ТАУ КӨТЕРГЕН ТОЛАҒАЙ

ТАУ КӨТЕРГЕН  ТОЛАҒАЙ

(Аңыз әнгіме)

Жанкешті батырдың талай жаудан қашып құтылған нардай биік, есік пен төрдей тұрықты, жалы жер сызып жүретін арда-күрең айғырды таңдап мініп, қосы тиелген шудасы шұбатылған алып қара бураны жетектей, жолай сауып сусын етіп келе жатқан мөшке ала сиырларды алдына салып айдай жөнелген. Күрең айғыр арқырай бір кісінегенде құла биенің үйірі соңынан желдей еріп, жеті іңген де қара бураны баран тарта тайраңдай жөңкілген-ді. Жанкешті батыр үш күн бойы ұйқы-күлкісіз батыс бағытқа тынымсыз жортқанда жетектеген, айдаған жануарлар да иесінің ниетін нақ танығандай бір бөгелмей келе жатты. Өйткені, жау өкшелеп қуа қалса, қарасын көрсетпей ұзап кету керек қой.

Сөйтіп, үшінші күні кешке Жанкешті өзінің ыстық мекені сахараның шетіне жетіп жығылған-ды. Қуған жау болса, сахараға аяқ басудан қорқады. Ал, жаудан аман қалған достары болса өздері-ақ қуып жететіні анық. Жанкешті жеткен жерінде үш күн қозғалмай тынықты. Әрі аман қалған адамдары бар болса, келіп қалар деп күтті. Бірақ, олардан еш хабар болмаған соң, төртінші күні жолға шығып, содан бері ауылға жеткен беті осы еді.

Сахара шетіне іліне құрғақшылықтан шытынап кеткен қу медиенді көріп, Жанкештінің көңілі құлазып, көкейін үрей кернесе де, үміті үзілмеген. Келесі күні таңертең өз көзіне өзі сенбей қатты таңданды. Айнала ат шаптырым аумақ көгалданып, одан арғы жерлер сол қуарған қалпы жатыр еді. Содан бері айдаған малымен қайда келіп қонса, сол жер табанда жап-жасыл боп көктеп, шалғынға айналып кететін болды.

Жұртта қалған ауылдың жүдеу-жадау ел-жұрты отарға кеткен ерлерінен бір адам болса да аман жеткеніне жүректері жарыла қуанды. Жеті жұттан жұрнағы қалған қамкөңіл ел қайта желпінді. Жанкешті батыр келген күннің ертеңінде таңнан тұрған ел, таңданыстан өз көздеріне өздері сенбей, айналаға телміре қарап тұрды. Кеше ғана құрғақшылықтан топырағы бұрқырап жатқан ауыл маңы көз көрім жерге дейін жап-жасыл шалғынға оранып жайқалып тұрды. Одан да ғажабы шалғынның ортасында күрең биенің үйіріндегі биелер түгел құлындап, кіл құла құлындар енесіне еріп құлдыраңдап шауып жүр екен. Сонау ауыл шетіне барып жеті інген де боталаған, қос өркеш жәудір көз ботақандар ойнап тайраңдап қояды. Туар туғанша сүт беретін мөшке, берекетті ала сиырлар да бұзаулаған. Жеті жұттан жүдеген аш-арық елдің қуанышында шек болмады. Одан да ғажабы, бүкіл еркек отарға кеткен кезде іште үш айлық болып қалған Жанкешті батырдың келіншегі Күнсұлу осы жұма күнгі бүкіл мал төлдеген таңда тұңғышын босанып, қуанышқа қуаныш қосты.

Шығыста таң бозарған кезде дүние есігін ашқан ұлдың туған сәттегі «іңгә» шырылы сахараның шегіне жеткендей таңғы тымық ауаны сілкіндіріп бүкіл елді оятты. Сәбидің кіндігін Еланасы атанған Ақ әже кесті. Шілдехана тойына сахара елі түгел жиналды. Күрең айғырдың үйіріндегі биелердің бұлақ болып аққан саумалынан ашытқан қымыз көл-көсір болып, тойға келгендердің сусынын қандырды. Жас туған мөшке сиырлардың сауған сүтінен тегеш-тегеш сары уыз қатырып, ет орнына уыз толы той дастарқаны жайылды. Қартаң адамдар мен балалар жеті інгеннің ботасы тауыса алмаған қою шұбатына тойды. 

