Расында да солай. Сонау Тараздан ауылшаруашылық техникаларын Меркі жеріне «арқалай» келген «Ансар-Агро» шаруа қожалығы да Мықанды төңірегінен 70 гектар жерді жалға алып, қант қызылшасын өсіріпті.
Алқап басында қарсы келіп жолыққан қожалық басшысы Микаэль мен оның бауыры Малик Хабибовтар амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
– Біздің қожалық біраз жылдан бері қант қызылшасын өсіріп келеді. Ортақ ой-пікірімізге келсек, біздің Тараздың айналасына қарағанда, Меркі жерінде көкөністің барлық түрін өсіруге бұл құт-мекеннің табиғаттық-климаттық потенциалы өте қолайлы. Сондықтан мол өнім алуға әбден болмақ. Сол себепті, біздегідей бұл өңірде де судың тапшылығы мәселесі барын алдын ала білсек те, көктемде келіп, жерге соқа салдық. Өзімізге бұрыннан таныс, өнім көрсеткіші жоғары келетін, електен өткен түркиялық «Турбато» аталатын тұқымды сепкенбіз. Бар болғаны 2 рет қана суарсақ та, өнім жаман емес. 1 апта болды, Түркияда шығарылған өзіміздің жаңа комбайнды жеткізіп, балтамыр қазуға қызу кірісіп кеттік. Жиналған өнімді Меркі қант зауытының қабылдау пунктіне өткізіп жатырмыз, яғни, Меркі жерінде жиналған өнім осы ауданның жоғары көрсеткіші үшін таразы басын басатыны анық. Көктемнен бері жергілікті 10 адамды жұмыспен де қамтамасыз еттік. Арнайы техникалар өзіміздікі болғанымен, жергілікті механизатор Т.Зубаревты жұмысқа тарттық, жүк көлігінің жүргізушісі Құралбай Ахметов және тағы басқалар да осы меркілік азаматтар – дейді, қосарлана.