Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында елімізде қарқынды жұмыс басталып кетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде басымдық беріп көрсеткен болатын. Рас, соңғы уақытта еліміз бұл салаға айрықша көңіл бөлуде. «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе», – дейді Қ.Тоқаев.
Осыған сәйкес Президент Жолдауда біраз тапсырмалар берген еді. Бүгінгі таңда креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланғанын, өңірлер назардан тыс қалып отырғанына тоқталды. Яғни Президенттің айтуы бойынша дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі тиіс. «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын», – деді Қ.Тоқаев.
Президент тапсырмасына орай Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірігіп кешенді шара қабылдады. Сала басшысы Аида Балаеваның айтуынша, Шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету негізгі мақсат болып отыр. Бұны сала басшысы Аида Балаеваның өзі қолдап отыр. Үкімет осы кешенді жұмыстың нәтижесінде арнайы қаулы қабылдады. Қызметтің 40 түрі құжатқа сәйкес арнайы бөлшек салық режіміне өтті. Осыған байланысты бизнес КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды.
«Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2 пайыздан 4 пайызға дейін, ЖШС үшін 8 пайызға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді. Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдағанымызды атап өткім келеді. Ең озық елдердің (Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея) тәжірибесі креативті индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұмыс – саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл осы саладағы игілікті бастамалардың бірі деп білеміз», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