Туманың атын Абыз ата «Толағай» деп қойды. Той-думан жалғасты. Баяғы кездері таулы өңірдің ақ қайың безінен бітеу ойып жасаған, қой ішегі тағылған қоңыр домбырадан қуаныш күйі сар даланың желімен жарысып шартарапқа жайылды. Қоңыр домбыра жеті жұттан бұрынғы шад-шадыман жырғаулы кезді толғады, төрт түлік малдың бүкіл үні күмбірлеп көңілді желпінтсе, сахараның сәні болған дала аңдарының жүйрік жүрісі ішек бойлап тебірентті, дала құстарының неше алуан дыбыстары да перне бойында сыңсыды. Даланың тылсым тынысы бүкіл болмысына сіңген кәрі-жастың бәрі домбыра күйін айтылған сөзден де артық ұғатын еді. Өткен шақтың қызығынан жүздері күлімдеп, көңілдері тасыды. Домбырашы бозбала бұл күйдің аты «Сардала» деді.

Келесі кезекте басталған күйдің сазы мүлде өзгеріп шыңғыра шыққан ащы үн, одан күйшінің саусағы перненің аяғында тұрып басына сыр етіп жетіп барғанда кілт өзгеріп, тыңдарманның делебесін қоздыратын дүбірлі дыбыс, селк еткізетін шалт иірімді өткір әуен жаужүрек жігіттердің жаумен алысқан қанды шайқасының дабылы құлақтан кіріп, көзге елестеп тұрды. Артта қалған ел-жұрты үшін жандарын пида еткен ерлерін еске түсіргенде тойға жиналғандардың көзінен жас сорғалады. Күйші бозбала бұл күйді «Жау шапқан» деп атады. Дала қурайынан жасаған сыбызғыға да кезек келді. Өйткені, сахара елінің сүйіп тыңдайтын бір әуені осы сыбызғы сазы еді. Сыбызғы сазы домбырадан да нәзік сардаланың сырлы тылсымдарын жеткізе алатын-ды.

Сондықтан, еркек атаулы кең далада қой баққанда, балалар қозы жайғанда, қариялар бұйраттардан түйе көздеп жүргенде, сахараның шегінде жас жігіттер қанша күндер жылқы күзетіп жалғызсырағанда түгелдей қойындарына тығып алып жүретін қурай сыбызғыларын ермек қылатын. Өзі сезген даланың сырлы үні мен көкейіндегі ешкімге айтпайтын ғашықтығын, сағынышын сыбызғы күйімен сызылта салатын. Адамның арқасын шымырлатып, жүрегін дірілдете сызылған сыбызғы үнін тілмен айтып жеткізуге болмайтын еді. Оны тек далалықтар құлағымен ғана емес, бүкіл өн-бойымен сезініп егіліп отырды. Сыбызғының сызылтқан сырлы сазы ұзақ жалғасты. Сыбызғышы бір кезде кең тыныс алып күрсіне күйін аяқтады да, «Жеті жұт» деп күй атын атады.

Толағай бөбекті Ақ әже бесікке салатын болды. Бұрындары ақ талдан басын иіп, қара талмен кергіштеп тастаған, жабдықтары түгелдей түйенің жұмсақ жүні мен қойдың иленген түлеме терісімен жабдықталған,  талай бала аяқтанған бесік Ақ әженің алдына әкелінді. Содан кейін Жанкешті батырдың жылқы күзетіне киетін сеңсең тонына оралған Толағайды Ақ әженің алдына әкеліп тосты. Талай баланы бөлеп батасын берген әулие әже Толағайды бесікке бөлемек болып тонды ашып алды да, бір сәтте таңданыстан мейірімге толы, даналық нұрын шашқан көзі шарасынан шыға отырып қалды. Толағай мына бесікке сиятындай емес! Таңда туған Толағай бір кеште сонша өсіп кеткені адам сенерлік емес еді. Таңда туған нәресте кеште алты жасар баладай болыпты. Ақ әже өзінің ешкімді ілестірмейтін дана ақылымен лезде бәрін сезді де, Толағай оралған тонды қайта айқара жапты.

