Әлем назарын аударған елеулі оқиғалардың қатарында 3 шілде күні Тегеран қаласында өткен Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасуға арналған аза тұту рәсімі болды. Биыл 26 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе шабуылынан қаза тапқан көсемнің сүйегі сонан бері жер қойнына тапсырылмастан, моргта сақталып келген еді. Бұған соғыс өртінің басылмауы мен биліктегі ауыс-түйістер басты себеп болды.
Соңғы апталарда Иран мен АҚШ арасындағы соғысты уақытша тоқтату туралы келісімдерге сай, Иран билігі өздерінің жоғары дәрежелі басшыларын жерлеу рәсімін өткізуге мүмкіндік тапты. Қоштасу рәсімі Тегерандағы Мосалла кешенінде өтіп жатыр. Бұл бірнеше күн жалғасатын рәсімнің өзіндік тәртібі болғалы тұр. Ақпарат көздерінде хабарланғанындай, 6 шілде күні Тегеранның орталығында үлкен аза шеруі өтті. 7 шілде күні қоштасу рәсімдері Ирандағы шиит дінбасыларының орталығы Құм қаласына жалғасады. 8 шілде күні Хаменейдің сүйегі ұшақпен Ирактың шииттер үшін қасиетті саналатын Наджаф және Кербала қалаларына апарылады. 9 шілдеде қайтадан Иранға әкелініп, Хаменейдің туған жері Мешһед қаласына жеткізіліп, Имам Риза кесенесіне жерленеді.
Жікке бөлінген әлем
АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соғыс аймақтардағы елдерді ғана емес, алпауыт күштердің өзін жікке бөліп тастағандай. Осыған дейін әлем елдері Ресей-Украина арасындағы соғысқа байланысты өз позицияларын танытып, кімге бүйрегі бұратындықтарын аңғартып келген болса, Иран мәселесіне келгенде тағы да өз майдандарын айқындап шыға келді. Мұның басында АҚШ-ты қолдайтын НАТО-дағы одақтастары Тегераннан теріс айналып шықты. Оның ішінде Ұлыбритания, Франция және Германия Иранның әрекеттерін айыптап, Израильдің өзін қорғау құқығын қолдайтынын ашық мәлімдеді. Олардың басты уәжі – Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату, аймақтық қауіпсіздікті сақтау деген ұрандармен, сылтаулармен жалғасып жатты.
Ал АҚШ-қа қырын қарап жүретін, көрнеу және көмескіде тайталасудан тайынбайтын Ресей мен Қытайдың Иранды қолдайтындығы белгілі еді. Олар АҚШ пен Израильдің әрекеттерін «халықаралық нормаларды бұзу» деп мәлімдеп, бейбіт тұрғындардың өліміне себеп болған шабуылдарды қатаң сынға алды. Расталмаған ақпараттар қарша борап, Қытайдың жасырын әскери көмегі Иранның дұшпандарына қарсы тұруына, олардың аймақтағы әскери нысандарын дәл көздеп соққы беруіне ерекше әсер етті деп жазып жатты.
Бұл соғыстың аумағы парсылар мен яһуди мемлекеті аумағында ғана шектеліп қалған жоқ. Ашынған арыстан секілді қаһарлана қарсы шапқан Иран әскерилері Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ-тың әскери базаларына да соққы беруге көшті. Сауд Арабиясы, БАӘ, Қатар, Кувейт, Бахрейн елдері Ираннан келіп түскен зымырандар мен дрондардың шабуылынан орасан шығынға батты. «АҚШ-тың аға болып жарытпайтындығына» көзі жеткен бұл елдер қазіргі таңда Парсы шығанағы ынтымақтастығы кеңесінде Иранды шабуылдарды тоқтатуға шақырып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сақтық саясатын ұстануға көшті.
