Жыл соңына қарай ақпарат беттерінде Ресейдің бас мүфтиінің «Ресейдегі мұсылмандардың көп әйел алу мәселесін заңдастыру» туралы айтқан сөзі жұрттың күшті аңысын қозғаған еді. Көп өтпей бұл мәселені құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселесінің жүзеге аспайтындығы туралы да мәлімдемелер таралып жатты. Яғни Ресей заңы көп әйел алу ісін заңдастырмайды деген ақпарат шыққан болатын. Дегенмен мұсылмандар көбірек қоныстанған республикалардың БАҚ-тары бұл тақырып туралы қоғам қайраткерлері мен дін өкілдерінің пікірлерін әлі де қоғам назарына ұсынып жатыр. 7 қаңтар күні «Татар информ» сайты «Жалил хазірет көп әйел алу туралы: Алланың бұйырғанын тексеруге ешкімнің құқығы жоқ» деген мақаланы жариялады.
Таратылған ақпаратта «Ресей Мұсылмандарының Діни Қадағалау Жоғарғы Кеңесі ресейлік мұсылмандарға бірнеше әйел алуға рұқсат етілген шарттарды белгілейтін пәтуа шығарды, бірақ Бас прокуратура көп әйел алу туралы пәтуаның Ресей құндылықтарына қайшы келетінін мойындап, күшін жойды. Бұл туралы Татарстанның бас қазысы Жалил хазірет Фазлиев өз пікірін білдірді», – деп жазады. – Құранда мұсылмандар үшін көп әйел алуға рұқсат етілген. Алла Тағаланың рұқсатымен басқа ешкімнің рұқсаты қажет емес. Осыдан кейін Құранда: «Әйелдердің әрқайсысын тең ұстаңдар, егер оларды тең көрмесеңдер, біреуімен ғана қалыңдар» делінген. Бұл «бес уақыт намаз оқы, арақ ішпе» деген сияқты. Бұған ешкім пәтуа бермеу керек, Құранда төрт әйел алуға болады делінген. Алла Тағаланың бұйырғанын тексеруге ешкімнің хақысы жоқ. Бұл пәтуаның қабылдануы ештеңені өзгертпейді, бірақ мемлекет басқа некелерді тіркеуге рұқсат берсе, бұл өзгеріс болар еді. Біздің көп әйел алуға Құран рұқсат, бірақ үкімет екінші, үшінші әйелді тіркемейді, олардың заң бойынша құқығы жоқ, бірақ үкімет тіркеуге келіссе, бұл әйелдердің құқығын қорғау болар еді. Екінші және үшінші әйелдің заңды құқығы болмағандықтан, олардың некелері АХАЖ-да тіркелмеген. Бұл пәтуа ештеңені өзгертпейді», – дейді ол.