Содан жылаған елге естірте: «Толағайға бесіктен гөрі тон лайық екен», – деді. Шілдеханаға жиылғандардың «қалайша олай?» дегендей сұраулы жүзіне қарап отырып: «Ей, апалар, енді «тыштымасын» тарата беріңдер! Неге бесікке бөлемегенімді біраз күннен соң өздерің де білесіңдер!» деп, көңілдене күліп қойды. Расында, ертеңінде-ақ Толағай құрдастарымен жүгіріп ойнайтындай болып үйден шыға келді.

Балалар оны қоршап алды, бойы өзінен он жас үлкен ұлдардан да биік, көздері тостақтай мөлдірейді, күлгенде жарқырап тұрған тістері жылқының тісіндей сом екені айнала тұрғандардың назарын аударып, көзін тартып тұрды. Жұдырығы сахарада өсетін сексеуілдің томарындай көрінді. Аяғының жіліктері қара бураның аяғынан да жуанырақ екен. Ауыл балаларының бәрі оның ағасы болса да, бәрі бірден Толағайдың артынан еріп, ол не айтса, соған бағынды. Толағай көп сөйлемейді, жалғыз сөз айтады. «Мергендікті үйренеміз!» деді. Бәрі ауылдан ұзап шығып, нысана етіп тас тікті. Содан алыстау барып кезек-кезек домалақ тас лақтырып нысана дәлдеді. Толағайдың әрбір лақтырған тасы мүлт кетпеді. Сөйтіп, мергендік үйренген нысанашы балалар нысанадан біртіндеп алыстай түсіп, күні бойы тас лақтырып ойнаумен болды. Соңына қарай бәрі де мүлт жібермейтін мерген бола бастады. Ең соңғы алыс нысанаға тек Толағайдың тасы ғана жетіп, басқасының тасы жетпей қойды.

Келесі күндердің бірінде Толағай: «Жүйрік болып үйренеміз!» деді. Толағай ауыл балаларын жасына сай төртке бөлді, ең кіші деген үш бөлікті ауылдан біраз ұзақтау апарып тізілтіп тұрып, «Ал, бәйге!» деп, жарыстырып жіберіп отырды. Ең соңында үлкен аттар бәйгеге шабатындай қашықтағы Сексеуіл сайға ең ересек балалар келіп жетті. Бәрі жалаң аяқтарының табандары жалтылдап жазық даланың төсінде құстай ұшып зымырады, Толағайдың бір аттағаны басқа балалардың он аттағанындай болса да, ол достарын артына қалдырмай ертіп отыру үшін баяу жүгірді. Ауыл шеті көрінгенде Толағай жүрісін тіпті баяулатты, алдына үш-төртеуі түсті, соңында қалғандар өзін қуып жетті. Осылай қанша күн жүйріктікке үйренген балалар енді жылқыға жеткізбейтін желаяққа айналды. Тағы бір күні Толағай: «Балуандыққа үйренеміз!» деді. Балаларды тағы да жасына сай төртке бөліп, ауыл шетіндегі жұмсақ құмдаққа әкеліп күрестіре бастады. Жыққандарын келесі жыққандармен күрестіре отырып, ең соңында қалып жеңіске жеткен екеудің біріне «Сайыпқыран» деген атақ беріп, екіншісін «Саңлақ» деп атайтын болды. Сөйтіп, балалардың ішінде Сайыпқырандар мен Саңлақтар көбейді, күресудің неше түрлі әдістерін ойлап тапты. «Асау жамбасқа салу», «Іштен шалу», «Қырқай шалу», «Үйіріп жығу», «Сүріндіру», «Өкшеден ілу», «Қоян қолтық ұстасу» деген сияқты талай атау сол кезден қалған-ды.

