Шығысқа шырай қосқан «Екі жұлдыз». Зағип жандардың республикалық байқауынан не ұқтық?

Шығысқа шырай қосқан  «Екі жұлдыз». Зағип жандардың республикалық байқауынан не ұқтық?

«Шіркін, ән  тау суындай сыңғырлаған,

Бір нәзік аңғартқандай сырды маған. 

Көзге жас мөлдіретіп, бойды ерітті,

Ән біткен болсын сондай сорғалаған.

Үніндей дауысы бар бұлбұл құстың, 

Сол бір үн жүрегіме қалдырды ұшқын.

«Әннің де естісі бар» деген Абай,

Болмайды бәрі бірдей алтын мыстың», – демекші,  есті әндерімен тыңдарман жүрегін жаулап жүрген мүмкіндігі шектеулі зағип әншілер арасындағы Республикалық «Екі жұлдыз» ән фестивалі жуырда Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында дүркіреп өтті. Бұл жолы тоғызыншы мәрте өтіп отырған байқау-фестиваль шығысқазақстандық композиторлар туындыларын екі дауыста шырқауға арналды.   

Жалпы, зағип жандардың шығармашылық дуэттері арасындағы республикалық байқау жыл сайын түрлі облыс орталықтарында өтіп, өнер сүйер қауымның асыға күтетін жарқын дәстүріне айналды. Бұл ізгі шараны 2016 жылы ағайынды зағип әншілер Бәтима Сағынғалиқызы мен Нұрбек Сағынғалиұлы ойлап тауып, алғаш рет Алматы қаласында іске асырған еді. Содан бері Бас жүлдені жеңіп алған әнші дуэт келесі жылы аталмыш байқауды өз облысында өткізу құрметіне ие болатын.  Сол қиялы жүйрік, арманы биік ағайындылар жетекшілігіндегі «Өнер бұлағы» қоғамдық қорының бастамасы Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қолдауы арқасында сұлу Шығыста жалғасын тапты. 

Байқаудың мақсаты айқын: зағип жандардың жеке әншілері арасында сұлулықты, күш пен талантты көрсету арқылы салауатты өмір салтын және рухани кемелдікке ұмтылысты насихаттау, вокалдық дуэттер арасындағы шығармашылық байланыстарды кеңейту, талантты жандарды  іздеу және анықтау, вокалдық ұжымдармен жұмыс істейтін мамандарды жетілдіру және қолдау т.б.

Қатысушы дуэттер өздеріне қойылған талап бойынша мемлекеттік тілде Шығыс Қазақстан композиторларының әнін орындайды және екінші айналымға өтіп жатса, өздері қалаған әнді шырқауға тиіс. Сонымен үш ай бұрын жарияланған байқау ережесіне сәйкес сақадай-сай дайындалып келген өнерпаздар Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының концерт залына жиналды. Алдымен қонақжай шаңырақ иелері бірнеше облыстан ат арылтып жеткен әріптес достарын құшақ жая қарсы алып, қызыл кілем үстімен жүргізді.   

Кең де жарық концерт залына жайғасқан қонақтар мен көрермендерге фестиваль ұйымдастырушылары – «Көзімнің қарасы» Қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, әнші, «Екі жұлдыз» VІІ фестивалінің «Көрермендер көзайымы» жүлдесінің иегері, 2024 жылғы «Екі жұлдыз» тұңғыш халықаралық фестивалінің лауреаты, «Қазақ мәдениетінің қайраткері», «Жыл адамы» атағының иесі Мағзат Насиғазыұлы Мұқашев пен әнші, «Қазақ өнерінің қайраткері», «Көзімнің қарасы» Қазақстандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары, «Екі жұлдыз» халықаралық І фестивалінің лауреаты, «Таңғы арай» тобының жетекшісі Динара Мұратбекқызы Әбілқайырова алғашқы құттықтауларын жеткізіп, фестивальді ашық деп жариялады. Одан соң «Байтақ» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Алмас Әжібекұлы фестивальге қатысушылар мен демеушілерге алғысын білдіріп, ұйымдастырушылар өңіріне «Байтақ» партиясының мүшелік төсбелгісін тақты.

Сахнаға Республикалық «Екі жұлдыз» жобасының директоры, кинорежиссер, документалист, әнші, актер, ҚР мәдениет қайраткері Ғазизхан Ибрайханұлы Әділханов пен «Екі жұлдыз» идеясының авторлары – Бәтима  Сағынғалиқызы мен Нұрбек  Сағынғалиұлы шығып, алыстан ат арылтып жеткен өнерпаздарға сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі. Ал көрші Қырғызстаннан келген қонақтар – былтыр тұсауын кескен Халықаралық «Екі жұлдыз» байқауының лауреаттары Марс Джакупов пен Эрнисбек Жұмағұлов сахна төріне баян мен домбырасын құшақтай шығып, Әйгерім Жүрекбаеваның сөзіне жазылған композитор Қайса Есмұратовтың «Астанам мен Алматым» және Елдос Құлжабаевтың «Жалшиым» әндерін көпшілікке ән шашу ретінде ұсынды. Қонақкәдеге ризашылығын білдірген Мағзат Мұқашев айыр қалпақты ағайындардың иықтарына шапан жауып, жүрекжарды сый-құрметін көрсетті. 

