«Шахмат – ақыл-ойды дамытудың гимнастикасы» деп бекер айтылмаған. Осы зияткерлік ойынның жеке тұлғаны қалыптастыруда, әсіресе жас ұрпақтың ұстамды және ізденімпаз болып, ойлау қабілетін арттыруда, білім мен ғылым биігін бағындыруда алатын орны ерекше. Шахмат – ең алдымен өнер, ғылым, спорт. Интеллектуалды ұлт болып қалыптасуымызға бұл ойынның әсері мол. Интеллектуалды ұлт болуымыз үшін интеллектуал жеке адамдарымыз көп болуы шарт. Бұл ретте интеллектуалдық ойынды дамытуға күш салынғаны абзал. Облыс көлемінде осы зияткерлік ойынды өрге бастырудың нақты қадамдары жасалуда.
Жамбыл жерінде осы спорт түрін барынша дәріптеп, насихаттап, дүйім жұртқа үлгі боларлық беделді бәсекелер ұйымдастырып, қалың еліне паш етіп жүрген бір әулет бар. Ол – Қожамжаровтар әулеті. Отағасы Пернеш Сәдуақасұлы ағамыздың осы өнердің өрге басуына мол үлес қосқандығын айта кету керек. Ол кісі шахматты жан-тәнімен сүйіп қана қоймай, бұл ойынды басқа өнерден жоғары қойып, оған шаң жуытпай қадірледі. Шаршы тақтадағы шайқастардың қалың ортасынан табылып, талай мәрте мерейін асырып, мәртебесін биіктетіп жүрді. Шахмат ойнаумен өткізген мезгілдер оның өмірінің ең шуақты кезеңдері болатын. Пернеш ағамыз Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының түлегі. Осы оқу орнын ойдағыдай тамамдап, жолдамамен облыс орталығындағы ет комбинатында еңбек жолын өндіріс шебері болып бастады. Кәсіпорында өзін көрсеткен жас маман кейіннен аға шебер, технолог, директордың орынбасары секілді жауапты қызметтер атқарды. Зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға араласты. Көбіне шахмат өнерін өзіне жансерік етті. Осы ойынмен ғұмырын әдемі жалғастырып, тартысты да қызықты бәсекенің өрнегін көрсетті. Жақсы қасиеттерімен ел есінде қалды. Жұбайы Әтіркүлмен 45 жыл бірге өмір сүріп, 66 жасында дүниеден қайтты. 7 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды азамат қатарына қосты. Ардагер ағамыздың ұлы, белгілі кәсіпкер Қуат Пернешұлы бұл турнир туралы өз ойымен бөлісті. – Асқар таудай болған әкеміз орны бөлек азамат еді. Білімге ерекше ден қойып, өсер елдің азаматы болуға, игілікті шаруаның тұтқасын ұстауға, үлкен мақсаттар биігінен көрінуге тәрбиелеген еді. Ата-ана аманатына адал болып, үміттерін ақтауға күш салып, тер төгіп келеміз. Әкеміздің ақыл мен парасатқа толы өмір жолы, қажырлы еңбегі мен тындырған істері біз үшін биік мұраттарға бастайтын тура жол өнегесі болып қалды. Ол кісінің шахматқа деген құмарлығы айрықша болатын. Өзінің достары мен жолдастарын жинап алып, бірнеше сағат бойы шахмат бәсекесін қыздыратын. Терең ойлау қасиеті мен жан дүниесінің тазалығына тәнті болып өстік. Әкеміз Тараз қаласында жасөспірімдерге арналған шахмат мектебін ашуды армандап кетті. Біз сол мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. 2026 жылға қарай жаңа ғимараттың тұсауы кесілмек. Келесі жылы бұл бәсекені халықаралық турнир деңгейінде өткізсек деген ойымыз бар. Бүгінгі өткізіліп жатқан дәстүрлі ашық турнир әкеміздің биік рухына деген құрмет деп білемін, – деді Қуат ініміз. Өткен аптада Тараз төрінде Пернеш Қожамжаровты еске алуға арналған жылдам /рапид/ шахматтан дәстүрлі 8-облыстық ашық турнирі өткізілді. Екі күнге созылған бұл аламан сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді мемлекеттерден 350-ге жуық шахматшы қатысты. Былтыр қатысушылар саны 230 болатын. Ерлер арасында Қырғыз елінен келген Елдияр Оразбаев топ жарды. Алматы қаласының өкілі Бақтияр Асқаров пен қырғызстандық шахматшы Ораз Шоназаров 2 және 3-орындарды бөлісті. Әйелдер арасындағы бәсекеде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, шымкенттік шахматшы Зейнеп Сұлтанбек жеңімпаз атанды. Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, жамбылдық шахматшы Мәдина Дәулетбаева 2-орынды, Тараз қаласынан сынға түскен Аяна Наурызбай 3-орынды иеленді. Ардагерлер арасында алматылық Марат Пірімбетов үздік көрінсе, жамбылдық шахматшылар Берік Нұрымов пен Тынышбек Кембай 2 және 3-орындарды қанағат тұтты. 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында өткен жылдам ойында тараздық Әлихан Сарман ешкімге дес бермеді. Қырғызстандық Ақтілек Асыранқұлов пен тараздық Жаннұр Мұхтар жүлдегерлер атанды. Қыздар арасында жамбылдық Бибісара Абылайқызы жеңістің биік тұғырынан көрінді. Тараз қаласының өкілі Әмина Әминова мен қызылордалық Алина Ерболатқызы 2 және 3-орындарға ие болды. Бішкек, Алматы және Кентау қалаларының өкілдері 10 жасқа дейінгі тартыста үздіктер қатарынан көрінді. Қыздар арасында Бішкектен келген Әлия Темірбекова жеңімпаз атанса, тараздық шахматшылар Мерей Қалдыбек пен Раяна Күзембаева жүлделі орындарды бөлісті. Осынау аламан жарыста Пернеш ағамыздың 9 жасар шөбересі Садуали бұл жолы 5-орыннан көрінді. Бұл жарыс деңгейінің және жүйріктер қатарының өскендігін білдірсе керек. Шымкент, Кентау және Қызылорда қалаларының жас өрендері 8 жасқа дейінгі бәсекеде жүлдегерлер қатарын толықтырды. Қыздар арасында шымкенттік Аделина Нұрханқызы топ жарса, тараздық Медина Сарымамудова мен шымкенттік Айару Нұрбол жүлдегерлер атанып, мерейлерін үстем етті.
Облыстық шахмат федерациясының төрағасы Әлібек Утеулиев пен Пернеш Сәдуақасұлының ұл-қыздары жеңімпаздарды құттықтап, дипломдар мен медальдар тапсырды. Жарысты ұйымдастырушылар мен шахмат жанкүйерлеріне алғыстарын білдірді.