Осындай жікке бөлінушілердің тағы бір шетінде бейтараптықты сақтауға барынша тырысып отырған Иранның айналасындағы көршілес елдерді атауға болады. Олардың қатарында Оман қақтығыста тікелей қолдау көрсетуден бас тартып, АҚШ пен Иран арасында бейбіт келіссөздер жүргізуге делдал болуға ұмтылды. Сонымен бірге Пәкістанның да белсенділігі айрықша көзге түсті. Ал Орталық Азияның өзге елдері болса, бейтараптықты сақтап, жауласқан тараптардың барлығына сабыр тілеумен келе жатыр.
Қазақ елі көпвекторлы сыртқы саясат ұстанады
Соғыс басталған кезде қазақ елінің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық бейтараптық ұстанып, мәселені тек саяси жолмен келіссөздер арқылы шешуге шақырды. Сонымен қатар Иранның зымыран соққысынан зардап шеккен БАӘ сияқты араб мемлекеттеріне қолдау білдірді. Мемлекет басшысы сонымен қатар еліміздің қорғаныс саласына тапсырмалар жүктеп, күштік құрылымдарды күшейтілген жұмыс режиміне көшіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды. Соғыс өрті алаулап, АҚШ пен Израиль әскерлері атқан зымырандар Иран жерінде ойран салып жатқан тұста, қазақ елі өз ұстанымдарын өзгерткен жоқ. 2026 жылғы 28 ақпанда Израильдің әуе шабуылы кезінде Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменей қаза тапты. Хаменейдің өлімін Иран үкіметі 1 наурызда растады. Қазақ елі бұл қазаға да ресми түрде көңіл айтты. Дегенмен осыдан кейінгі жерде Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатындығын тағы да бір рет дәлелдеді.
2026 жылы 27 сәуірде Израиль Президенті Ицхак Герцог Қазақстанға ресми сапармен келді. Екі елдің басшыларының кездесуі кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы:
«Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек», – деді.
Президенттің бұл сөзі сол тұста кейбір желөкпе басылымдар жазып жатқан қаңқу сөздерге жауап болғаны анық еді. Яғни Қазақстан бұл келісімді қолдай отырып, аймақтағы елдер арасындағы ынтымақтастықты қалпына келтіруді көздейді деді.
Ал соңғы уақытта жасалған уақытша атысты тоқтату туралы келісімдер жасалғанда да Қазақстан тарапы АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген бейбіт келісімді құптап, тараптардың көрегендігі мен саяси ерік-жігерінің арқасында әлемде және аймақта тұрақтылық орнайтынына үміт артты.
2025 жылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Иран халқына гуманитарлық қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі ҚР СІМ, ТЖМ, ДМ бірлесе отырып, Иран Ислам Республикасына арналған 30 вагон гуманитарлық жүкті Тегеран қаласына жеткізді. Ирандағы елшіміз Оңталап Оңалбаев Иран Қазақстанның Таяу Шығыс пен ислам әлеміндегі маңызды саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестерінің бірі болып табылатынын айта келіп:
«Достар қиын-қыстау кезеңде сыналады. Қазақстан түрлі кезеңдерде Иран халқына қолдау көрсетіп келеді», – деді.
2026 жылғы 17 маусымдағы таралған ақпараттар бойынша, Иран билігі Ормұз бұғазының жағалауындағы Шахид Раджаи терең су портынан Қазақстанға жеке терминал салу үшін 15 гектар жер телімін бөлгендігі белгілі болды. Осылайша алдағы уақытта Қазақстан Парсы шығанағы арқылы әлемдік нарыққа тікелей шығуға мүмкіндік алайын деп тұр.
Таяу Шығыс осылайша геосаясаттың қазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқан тұста, қазақ елі мен Иран және Израиль арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың шағын хронологиясы осылай жалғасып жатыр. Бұған бола жауласқан тараптардың ешқайсысы өкпелей қоймаса керек. Соның тағы бір мысалы – 3 шілде күні өткен Хаменеймен қоштасуға арналған аза тұту рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев барып қатысып қайтты.
Сондай-ақ сапар барысында Е. Көшербаевты Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан қабылдап, Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөздер өткізді. Біз осы тұста СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан деректерден келтіре кетуді жөн көрдік.
