ТӘРБИЕНІҢ ТӨРКІНІ – ЖАУАПКЕРШІЛІК: МЕРКІДЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАР

ТӘРБИЕНІҢ ТӨРКІНІ – ЖАУАПКЕРШІЛІК: МЕРКІДЕ ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАР

Қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтар – ұлттың болмысын сақтап қалатын ең сенімді қалқан. Әсіресе, ақпараттық толқын мен технология ықпалы күн сайын күшейіп жатқан қазіргі кезеңде бұл құндылықтарды жоғалтпай, жас буынның санасына сіңіру бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Қазақы дүниетанымның қайнар бастауын ауылдан іздеу бекер емес. Ұлттың діңгегі – ауылда, ал ұрпақ тәрбиесінің іргетасы да осы жерде қаланады.

Соңғы уақытта Әулиеата өңірінде жасөспірімдерге қатысты алаңдататын оқиғалар кездесіп қалып жүр. Бұл жайт қоғамның назарын аударып қана қоймай, мәселенің тамырына үңілудің қажет екенін көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі – тек мектеп пен ата-ананың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екені тағы да айқындалды. Дәл осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйімен танысу үшін киелі Меркі жеріне де ат басын бұрған едік.

Алдымен аудан әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Мейірхан Өмірбекпен кездесіп, ауданда жүргізіліп жатқан кешенді шаралар туралы кеңінен пікір алмастық. Оның айтуынша, аудан бойынша әкімдік, полиция, партия өкілдері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттарды қамтыған үш мобильді топ құрылып, олар прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, Меркідегі барлық 35 мектепті аралап шыққан. Әр кездесуде оқушылар, ата-аналар және ұстаздармен жеке-жеке пікір алмасулар өткізіліп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, әлімжеттікке жол бермеу, психологиялық қолдау көрсету, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүру, ойын-сауық орындарында болу сияқты мәселелер талқыланған. Мектеп әкімшіліктеріне нақты тапсырмалар беріліп, ата-аналар қауымына да түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Аудан әкімдігі «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында да тәрбие бағытындағы жұмысты күшейткен. Мейірхан Өмірбектің айтуынша, анықталған жағдайлар бойынша айына екі рет жоспарлы, қажетіне қарай кезектен тыс кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырыстары өткізіледі. Комиссияда көтерілген әрбір мәселе жеке қаралып, тиісті шешімдер шығарылады.

Тәрбиедегі ашықтық – Меркіде қолға алынған басты қағидалардың бірі. «Ауруды – өлім әшкерелейді» дегендей, мектептерге құқықбұзушылық фактілерін жасыруға жол бермеу туралы талап қойылған. Бұл мәліметтер ешқандай рейтингке әсер етпейтіні түсіндірілгеннен кейін білім беру мекемелері орын алған жағдайларды ашық айтуға көше бастаған.

Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесін көзбен көру үшін ауданның бірқатар мектептеріне арнайы бардық. Алдымен,  Жеміс-жидек ауылындағы №44 жалпы білім беретін мектепте болдық. Мектеп директоры Болатбек Қыстауов бастаған ұстаздар қауымымен әңгіме барысында еңбекке баулу бағытындағы жұмыстар ерекше назар аудартты. 1113 оқушысы бар, гимназия мәртебесіне ие оқу ордасының білім сапасы – 74 пайыз, ҰБТ-ның орташа балы – 86. 133 педагогтың 74 пайызы – жоғары білікті мамандар екен.

Мектепте тәжірибелік бағыттағы жобалар кеңінен дамуда. Соның ішінде «Будандық көшет тәлімбағы» эксперименталдық алаңы айрықша әсер қалдырды. Мұнда оқушылар ғылыми жобаларын қорғап, көшет өсіруді тәжірибе жүзінде меңгеріп жүр. Еңбекке баулу – тәрбие бастауы. Жастайынан еңбекке бейімделген баланың теріс әрекетке баруға, уақытын бос өткізуге ықыласы болмайтыны анық.

Одан кейін Сарымолдаев ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепке жолымыз түсті. Гимназия директоры Нүрила Қойшыманованың айтуынша, мектеп көпэтносты ортада орналасқандықтан, тәрбиелік жұмыстар ерекше мәнге ие. Соңғы жылдары «Әкелер құрылтайы», мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған «Тіл керуені» сынды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар заңға бағыну мәдениетін нығайту мақсатында «Жас сақшылар» кабинеті ашылған. Мұндай жобалар жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен жауапкершіліктің артуына ықпал етуде.

Әңгіме барысында ата-аналар мен педагогтар тарапынан оқу бағдарламаларындағы жүктеменің көптігі туралы пікірлер айтылды. Мектеп директоры өзінің отыз жылдық педагогтік тәжірибесіне сүйене отырып, оқу мазмұнын қайта жүйелеу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, балаларға ең қажет негізгі пәндерді қалдырып, ұлттық құндылықтарды күшейту – уақыттың талабы. Бұл пікірдің жаны бар.

Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде білім саласына жетекшілік еткен бірқатар министрлер өз бастамаларын енгізіп, оқу жүйесі түрлі өзгерістер мен реформалардың алаңына айналып кеткені белгілі. Шынында да, соңғы жылдары білім жүйесінің тым жиі тәжірибе алаңына айналуы мұғалімдер қауымын да, ата-аналарды да алаңдатып отырғаны жасырын емес. Осы ретте білім беру саласына тұрақтылық енгізіп, бірізді саясат ұстанатын кезең келгені жөнінде мектеп басшылығымен ортақ пікір қалыптасты.

Ұрпақ тәрбиесі – тек бір саланың жұмысы емес. Бұл – қоғамның, мектептің, отбасының және билік органдарының бірлескен міндеті. Меркі ауданында атқарылған жұмыстар осы бір жауапты істі жүйелеуге, жасөспірімдерге қолдау көрсетуге, ең бастысы – ұлттық тәрбиені заман талабымен ұштастыруға бағытталғаны байқалады.

Қазақы құндылықты сақтау – сөзбен емес, іспен дәлелдеуді қажет ететін міндет. Меркі жерінде жүргізілген шаралар осы қағиданың нақты көрінісі деуге болады. Ұрпақтың ертеңін ойлаған ел – ешқашан ұтылмайды. Бастысы – тәрбие мен жауапкершілік бір арнада тоғысып, бала болашағына бағытталған ортақ істер жалғасын тапса болғаны.

19.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 21233
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21012
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 36200
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34624
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38558