Ең соңғы балуан жарысы Толағай мен ересек балалардың арасында болды. Олардан шыққан сайыпқырандар мен саңлақтарды Толағай таңдап алып, түгел өзіне жабылып күресуді бұйырды. Толағайға әйдік он-жиырмасы қаптап, оның бір аяғын да қозғалта алмады. Содан, Толағай шалқалай жатып алып, тек бір аяғын не бір қолын жығуды бұйырды, бірақ өздерін түйе балуан санайтын бозбалалардың оған да шамасы жетпеді. Сондай ойынға толы қызықты жаз өтіп, күз де жетіп қалған мезгіл еді. Толағай туғандағысындай күн емес, мезет сайын өскендіктен, бірге ойнаған балалар оның бойының күн сайын биіктеп бара жатқанын көздерімен көрді.

Күнсұлу анасы ұлына екі омырауын да емізетін, Толағай сорғанда сүті тоқтамай ағылып ұлының шөлі қанғанда ғана тоқтайтын. Ал күні бойы ойнап келгенде күрең биенің саумалын жұтқызып, ала сиырлардың қатық, айранын ішкізетін-ді. Жеті жұтқа ұшыраған сахара елін Жанкешті батырдың айдап әкелген малының айран-сүті мен одан дайындаған саба-саба іркіттен пісіп алған сары майы, қайнатқан құрты  асырап тұрды.

Бұл жазда жер көктесе де ауып кеткен аң-құс қайта келмегендіктен, баяғыдай төрт түлік қыруар мал болмағандықтан, сахара құлазып жатты. Күздің ең соңғы айы туғанда Толағай достарын жиып: «Мен өте алыс жерге кетіп, аң-құс әкелемін!» – деді. Достары: «Ондай көп аң-құсты қалай әкелмексің?» деп таңдана сұрағанда: «Оны қайта келгенде көресіңдер ғой...» – деді. Содан өзін қоршап тұрған бүкіл балаларға: «Сендер түгел мерген болдыңдар әрі жылқыдан да жылдам желаяқ жүйріксіңдер әрі жамбасы жерге тимес түйе балуансыңдар. Енді, осы елді қорғайтын, асырайтын батырлары сендерсіңдер!» – деді. Достары бірауыздан: «Толағай! Толағай! Толағай!» – деп ұрандатты. Бұл олардың «сенің айтқаныңды орындаймыз» деген анттары еді.

Алыс жолға шығатын күні таңертең Толағай әке-шешесі және Абыз ата мен Ақ әжеден бата сұрады: «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші.  Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» – деді. Олар да: «Қарғам-ау, сонша аң-құсты жалғыз өзің қалай әкелмексің?!» – деп таңданды. Толағай достарына айтқан жауабын ғана қайталады. Әке-шешесі мен Абыз ата, Ақ әже: «Жаратушы жар болсын! Қызыр баба жолдас болсын!» – деп бата берді. Толағай таңсәріде жолға шыққан кезде бойының биіктегені сонша, қолы бұлтқа жетіп тұрған-ды, ол таяп келген жауын бұлтынан оң алақанымен бір көсіп жаңбыр суын сусын ғып жұтты. Найзағай оты сіңген жауын бұлты оның күшіне күш қосқандай қарыштай адымдап бір сәтте сахара көкжиегінен асып көрінбей кетті.

Толағай сапарға кеткеннен кейін бір апта уақыт өткен шамада әлдебір күні таң алдында аспан-жер гүр етіп, ауыл-үйдің кереге-уығы, шаңырағы қатты сықырлап, жер солқылдай дірілдеп кетті. Ауыл адамдары жер сілкініп, зілзала болған шығар деп, жанұшыра қорқып үйлерінен жүгіре шықты. Таң саз беріп арайлаған шығыс жақтан бастап, түстік өңірді шаң басып кеткен екен. Үрей билеген қалың көпшілік сол шаң тұманы басқан жақтан көз алмай сілейіп тұрып қалды. Сүт пісірім уақыт өткен кезде шаң-тұманы сейілді. Адамдар өз көздеріне өздері сенбеді. Сағым ғана бұлдырап тұратын сардаланың төсінде асқар тау көз тартып тұрды.

