Өнердің қара шаңырағына айналған Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ғимаратының күрделі жөндеуде тұрғанына қарамастан, театр ұжымы өз жұмысын тоқтатқан емес. Биылғы жыл жоспарында көрермендерге ұсынар жаңа қойылымдар да жетерлік. Солардың алғашқысы – мемлекеттік тапсырыс бойынша сахналанған «Дина» деректі драмасы. Шығарма авторы – аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, Халыкаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершу. Қойылымның режиссері әрі сценогрофия авторы театрымыздың бас режиссері – Алмат Шарипов.
Қойылым қазақ əйел-қыздарының ішінде ерекше шығармашыл тұлға «Дина шешей» атанған ХIХ-ХХ ғғ. куəгері, күй алыбы Құрманғазының төл шəкірті, ес білгеннен домбыраны бауыр басқан Дина анамыздың тағдыр жолы жайында. Режиссер қойылымда Динаның бала арманы мен жас кезіннен бастап, күйші Дина атанған дейінгі өміріндегі оқиғаларды көрсеткен.
Әкесі Кенженің тұңғышы болып дүниеге келген Дина бала күнінен ер балаша киініп, ат құлағында ойнап, әкесіне серік болып өскен. Құлағында үнемі күй сазы ызыңдап жақсы да жаман әсерін, жүрек түкпіріне тастап, оны домбыра арқылы күй етіп шығаратын өнер иесіне айналды. Динаның осы бір даланың еркін өскен өжет те өткір мінезді албырт шағын жас актриса Наргиз Габдылгазизова ойнады.
Ал бойжетіп, ғашық болған Дина, алайда ата-анасы атастырған жанға тұрмыс құрып, отбасылық өмірдің кермек дәмін татып, балаларын аяғынан тік тұрғызу үшін қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, ауыл аралап күй тартып нақапасын өнерден тапқан Күй-Ана, өмірлік серігінен айырылып әмеңгерлік жолмен қайын інісіне тұрмысқа шыққан жесір Дина бейнесін, оның бойындағы қайсарлық пен жігерді көрерменге жеткізе орындаған актриса Жадыра Бектембаева.
Дәулескер күйші Құрманғазы Кенже үйін бетке алып, ептейлі шәкірт талабына қатты риза болып, Динаға ақ батасын беріп, асыл домбырасын сыйға тартады. Дәл осы сахнада Құрманғазымен бірге келген Маңғыстаудың маңғазы, Қашаған жырау рөлін сомдаушы, «Құрмет» орденінің иегері Мұсағали Бектеновтың жырды шебер, төгілте орындауы кейіпкердің нағыз бейнесін ашуда дөп түсті десек, артық айтқандық емес.
Көп баланы дүниеге әкеліп, ашаршылық жылдардың ауыр азабын басынан кешкен, ұлын әскерге аттандырып, соғыс жылдарының азапты күндерін, тұрмыстың тауқыметін көп тартқан Динаның үлкен кезін «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл Жұбатова сомдады. Сахнагер кейіпкердің бар болмысын, күйзелісін, арпалысын, тылсым дүниесін, ішкі тебіренісін, сыртқы көңіл күйін асқан шеберлікпен орындады. Оның қойылым басталғаннан сахнаның оң жағында 75 жасар Дина болып отырғандағы түр-сипаты, тіпті сүйір саусақтарымен домбыраның шегін жонып отырғаны Дина әжеміздің нақ өзін көз алдыңызға әкеледі.
Спектакльде Ахмет Жұбанов ролін сомдаушы «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Жамбыл Заевтің «Он алты», «Жігер», «Қайран шешем» күйлерін шебер орындауы, қойылымды соңына дейін сүйемелдеуі қойылымның көркемдік деңгейінің жоғары болуына айтарлықтай септігін тигізді.
Қойылымдағы сахналық киімдер жоғары талғаммен сапалы әрі әсем тігілген. Кейіпкерлердің жас ерекшелігін, мінез-құлықтарын айшықтай түсуге үлкен әсерін беріп тұрды. Бұл, әрине, кәсіби маман киім суретшісі, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Елена Кузнецова идеясынан туындап, театрдың тігін цехындағы шебер тігіншілерінің еңбегі.
Режиссер шешімімен сахнада жоғарыдан түсірілген киіз үйлер бүтіндей бір ауылды білдірсе, сахна ортасындағы үлкен домбыраға орналастырылған ағаш бұтақтары ашаршылық сахнасында тіреуіш, бірде қару, соңында оркестр аспаптар ретінде пайдаланылады. Қойылым соңында Динаның «Домбырам – жан серігім, жолдасым. Домбыра – менің қуатым ғой» деп үлкен сахнада күй тарта жөнелуі, оны көпшілік сахна әртістерінің көмегімен оркестр ретінде бейнеленуі Дина мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бабалар аманатының орындалып жатқандығының көрінісі.
Дина Нұрпейісованың күйлері өзінің мұңды, маңызды, сұлу сазымен қазақ аспаптық музыкасының алтын қазынасының біріне айналса, театрдағы қойылым арқылы тарихи тұлға Дина анамыздың бейнесі сомдалды.
Қазақ күй өнеріндегі есімі қастерлі Дина анамыз жайындағы драманы екі күн қатарынан зал толы көрермен, өңіріміздің зиялы қауым және БАҚ өкілдері, Дина анамыздың ұрпақтары, Атырау қаласынан Жастар театрының директоры Әміржан Нұрланұлы бастаған бір топ өнер жанашырлары, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» президенті, өнертану кандидаты, театртанушы Анар Еркебай, /Алматы қаласы/ арнайы келіп тамашалады.
Премьера соңында, Батыс Қазақстан облысының әкімі Төреғалиев Нариман Төреғалиұлы атынан ықылас гүлі табыс етіліп, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мұханғалиев Қуанышбек Жанболатұлы және қойылым авторы Маржан Ершу театр ұжымын жаңа қойылымның сәтті өтуімен құттықтап, театр ұжымына ризашылықтарын білдірді. Қойылымның сахнадағы ғұмыры ұзақ болғай!
Әлия ШАҚУОВА, театртанушы,
Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы