Өткен аптада тосыннан келген дауыл Тараз қаласының коммуникациялық тораптарына, инфрақұрылымға біраз зардабын тигізді. Тіпті соның салдарынан осы кезге дейін электр энергиясысыз, газсыз отырған көшелер де болды. Өйткені жұмыс ауқымы өте көп. Соған қарамастан тиісті мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп, бүлінген дүниені барынша жедел жөндеуге, қалпына келтіруге тырысып-ақ жатыр.
Тараз қаласында 17 қараша күнгі дауылдың салдарынан құлаған талдарды және сынған бұтақтарды кесу бойынша қала аумағында 17-21 қараша күндері аралығында жалпы саны 170 тал кесіліп, орындары тазартылды. Кесілген талдардың көлемі 406 текше метрді құрады және мұқтаж тұрғындардың өтініштері негізінде қысқы мезгілге жағу үшін таралтылып берілуде. Аталған жұмыстарға 4 бригада және 10 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар құлаған ағаштардың мекенжайлары анықталған жағдайда да тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
17 қарашадан бері электр энергиясы бойынша жалпы 765 арыз өтініш келіп түсіпті. Бүгінгі таңда 753 арыз өтініш орындалды. Жалпы, бұл жұмысқа 29 бригада жұмылдырылған. 67 көшедегі электр желілері қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда. Қосымша 22 қараша күні халықтан 97 арыз шағым түскен.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы жоғары кернеулі электр желілері бүгінгі таңда 100 пайыз қалпына келтірілді. Қаладағы барлық алқаптардағы трансформаторлық тораптарға 100 пайыз электр энергиясы берілді.
Желдің салдарынан құлаған 18 бағана толық қалпына келтірілді. Жеке үйлерге баратын электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына 35 бригада тартылды. Олар негізгі көшелердегі электр желілері мен бағаналарын қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған.
Жылу беру бойынша да біраз шаруа атқарылды. 5 қазандық іске қосылды (100%). Газ мәселесіне келсек, 226 абонент қосылды (100%)
Бағдаршамдар да аз қирамады. Кейбіріне ағаш және өзге де заттар зақым келтірсе, кейбірі электр қуатының жоқтығынан істен шыққан. Шамамен қырыққа жуық бағдаршам істен шыққан болатын. Қазір іске қосылып, қалыпты жұмыс істеп тұр.
20.11.2021 жылы 8 бағдаршамды іске қосу жоспарлануда.
«РЭС» мекемесі және «СМЭУ Автотранссигнал» тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Аялдамалар туралы: 13 аялдаманың барлығы қалпына келтірілді.
Шығындар бойынша есептеулер жүргізілуде.
Барлық коммуналық кәсіпорындар мен мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда
Сондай-ақ, қатты желден облыста барлығы 49 адам медициналық көмекке жүгінген. Тараз қалалық көпбейінді ауруханаға 41 адам қайырылып, түрлі жарақаттармен жүгінген. Төртеуі стационарға жатқызылды. Медициналық көмекке жүгіндердің басым көпшілігінің үстіне терезе, қақпа сынды ауыр заттар құлап, түрлі дәрежедегі бас, аяқ-қолдарының сынығы жарақаттарын алған. Өкінішке қарай үйдің шатырынан құлаған 2004 жылғы жас жігіт ауруханаға жетпей қайтыс болды.