Байқаудың негізгі бөлімі де басталды. «Шын жүйрік тосылмайды жарысқанда» демекші, байқауға бақ сынауға келген әнші дуэттер: Асылбек Қуанышқалиев пен Динара Ешниязова (Алматы), Алғысбек Дәуен мен Ерхат Тәжібаев (Тараз, Талдықорған), Бақдәулет Құрал мен Гүлсара Қаттабекова, Қонысбай Медеубай мен Алуа Ерғалиева (екі жұп та Шымкенттен), Гауһар Ғабдуллина мен Эмина Высочинская (Қарағанды), Рустам Шамбузов пен Камила Кенжалиева (Атырау), Марат Алиасқаров пен Әсем Хасенова, Медетбек Қырым мен Жанел Жанұзақова (Семей), Серік Қабышев пен Жанар Ислямова, Денис Ишунин мен Наталья Зубенко (Өскемен) жеребе бойынша кезектесе сахнаға көтеріліп, өнерлерін көрсетті. 

Ал сайыскерлер өнерін әділқазылар: Ғазизхан Әділханов, Нұрбек Ғизатов және Халықаралық ән байқауларының лауреаты Думан Жақанбаев, «Самғау» мәдени қызметті және жаппай спортты дамыту орталығының музыкалық жетекшісі Ирина Барабаш және Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы директорының орынбасары Альбина Уанова сынды өнер жанашырлары саралап, бағалады.

Иә, өнер де бапты сүйеді. Сайыс барысында бабы мен бағы келіскен төрт жұптың суырылып алға шыққанын көрермендер анық байқады. Әділқазылар екінші кезеңге өткен сайыскерлерді анықтағанша, ұйымдастырушылар Мағзат Мұқашев пен Динара Әбілқайырова халық сүйіп тыңдайтын «Шалқыма», «Аппағым» әндерін шырқап, көпшілік көңілін бір серпілтті. Түскі үзілістен соң бірінші кезеңнен сүрінбей өткендер есімдері аталып, сайыстың алғашқы күні де қорытындыланды.

Асыға күткен келесі күнгі гала концертте өңір өнерпаздары: ҚР Композиторлар одағының мүшесі, республикалық байқаулардың 15 дүркін лауреаты, «Spring music time» халықаралық байқауының лауреаты Темірлан Оралбекұлы және жас әнші Жасұлан Ермек ШҚО композиторы Қайырбек Оразбековтың «Қарындасқа», «Әнімді саған арнадым» әндерін құйқылжыта шырқады. 

Жеңімпаздар марапатталатын салтанатты сәт те келіп жетті. Өскемен қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмас Болатұлы Нұрғалиев Республикалық «Екі жұлдыз» ІХ ән фестивалінің Бас жүлдесін кәсіби орындаушылық шеберліктерімен шашасына шаң жұқтырмаған атыраулық әншілер Рустам Шабузов пен Камила Кенжалиеваға ұсынып, «Екі жұлдыз» ескерткіш мүсіншесімен және арнайы диплом, сондай-ақ 250 000 теңгенің сертификатымен марапаттады. 

Бірінші жүлделі орынға лайық деп танылған қарағандылық Гауһар Габдулина мен Эмина Высочинскаяға арнайы диплом мен 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табыс етілді.   Екінші орынды қанағат тұтқан Талдықорған мен Тараздан келген таланттар, талай сайыста топ жарып жүрген Алғысбек Дәуен мен Ерхат Тәжібаев 100 000 теңгені қанжығаларына байласа, үшінші орынды місе тұтқан семейлік Медетбек Қырым мен Жанел Жанұзақова 50 000 теңгеден сыйақы алып мәз-мейрам болды. 

Марапаттау рәсімі мұнымен біткен жоқ, әділ-қазылар алқасының төрағасы Ғазизхан Әділханов фестивальді ұтымды ұйымдастырған Динара Әбілқайыроваға  «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы тағайындаған «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісін, ал Бәтима Сағынғалиқызына қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісін тапсырды. Тамаша ән байқауы шығыстың әнұранына айналған жергілікті композитор Болат Әшербаевтың «Тарбағатай таулары» әнін хормен айтумен тамамдалды.

Фестивальді қазақ және орыс тілдерінде Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының креативті индустрия бөлімінің басшысы Рахат Сәрсенбекұлы мен концерттерді ұйымдастыру бөлімінің маманы Ирина Тримасова жүргізді.

Осылайша биылғы «Екі жұлдыз» фестивалі де аяқталды. Залда тамашалаушы көрермен қарасы аз болса да,  ән мерекесі мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына жылу, көңілдеріне демеу сыйлады. Қайырымы мол қоғамның арқасында олардың келер күндерге деген үміті мен сенімі өшпей, өмірге құштарлығын оятар өнерге деген сүйіспеншіліктері арта бермек. Сондай-ақ, аталмыш фестивальдің осынау жоғары деңгейде өтуіне шарапат шуағын төгіп, қонақтарды ерекше қонақжайлылықпен қарсы алған Өскемен қаласының әкімдігі ұжымына, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, Ернар Маратұлы Демеубаев басқаратын «Самғау» мәдени қызмет пен бұқаралық спортты дамыту орталығына, жарыстан тыс қонақтарға мәдени-көпшілік істердің ұйытқысы болған асаба Ермек Қалиев пен оператор маманға алғысымыз шексіз. 

Гүлжанат ШОНАБАЙ

 

31.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16524
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16375
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31551
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30169
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33763