Бұл таңғажайыпты адамдар түсіне алмады. Толағайдың сайыпқыран достары тауға қарай желаяқтарына жел беріп зымырай жөнелді. Ауылдағылар сол таңда сыртқа шыққан қалпы таудан көз айырмай тұрды. Өйткені, олар туғалы тау деген нәрсені көрмеген еді. Аспанға бой созған түйенің өркешіне ұқсас шың-құздың ұшар басы жылқының тіге қалған үшкіл құлағындай сұсты, таудың қойнаулары жап-жасыл ағаштар көмкерген сай-сала. Сол сайлардан сарқырап бұлақтар жазыққа қарай ағып түсуде. Әлгі жылқы құлағындай шынар шыңдардың ұшар басын ақбудақ бұлттар орап алыпты. Сол маңдағы шырқау биікте қанаты турылықтай бір құстардың қалықтап ұшып жүргенін де көздері шалды. Неткен ғажап!

Түске қарай тауға кеткен сайыпқырандар арқаларына бір-бір аңды көтеріп ауылға келіп жетті. Бәрін Абыз атаның алдына әкеліп үйіп тастады. Абыз ата мүйізі қайқы қылыштай ешкіге ұқсас аңға қарап тұрып: «Бұл тауешкі деп аталсын!» – деді. Ал, мүйізі түскиіздегі иір оюларға ұқсаған қой текті аңға көз салып: «Бұл арқар болсын!» – деді. Әкелінген аңның бәрі бауыздалған екен. Абыз ата ет көрмегелі жыл болған ауыл-үйдің адамдарына: «Бір-бірден алып таза сойып, етін жақсылап бұзып-боршалап сүрлеп алыңдар!» – деді.

Толағайдың ең сенімді досы, алып пішінді Сайхан атты сайыпқыран өте үлкен бір аңды көтеріп келген екен. Мүйізі сахарадағы кәрі сексеуілдің бұтағы секілді сала-сала, тұрпаты сиырға келіңкірейді. Абыз ата: «О, бұл жануарды бұғы дейік!» – деді. Екі алақанын жайып: «Е, Жаратушы Ием, бергеніңе құлдық! Толағайымның «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші!  Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» дегені   осы екен ғой!» – дегенде кәрі көзінен төгілген жасы ақ сақалына тамып-тамып кетті. Содан кейін көңілін демдеп алып жарқын дауыспен: «Бұл алып аңды сойып, жер ошақтағы қазандарға асып, Толағайдың аман-есен келгеніне тілеу-той жасаңдар!» – деді. Сайхан сайыпқыранға көз салып: «Ей, ұлым, бұл аңдарды қалай ұстадыңдар?» – деп сұрады. Сайхан пәс дауыспен: «Ата, біз тауға барсақ, қойнауы құт сайлар  үйір-үйір осындай аңдарға толы екен. Біз таяп қасына барғанда тіпті, үріккен де жоқ, бізге құлақтарын тігіп таңдана қарап тұра берді. Сөйтіп, ақырындап бәріміз бір-бір аңға жақындап барып артқы сирақтарынан шап беріп ұстай алып, алып соғып, қынымыздағы селебе пышақтарымызбен бауыздап алдық. Осы кезде ғана аңдар селт етіп үркіп қаша жөнелді», – деді.

Дәл осы әңгіменің тұсында Сайыпқыраннан кейінгі Саңлақ аталған бір топ бала көз ұшынан көрінді. Тұрғандар енді соларға көз салды. Таяп келгенде байқаса, құшақтарында аңның бір-бір төлін тірідей құшақтап алып келіпті. Бүкіл бала көздері жаутаңдаған жас төлдердің құлағын ұстап, сирағынан сипап шулап мәз болысып кетті. Мұны көрген Абыз ата жайдарылана күлді: «Бәрекелі! Құлыншақтарым! Бұларың мына әкелген аңдардың төлі ғой, оны қалай ұстадыңдар?» – деді таңдана. Саңлақтарды бастап жүрген Айхан деген ұл: «Ата-ау, біздің бәріміз Толағай үйреткен шалмашылармыз ғой. Белімізден қыл арқан түспейді, сонымен мына төлдерді қуып жүріп шалмалап ұстадық!» – деді қуанышты үнмен. Абыз ата жүндері жылтыраған тап-таза, құлақтары тікірейген сергек, көздері жаутаңдаған сүйкімді тауешкі мен арқардың жас төлдеріне көз салып тұрып: «Бұларды енді, әкелген әркім өзі асырап сиырдың сүтін емізіп бақсын, содан бәрің бірігіп жайыңдар, бұл тағы төлдер біртіндеп қолға үйреніп, қой-ешкі секілді малға айналады...» – деп, кеңк-кеңк күліп қойды.

