Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы – басқа мемлекеттерге үлгі.
Соның бір жарқын көрінісі – Гродеково ауылында аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз» атты өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен әдеби-сазды кеш.
Кеш шымылдығы Гродиково ауылдық округінің атынан өнер көрсеткен «Айжұлдыз» би тобының билерімен түрілсе, Жамбыл ауылдық округінен келген түрік ұлтының өкілі Севда Қарабаеваның орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен жалғасты.
Әдеби кеш барысында Гродеково ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төрегелді Үсіпбеков әртүрлі ұлт өкілдері татулықта, бірлікте тұрып жатқанын айта келе, ауданның мәдени-көпшілік өміріне атсалысып жүрген аудандық Мәдениет үйіне, округ әкімі аппаратына және кешке қатысып, өз өнерлерін ортаға салған этнос өкілдеріне алғысын жеткізді.
Шарада Даяна Мамедова, Роза Майорова және Бақыт Қатар танымал ақындардың жырларын оқып, лирикалық әндерін орындады.
Кеште көрермен қауым этноорталықтардың өресі биік, өрісі кең қолөнер бұйымдарымен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.