Аустралия астанасы Мельбурнде 8-29 қаңтар аралығында теннистен биылғы жылдың алғашқы ірі турнирі – ашық ел біріншілігі («Australian open») өз мәресіне жетті. «Үлкен дулыға» деп аталатын бұл жарыстың жүлде қоры 76,5 млн Аустралия долларын құрайды (~$51,38 млн), бұл өткен жылғыдан 1,5 млн долларға артық. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жеткендер $2 млн, финалистер 1,09 млн доллар сыйақы алады. Жұптық сында (ерлер, әйелдер, аралас) өнер көрсеткендердің сыйақысы сәл төмендеу, өйткені ол екі адамға бөлінеді. Әйелдер арасындағы жеке сында беларусьтік Арина Соболенко қазақстандық Елена Рыбакинаны 3 сетте (6:4, 3:6, 4:6) жеңіп, турнир чемпионы атанды. Аталған турнирдегі ойын көрсеткіштері бойынша Елена 1 658 625 Аустралия доллары немесе 546 миллион теңге табыс тапты.
Ерлер арасындағы жекелей сында сербиялық Новак Джокович грекиялық Стефанос Циципастан үш сетте жеңіп (есеп – 6:3, 7:6, 7:6), турнир чемпионы атанды. Ерлер арасындағы жұптық сында аустралиялық Джейсон Хублер-Рики Хидзиката Хьюго Нис (Монако)-Ян Зелински (Польша) жұбын жеңді (есеп – 6:1, 7:6). Әйелдер арасындағы жұптық сында чехиялық Барбора Крейчикова-Катерина Синякова жапониялық Сюко Аояма-Эна Сибахара жұбын 2 сетте жеңді (есеп – 6:4, 6:3). Аралас жұптар арасындағы сында (микст) бразилиялық Луиза Стефани- Рафаэл Матос үндістандық Рохан Бопанна-Саня Мирза жұбын 7:6, 6:2 есебімен жеңді.