Ауыл Толағайды күтті. Ата-анасы Жанкешті мен Күнсұлу «Ұлымыз қашан келеді?» дегендей, тау жаққа қарайлаумен болды. Бірақ, Толағай оралмады. Екеуі Ақ әжеге барды, ол кісі осындай алмағайып кезде түс көруші еді. Өткенде ерлердің бәрі жаумен шайқаста шәйт болып, жалғыз Жанкешті қайтып келетінін аян көріп айтып еді. «Көп сұңқар құстар бұлт секілді қалың құзғынмен таласып аспаннан жерге түспей қойды, бір сұңқар солардан бөлініп шығып тұмсығына үйрек тістеп, аяғына бір қазды қысып алып, ауылымыздың үстін келіп айналып жүр екен» деген. Жанкешті мен Күнсұлудың өзінің алдына келгенін көрген Ақ әже терең күрсінді: «Толағай қарғамды қашан қайтады деп жүрсіңдер ғой. Бәріміз де сағынып отырмыз. «Маған баталарыңыз бен рұқсаттарыңызды беріңіздерші! Мен өте алыс жерден аң-құс әкелейін!» деген сөзін орындады. Өткен күні жер сілкінгенде анау бауыры аң-құсқа толы тауды арқалап келіп қу медиен болып қалған айдалаға әкеліп тастаған еді.

Содан, бұлтты сусын етіп жұта сала асығып қайта кеткендей болды. Тағы бір тау арқалап келіп бір-ақ оралмақшы шығар. Бірақ, түнде түсімде Толағайым өзі тауға айналып кеткенін көрдім, «Ақ әже, ата-анама менен сәлем айт!» деген үні тау жаңғыртып құлағыма саңқ еткенде ояна келсем, таң саз беріпті», – деді. Содан бері тағы бір апта уақыт өткен еді. Тағы да өткендегідей жұма күні таң алдында аспан-жер гүр етіп, ауыл-үйдің кереге-уығы, шаңырағы қатты сықырлап, жер солқылдай дірілдеп кетті. Ауыл адамдары шынында зілзала болған шығар деп, үйлерінен жүгіре шықты.

Таң саз беріп арайдың ақшыл нұры шағылып тұрған сонау солтүстік өңірді шаң басып кеткен екен. Үлкен-кіші көпшілік сол шаң тұманы басқан жақтан көз алмай сілейіп тұрып қалды. Сүт пісірім уақыт өткен кезде шаң-тұманы сейілді. Тұрғандар тағы таң-тамаша қалды. Сары сағым ғана жайлаған  теріскей беттегі сахара төсінде асқар тау көз тартып тұрды. Сайыпқыран мен саңлақ балалар: «Толағайды ертіп келеміз!» деп, шулай ұрандап солай қарай құйындай құйғытып жөнелді. Үлкендер жағы күмән мен қуаныш аралас көздерін бұлдыратып теріскей жаққа келіп орныққан тауға телмірді.

Бұл тау түстікке әкелінген таудан гөрі жатаған, доңғыл-доңғыл, түгел жасыл орман бүркенген, бел-белестер екен. Шығыс шеті мен батыс шеті бұлдырап көрінсе де, таудан түскен кең аңғардың жетеу екенін көзі қарақты үлкендер күбірлей санап тұрды. Осы аңғардан ақ көбік шашқан өзендер арқырап ағып түстіктегі кең ойпатқа қарай жөңкіле ағып бара жатты. Сайыпқырандар мен Саңлақтар түске қарай ауылға қарай сылбыр аяңдап бастары салбырап келе жатқаны көрінді. Олар ауылдың алдына келгенде еңірей жылап: «Толағайды тау басып қалыпты! Оң аяғы мен оң қолы ғана тау шетінен шығып қалыпты!» деген қаралы хабар жеткізді.

