Жамбыл облысы Меркі ауданында ауқымды іс-шара өтті. Аудандағы 9 колледжде Тәуелсіздік күні мен «Желтоқсан – 86» еске алу күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты кездесу кеші өтті. Ұйымдастырушы – «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің Меркі ауданындағы сенімді өкілі Айнұр Тоғысбаева.
Іс-шараға Алматыдан, Тараздан құрметті қонақтар шақырылыпты. Қонақтар қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер-орындаушы Әбиірбек Тінәлі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Желтоқсан желі» әнінің алғашқы орындаушысы Жүніс Әлімбек, танымал қаламгер, жазушы-журналист, халықаралық ««Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Тәуелсіздік. 1986 Желтоқсан» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Желтоқсан ардагері Бақыт Байниязов, т.б. болды.
Кездесу барысында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қонақ боп келген және жергілікті Желтоқсан ардагерлері естелік айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Сазгер-әнші Әбиірбек Тінәлі бүгінде Желтоқсаншылар гимніне айналған «Желтоқсан желі» әнінің тарихына тоқталып, Жүніс Әлімбек екеуі әнді орындап берді.
«Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» Бірлестігі төрағасы Б.Байниязов қоғамның жаңа мүшелеріне куәлік, төсбелгілер тапсырды.
Бұл жолы Бірлестікке 13 меркілік желтоқсаншы мүше болды. Төраға Бірлестік мүшесі болуға тілек білдірген басқа да желтоқсандықтардың өтінішін қабылдап, жаңа мүшелерге тілек арнады.
Жастардың Желтоқсан ардагерлерімен кездесуіне Бірлестіктің Тараз қаласындағы сенімді өкілі Исмаил Хаджимуратов та үлкен үлес қосты. Тарихи Меркі жеріндегі «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» кездесу-кеші салиқалы, мағыналы, жастарға берері мол іс-шара болды.