Телефон сорымыз ба, бағымыз ба?

Телефон сорымыз ба, бағымыз ба?

ХХІ  ғасыр технологияның шарықтап тұрған уақыты.  Алыстағы ағайынды жақындатып отырған – ұялы телефон. Көргің келген нәрсені бір батырманы басу арқылы көруге болады. Ақпарат алғың келсе, бір-ақ секунд.   Бірақ әрбір құбылыстың екі жағы болады. Телефонның пайдасы мен зияны бірдей жүреді. Бұрынғыға қарағанда, телефондар тек байланыс құралдары ғана емес, күнделікті өмірдің көптеген аспектілерін қамтитын кешенді ақпараттық жүйеге айналды.

Озық технологиялар өмірімізді жеңілдетіп жатқаны сөзсіз. Қалаған дүниемізге интернет желісі арқылы тапсырыс береміз.  Мобилді қосымшалар арқылы сыртқа шықпай, үйде отырып төлем жасаймыз. Иә, бұның бәрі жақсы. Бірақ бізге тигізіп жатқан кері әсерін байқап жүрміз бе?

Ұялы телефонға телміріп, қоғамнан алшақтап бара жатқан жастар көп. Түрлі мессенджерлер арқылы байланыс орнатып, тек интернет желісі арқылы ақпарат алмасу қазіргі заманның үлкен дерті. Таңнан кешке дейін бейнеойындар ойнап, уақыттың қалай зырғып өтіп жатқанын байқамай да қаламыз.  Мойны енді қатайған баланың өзі телефонды қалай қолдану керек екенін біледі. Анасының жатырында жатып бәрін үйреніп шыққандай. Алайда, тілі шықпаған баланың қолына телефонды ұстатып қою дұрыс па?

Кeрі әсерін қазірден-ақ көріп жатырмыз.  Әлеуметтік желіде шырылдап баласының жағдайын айтып жатқан аналардың саны көбейді.  «Баламның тілі шықпай жатыр, қатарластарынан қалып қойды» деген әңгімені жиі естиміз. Ата-анасымен емес, телефонмен көп уақыт өткізу бұғанасы енді қатайып келе жатқан баланың денсаулығы мен моральдық жағдайына кері әсер етіді. Есту, көру, тыңдау қабілеттері гаджеттердің кесірінен төмендей береді. Онымен қоса балабақша жасындағы балалар тым ашушаң болып кеткен, сұрағанын бермесең, үйді айқайдың астына алады. Кейде тіпті не айтып жатқаныңа мән бермей отыра береді. Бұның бәрі сол баяғы гаджеттердің зардабы. Бәрін сол ұялы телефонға жаба берудің де қажеті жоқ, ата-ананың да тікелей кінәсі бар. Балаға 5-10 минуттан артық гаджеттерді ұстатпаңыздар деп ескертілсе де, мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Қазіргі бүлдіршіндер – біздің болашағымыз. Туыла салысымен қоғамнан алшақ өмір сүріп келе жатқан баладан не күтеміз?

Мектеп ұстаздары да жиі дабыл қағып жатады. Балалар сабақ уақытында ұялы телефонға телміріп, дәріске мүлдем көңіл бөлмейді. Қоңырау шырылын ести сала гаджеттерін шығарып, бейнеойын ойнауға кіріседі. Қоңырау оқушыларға сергіп, сыныптастарымен байланыс орнатуға беріледі. Бірақ, мектеп оқушыларын бұл мүлдем қызықтырмайтын секілді.  Білім сапасының нашарлауына да осы гаджеттердің әсері бар деп топшылауға болады. Себебі, интернет желісін ашып қалсаң, дайын үй жұмыстары шыға келеді. Оңай олжаны көрген оқушы басын ауыртқысы келмейтіні сөзсіз. Берілген жауапты көшіріп, ұстазының алдына апарып береді. Сол оқушыны телефонсыз  тақтаға шығарсаң,  абдырап қалады. Саналы ұрпақ – сапалы білімнің жемісі. Бірақ, өзіміз сол ағаштың тамырына у құйып жатқандаймыз. Өткінші кезеңде жүрген жасөспірім балалар еліктегіш келеді. Әлеуметтік желідегі кіршіксіз әдемі өмірді көріп, өзін өзгеден төмен санайды. Оларды алдап-арбап өз мақсаттарына пайдаланып жүрген азаматтар да жеткілікті. Түрлі тапсырмалар беріп, баланың басын айналдырады.  Әрбір ата-ана баласының өміріне алаңдайды. Күніне бір сағат бөліп баламан тілдесу керек. Кіммен араласып, қандай ойындар ойнап жүр, достары кім, сабақ үлгерімі қандай екенін сырласу арқылы білуге болады. 

Бейнеойындар қазіргі заманның үлкен дертіне айналды. Ілгеріде айтып өткеніміздей, жас сәбиден бастап, үлкендерге дейін бейнеойындарға құмар. Бейнеойындар баланың ой-өрісін телефонға байлап қойып жатады. Шектен тыс ашушаңдық, қатыгездік осыдан пайда болады. Атыс-шабыс ойындары адам жүйкесін жұқартып, айналасындағыларға агрессия көрсетуіне алып келді. Мысалға, Астана тұрғындарын дүрліктірген оқиғаны алсақ болады.  Ресми ақпараттарға сәйкес 21 жасар жігіт туыстарының «телефонды таста, ұйықтайық» деген сөзін көтере алмай, 4 бірдей туысын пышақтап тастаған.  Салдарынан 1997 жылғы ағасы оқиға орнында жан тапсырды. Ал қалған 3 туысы  ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген.  Қазіргі таңда күдікті деп танылған жігіт уақытша ұсталып, изоляторға қамалды. Әлі де тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Міне, ойынға деген тәуелділік қанды қылмысқа апарды. Алдын ала берілген мәліметтерге сәйкес дардай жігіт «Free Fire» ойынын ойнап отырған. Әр істің өз шегі болады. Уақытымызды үнемдеп, телефон ойындарына да белгілі бір шектеу қоятын күнге жеттік. Өміріміз әрбір секунды бағалы, өз уақытымызды бағалап үйренейік. 

Телефон – бұл өмірдің маңызды әрі қажетті құралы. Алайда, оны пайдалану мөлшерін дұрыс бақылау, уақытты тиімді жұмсау мен шынайы өмірдегі қарым-қатынастарды сақтау маңызды. Жастарға телефон мен интернеттің пайдасы мен зиянын түсіндіру арқылы өз өмірлерін бақылауға мүмкіндік беру қажет. Телефон тек байланыс құралы емес, сонымен қатар жастардың жеке дамуына, білім алуына және шығармашылық қабілеттерін арттыруына көп көмектессе де, оның теріс әсерлерінен қорғану жолдарын да ескеру керек.

 

Қарлығаш  ШАҢҒАРАҚШЫ

31.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 39
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381