Ауыл түгел азалана өксіді. Абыз ата ауылдың ақсақалдары бастаған бір топ адамды тауға қайта жіберді. «Толағайдың неден болып жығылғанын анықтап қайтыңдар!» деп тапсырды. Кеткендер әбден кеште көздерінде қимастық жасы шыланып оралды. Абыз атаның алдына келіп: «Оң аяғына қара құзғын секілді қалың жау жабысып алып осы жерге дейін келіпті де балтырын найзалапты, сол кезде Толағай аяғымды қышытқан не нәрсе дегендей тау көтерген оң қолын босатып әкеліп оларды бір тырнап түгел шашып жіберген екен. Осы кезде оң қол жағы тіреп тұрған тау теңселіп кетіп, қышынғанда көтеріп қалған оң аяғын қайтадан тіреймін дегенше, Тау ауып құлаған секілді» деп түсіндірді. Абыз ата терең күрсінді: «Қайран Толағайым! Елің үшін жаныңды қидың! Бірақ, ұрпақтан-ұрпаққа жететін Жаратушының қазынасын жеткізіп беріп, өшпейтін ерлік жасадың!» – деді.

Сол заманнан бері мыңдаған жыл бойы бұл тауды елі «Толағай тау» деп атаған еді. Алайда, Толағай елін жүздеген жылдар бойы аңдыған қара құзғындай көп ата жаулар бұл мекеннің ел-жұртын өз жерінен қуып, жарты ғасырдай иеленіп жатты. Сол уақытта «Толағай тау» атауы бөтен аталып кейінгі ұрпағы Толағайды  ұмытқан еді. Асылында, Толағай тауынан аққан жеті өзеннен Балқаш атты шығыстан батысқа дейін жүздеген шақырымға созылған үлкен теңіз пайда болған-ды. Бұл Толағайдың елін, жерін сағынғандағы аққан көз жасы болатын».  Сәл сәттен кейін таудан сарқырай аққан сансыз бұлақтың үніне қосылып естілген Абыз атаның күңгірлеген зор дыбысы ақырындап аяқталды. Түнгі ақ тұман Абыз атаның бетін тұмшалап, ештеңе көрінбей қалды. Осы кезде ғана тыныс алмай әңгіме тыңдаған үш ұлан селт етіп естерін жиып, мына дүниеге қайта оралғандай бір-біріне танымайтын адамдай сәл қарасып тұрып қалды. Одан кейін өздері жұлдыз самсаған түнгі аспан астында тұрғандарын аңғарды. Білімпаз: «Ал, кәне мен бағана айтқан Жетіқарақшыны тауып, баратын бағытымызды анықтаңдар!» – деді.

Көреген мен Сезімтал екеуі қатар: «О, сен бізге жұлдыз туралы ғажап нәрсе үйреттің ғой. Түгел есімізде әне шөміш сияқты Жетіқарақшы жұлдызы. Енді, шөміш басындағы екі жұлдызды бес рет тіке жоғары түзу сызықпен тартқанда, міне, Темірқазыққа келіп тірелді емес пе! Біз Темірқазықты желкемізге алып, түстіктегі Абыз атаға келдік қой. Енді, Темірқазықты тура маңдайға ұстап жүрсек, ауылға жетеміз!» Білімпаз: «Өте дұрыс айттыңдар! Жарайсыңдар! Ал, кеттік!» – деп, қылыш таяғын бір жалт еткізіп еңіске қарай жүгіре жөнелді. Үшеуі ауыл шетіне таяғанда шам ұстаған қараңдаған біреулердің өздерін іздеп келе жатқан ағалары екенін білді. Келгендер: «Түн ортасында қайда қаңғып жүрсіңдер!» – деп, бірден дауыс көтерді. Бұл Білімпаздың ағасы Ойлан еді. Үшеуі қатар: «Біз Абыз атаға барып аңыз тыңдап қайттық!» – деді батылдана. Абыз ата дегенді естігенде жаңа ғана реніш айтып тұрған ағаларының дауыстары жұмсарып:

«О, ол неткен тамаша жаңалық! Бізге де айтып берерсіңдер!деді қуана.

 

 

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ
17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 36
ТӨЛЕБИДЕ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 19
ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 08.05.2024 28

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1334
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7378
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11246
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7430
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7585