Бейсенбі күні Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Тараз қаласының даму стратегиясы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте шаһар басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Ержан Жұматұлының айтуынша, қала тұрғындарының сұранысы негізінде инфрақұрылымды дамытудың 3 жылдық жол картасы бекітіліпті. Жол картасына ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін көше жолдарын жөндеу, жарықтандыру, су құбырын жүргізу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары енгізілген.
– 2021 жылы инфрақұрылымды дамытуға барлығы 38,8 миллиард теңге бөлініп, жүзден аса жоба жүзеге асты. 1,6 миллиард теңгеге 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 48,7 миллион теңгеге 39 қоқыс алаңшасы жөндеуден өтті. 194,3 миллион теңгеге 41 көшенің 35,1 шақырымы жарықтандырылып, 111,3 миллион теңгеге 11,4 шақырымды құрайтын су және кәріз желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір 530 шақырым арық жүйесі ағын сумен қамтамасыз етілді, – деді Ержан Жұматұлы.
Тараз қаласына қосылғаны 10 жылдан аса уақыт өтсе де Құмшағал, Шөлдала, Көлтоған, Қызыл-Абад, Казарма тұрғын алқаптары мен 28 саяжайға электр желілері тартылмаған болатын. Мыңдаған тұрғынды толғандырған мәселе өткен жылы шешімін тапты. Демек электр желісі аталған алқаптардағы 25 мыңнан астам тұрғынға қолжетімді. Бүгінде Жиделі, Көлтоған алқаптарын электр желілеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін 28 саяжайды ретімен қосу жұмыстары іске асады.
Спикер қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 120 миллион теңге бөлініп, қаланың арық желілері механикалық тазалаудан өткенін хабарлады. Сонымен қатар, 265,4 миллион теңгеге жаңа стандарттарға сай, заманауи, әртүрлі жастағы балаларға арналған 14 аула абаттандырылған. 97,2 миллион теңгеге 10 кіші футбол алаңшаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 70,2 миллион теңгеге қаланың шеткі аймағында орналасқан алқаптарға 4 кіші футбол алаңшасы орнатылыпты. Нәтижесінде 2 300 жеткіншектің спортпен шұғылдануына жағдай жасалған.
– Биыл Тараз қаласында 60 миллиард теңгеге 450-ден аса жоба жүзеге асады. Оның 3,7 миллиард теңгесіне 8 білім беру нысаны салынады. Нәтижесінде 10 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалып, 3 ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі.
2,4 миллиард теңгеге 1 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік сала нысаны салынады. Бұл жұмыстар 5 мыңға жуық тұрғынның сапалы медициналық қызмет алуына, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ 6,2 миллиард теңгеге 15 инженерлік-инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіледі. Мұның нәтижесінде 40 мыңнан астам қала тұрғыны ауызсумен қамтамасыз етіледі. Таза сумен қамту үлесі 91 пайыздан 99 пайызға дейін артады. 4,5 миллиард теңгеге 5 инженерлік-инфрақұрылым нысандары бойынша нақтылауға бюджеттік өтінімдер ұсынылды, – деді Ержан Жұматұлы.
Сондай-ақ Ержан Жұматұлы 20,9 миллиард теңгеге 42 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Биыл Тараз қаласында 1,1 миллиард теңгеге электр бағанасы бар 124 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады. Нәтижесінде жарықтандырылған көшелер саны 22 пайыздан 31,5 пайызға дейін жетеді. 25 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасы артып, қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді деп күтілуде. Жалпы Тараз қаласында барлығы 1 330 көше болса, 293-інде жарық шамдары орнатылған.
Әкімнің айтуынша, 2,04 миллиард теңгеге 34 көшеге орташа жөндеу жүргізілмек. Бұл жақсы жағдайдағы асфальт жолдың үлесін 86 пайыздан 94 пайызға дейін жеткізеді. Сонымен қатар 2 миллиард теңгеге заманауи және соңғы үлгідегі 100 аула абаттандырылады.
Сондай-ақ биыл 3,4 миллиард теңгеге 59 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілмек. Тиісінше жөндеуді қажет ететін үйлердің саны 51 пайыздан 47 пайызға дейін азаяды. Жалпы алғанда Тараз қаласында 1 399 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 410 үй модернизациядан өткен, 716 үй жөндеуді қажет етеді, 273 үй жақсы жағдайда. Тағы 160 миллион теңгеге 2 жатақханаға сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіледі. Жоспар бойынша 10 тұрғын үйдің сыртына мурал салынады.
Одан бөлек, «Таразға тарту» жобасы аясында «Жеңіл атлетика» манежі, «Өнер үйі», «Бокс» орталығы, «Мұз» аренасы, «Волейбол» орталығы, «Үлкен теннис» орталығы, «Оңалту» орталығы, «Иппотерапия», «Визитцентр», «Жастар» үйі, «Неке қию» сарайы, «Ипподром» және ойын-сауық орталығын салу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп саласын дамыту мен инвестиция тарту саласы бойынша да 2022-2023 жылдары жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асырылғанда 1 024 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.