылу науқаны жүріп жатқанын айтып, мұғалімнің мәртебесі біліктілігенде көтеріледі деді. Өйткені редакцияға ұстаздар қауымынан келіп жатқан кейбір хаттардың қатесін түзетуге тура келгені көңілді қынжылтады. Оқу арқылы жазу қалыптасады. Сондықтан аудандық басылымға жазылу арқылы өзімізді және өзгені тәрбиелейміз деген пікір айтты газет тілшісі. Салиқалы сұқбаттан соң аталған экспедиция мүшелерін аудан әкімі Н.Календеров қабылдап, қайраткер анаға құрмет көрсетіп, гүл шоғын табыстады. Әкім кабинетінде әдемі әңгіме өрбіп, аудандағы ахуал қысқаша баяндалды. Атқарылған жұмыстарды мәлім еткен Нұржан Сәбитұлы Сәуле Мешітбайқызына арнайы бөлген назары үшін алғысын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, кестелі орамалды тарту етті.

Түстен кейін экспедиция Алға ауылдық округіндегі Амангелді орта мектебінде болып, осы білім ошағының ұстаздарымен ұшырасты. Мұнда да мағыналы мәнді сөздер айтылып, елдің ертеңі бүгіннен басталады делінді. Ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар мойнына жүктелген міндет ауыр екендігін айтқан Сәуле апамыз мектеп ұжымына толағай табыс тіледі. Әрі баспасөзбен байланыс үзілмеу керектігін ескертіп, «Қолға қалам алып, көрген-білгенді басылымға жолдап отыруды әдетке айналдырған жөн», – деді. 

Бұдан кейінгі кездесулер Белбасар ауылындағы белгілі меценат Болат Оспанұлының демеушілігімен салынып, мемлекетке берілген заманауи  талаптарға толық сәйкес келетін спорт кешенінде жалғасты. Қонақтар №39 БЖСМ ішін аралап, балалардың жаттығуларына куә болды. Құрметті қонақтар кітабына тілек жазып, қолтаңба қалдырған Сәуле Мешітбайқызына директор Айдос Тамашаұлы жұмыс барысымен таныстырды. Спорт алаңдары мен жабдықталған залдарға, батыр аналар аллеясымен, сапалы футбол жабындысына таңдай қаққан қонақтар демеушінің ісін оң бағалап, батасын берді. Қонақтар Қордай ауданына бет алмас бұрын Белбасар ауылынан шыға берісте орын тепкен «Qyzylsha jer» ЖШС-не соғып, серіктестік директоры Амангелді Аяғановпен сөйлесті. Жаңбырлатып суару әдісімен жоғары жетістікке жетіп отырған серіктестік экспедицияға іргелі істерін атап өтіп, көрсетіліп жатқан қолдаудың мол екенін тілге тиек етті. Тек қана мамандар тапшылығы бар екенін айтқан А.Аяғанов механизатор, агроном т.б. ауылшаруашылық саласында білімі бар жастарды жұмысқа қабылдауға даяр екенін жеткізді. Қондырғылармен және оның қызметімен танысқан меймандар істеріне табыс тілеп, өңірде баламасы жоқ жұмыс деп бағасын берді.

Ал Балуан Шолақ ауылына ат басын бұрғанымызда «Қалқа» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Сағадат Мадалиев ветеринария, жайылым, егісік жер мәселесіне қатысты біраз күрмеулі мәселелердің шетін шығарды. Малдардың ауруына мониторинг жасау, індеттің ошағын анықтау, түліктерді сырғалау төңірегінде айтылған түйткілді мәселелерді бізбен бірге жүрген облыстық ветеринария басқармасының басшысы Н.Құрмантаев назарға алатынын жеткізді.

 

Байжан ЕМБЕРДІ
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 48
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 577
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 691
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 606
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 615

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8752
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8152
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11381
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9135
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10366