– Иран Президентімен өткен кездесуде тараптар Масуд Пезешкианның 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар өңірдегі қазіргі ахуал мен оның одан әрі даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. А. Аракчимен өткен келіссөздердің күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды, сондай-ақ Қазақстан – Иран қатынастарын одан әрі дамытуды қамтыды.
Е. Көшербаев Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасымен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға берік бейілдігін растады. Сонымен қатар Иранның және өңір елдерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі атап өтілді. Қазақстан Сыртқы істер министрі Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.
2026 жылғы 28 маусымда Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімге ерекше мән берілді. Бұл жобаның Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырғаны атап өтілді.
Осыған байланысты терминал құрылысы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемінің одан әрі артуына ықпал ететініне сенім білдірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға өсіп, 430,2 млн АҚШ долларына жетті.
Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті, – делінген хабарламада.
PS: Хаменейдің сүйегімен қоштасу рәсімі кезінде болған мына бір жайтты шетел басылымдары қызу талқылап жатыр. Мәселен, «Eurasia Today» басылымы бұл туралы: «Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменейді ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде шетелдік делегацияларға әртүрлі Құран аяттарының оқылуы – астарлы дипломатиялық және саяси жолдау жіберуді көздеді. Иран бұл қадамды саяси мақсатта пайдаланып, қонақтардың ұстанымына қарай айрықша мағынасы бар үзінділерді таңдаған», – деп жазды.
Әрбір елге қатысты таңдалған аяттардың мәні мынадай ишараларды білдірген: Сауд Арабиясы өкілдері табыт алдына келгенде «Әли Имран» сүресінің 13-аяты оқылған. Аяттың мағынасы бойынша екі әскердің шайқасы, бірі – Алла жолында, екіншісі – оған қарсы келгендер туралы айтылады. Мұны сарапшылар Иранның өз қарсыластарына (АҚШ және Израиль) қарсы тұрғанын және жеңіске жеткенін меңзеуі деп түсіндірді.
Түркиядан келген қонақтар алға озғанда «Ниса» сүресінің 95-аяты оқылған. Онда соғысқа бармай үйде қалғандар мен Отан үшін күрескендерді салыстырған мазмұндар бар. Бұл Иранның аймақтағы белсенді позициясын қолдап, күш көрсеткендерге деген құрметі ретінде қабылданды. Ливан үкіметінің өкілдері шыққанда «Тәубе» сүресінің 38-аяты: еліне қауіп төнгенде мал-мүлкін аяп, көмек беруден бас тартатындарға қатысты ескерту аяты оқылыпты. Ал «Хезболла» қозғалысы өкілдеріне «Әли Имран» сүресінің 139-аяты оқылған. Оның мағынасы «Әлсіремеңдер, қайғырмаңдар. Сендер бәрібір үстемсіңдер» деген рух беретін жолдау айтылды. ХАМАС өкілдеріне «Ахзаб» сүресінің 23-аяты оқылған. Онда «Аллаға берген сертіне адал болып, олардың кейбірі шәһид болды, ал кейбірі өз кезегін күтуде» деген жолдар айтылған. Йемендік хуситтерге «Әли Имран» сүресінің 146-аяты: «Олар Алла жолында өздеріне төнген ауыртпашылықтан еш жасымады әрі жауға бағынбады. Алла табандыларды жақсы көреді», – делінген.
Ресей мен Қытай елдерінің өкілдері шыққанда ешқандай зұлымдыққа бармаған ізгі жандар туралы, жеңіс пен көмек тек Алладан екендігін баяндайтын бейтарап және салмақты аяттар оқылыпты. Осылайша, Иран басшылығы дәстүрлі аза тұту шарасын ислам әлеміндегі мемлекеттердің саяси ұстанымын айқындап, өз саясатын насихаттайтын ерекше дипломатиялық құралға айналдырды, – деп жазды олар.
















