«Тарихи, әсем қаладан керемет әсермен оралдым»

«Тарихи, әсем қаладан керемет әсермен оралдым»

Оралдықтар күні кеше «Қала күні» мерекесін атап өтіп, көптеген мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралардың куәсі болды. Биылғы қала мейрамының мерейін үстем еткен іс-шаралардың бірі де бірегейі – Жайық жерінде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық «JaiyqFilmFest» қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі болды. Осы кинобайқауға талантты театр және кино актрисасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек арнайы келіп, әділ қазылар алқасының мүшесі болды. Бүгінгі қазақ сахнасы мен экраны арқылы көрерменнің сүйіктісіне айналған өнер иесімен аз-кем сұқбаттасып, осы сапардан алған әсерін білген едік.    

      – Алтынай Бауыржанқызы, бұл Орал қаласына нешінші рет келуіңіз?

– Бұл менің Орал қаласына екінші рет келуім. Осыдан 16-17 жыл бұрын біз Ақ Жайыққа Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы болып гастрольдік сапармен келген едік. Әрине, ол кезде бәріміз уыздай жаспыз. Сол кезде тарихи шаһарда ұмытылмастай он шақты күнді өткізген болатынбыз. Оралдық көрерменге өз қойылымдарымызды тарту еттік. Есесіне, Жайық жұртшылығының ерекше қошеметіне бөленгеніміз күні кешегідей көз алдымызда. Әсем қаланың әдемілігіне сүйсініп, Жайықтың жағасында болып, арқа-жарқа күйде аттанып кетіп едік.

Осы жолғы сапарым да мен үшін ерекше. Өйткені маған Оралда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық кинофестивальге қазылық ету бақыты бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, зор құрмет.

– Орал, Ақ Жайық дегенде қандай есімдер немесе тұлғалар ойыңызға оралады?

– Орал қаласы, Ақ Жайық мекені – керемет тарихи өлке ғой. Қалай десеңіз де, ең бірінші тарихтың тереңіне үңіліп, Бөкей хан мен Жәңгір хан секілді қазақтың ірі тұлғаларының есімін ойға аламын. Әсіресе, қазақ халқының мәдениетін, білімін дамытуға ерекше үлес қосқан Жәңгір ханның есімін атап өткім келеді. Сол кездегі орын алған тарихи оқиғаларды, өр рухты ақын Махамбет Өтемісұлы мен қайсар қолбасшы Исатай Тайманұлындай қос батырдың есімдерін де атамай өтуге болмайды. Қазақ тарихында бұл тұлғалардың шоқтығы қашан да биік. Одан кейін қазақтың «қыз Жібегі», Жайықтың «аққуы» Меруерт Өтекешова апамыздың, марқұм Ескендір Хасанғалиев пен Қадыр Мырза Әлі ағаларымыздың да орны бөлек. Жайықтың киелі топырағынан түлеп ұшып, қалың қазаққа танылған есімдер көп қой. Осындай асыл азаматтардың туған жері – Орал қаласына, Жайық жеріне мың да бір рақмет!

– Бұл сапарыңызда Орал қаласынан қандай әсермен оралдыңыз?

– Әрине, осы жолғы сапарымыздағы біздің басты мақсатымыз – кинобайқауға ұсынылған фильмдерді қарап шығып, әділ шешім шығару болды. Бірақ ұйымдастырушылардың шеберлігінің арқасында біз әділ қазылық жұмысымызды ғана атқарып қоймай, Оралдағы музейлерді араладық. Өзім бір қаланың ішінде осыншама көп мұражайдың болғанына қуандым. Сонымен бірге олардың бәрінің ерекше қарапайым көрінісі, көне болмысы маған айрықша әсер қалдырды. Ол жерлерден керемет күйге бөленіп шықтым десем болады. Соның ішінде қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейі қатты ұнады. Көзіме еріксіз жас келтіріп, ішкі дүниемде алай-дүлей төңкеріс болғандай әсер қалдырды. Оған қоса қазақта осындай батыр қыздың болғаны үшін біз үшін – үлкен мақтаныш. Дейтұрғанмен, өксік пен өкініш сезімі де болғанын жасырмаймын.

Расымен де, әркімнің өз «майданы» бар шығар. Мәншүк те дәл сол заманда туды. Өзінің Отанына, туған жеріне, ата-анасына деген махаббатын солай көрсетті. Ал қазір біз – бейбіт заманның ұрпағымыз. Мұражайдан шыққанда «біз де өзіміздің еліміз, өнеріміз үшін бар күш-жігерімізді аямай, солай адал еңбек етуіміз керек» деген ой түйдім.

– Оралда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі кинофестивальге қандай баға бересіз?

– Оралдағы «Қала күні» мерекесімен орайластырылған тұңғыш кинофестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қалаға үлкен серпіліс әкелгені сөзсіз.

Ең алдымен осындай тамаша кино мерекесін ұйымдастыруға ұйытқы болып, қолдау көрсеткен Орал қаласының әкімдігіне, қала әкімі Шыныбеков Абат Абайұлына ерекше рақмет айтқым келеді. Сонымен бірге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайырлиев Серік Ерболатұлы бастаған үлкен ұжымға алғысымыз шексіз.  

Небары екі күннің ішіндегі бағдарлама өте ауқымды болды. Бірақ бәріне үлгердік. Мұның барлығы – ұйымдастырушылардың, бізбен бірге жүрген волонтерлардың ортақ жұмысының нәтижесі. Оларға сол үшін де ризамын. Осы іс-шараның басы-қасында жүрген Алпамыс Шаримов бауырымызға үлкен рақмет айтамын. Сондай-ақ патша көңілді көрерменге ерекше риза болдық.

– Алтынай ханым, сөзіңізді оралдықтарға деген әдемі тілегіңізбен түйіндесек?

– Оралдықтарды ең алдымен сүйікті қалаларының төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай бай тарихы бар көне шаһар тұрғындарына амандық тілеймін. Әдемі Оралдай өлкеде тұрудың өзі – керемет мәртебе. Орал қаласы асқақтап дами берсін, жақсы күндері мен сүйіншілер жаңалықтары көп болсын. Жайдары күндерде қайта көрісуге жазсын! 

 

 

 

 

         

Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы
26.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

АРЫСҚА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 28.03.2024 58
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 107
ОТАНСЫЗ ЖЕТІМ, ДІНСІЗ БАҚЫТСЫЗСЫҢ
Нұрлан Байжігітұлы - 28.03.2024 34
АППАРАТТЫҚ КЕҢЕСТЕ
Шу ауданы әкімдігі - 28.03.2024 18

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 335
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6437
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8050
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6518
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6653