Әділ адамның адамгершілік қасиеттері заңды жоқтатпайды. Дәл осы пікірге сүйене отырып, туған тіліміздің шұрайлы қазынасын өз іс-тәжірибесінде батыл қолданып жүрген елдің азаматтары әрдайым аман болғай! Халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы және сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кеңдігімен, оралымдылығымен және ұтымдылығымен өлшенеді. Ерте заманда ел бастаған көсем де, дауды шешкен би де осы құдіретті тілге сүйенген, осы тілге жүгінген. «Тіл өнері дертпен тең», – деп, тілдің қадір-қасиетін жете түсінген бабаларымыз үлкен дау-дамайда бір-ақ сөзге тоқтаған, ұлттық асыл мұрасы – ана тілін құрметтей білген. Ана тілін ардақтап өткен халқымыздан небір суырыпсалма ақындар, шебер тілді шешендер, күміс көмей әншілер, қос ішекті домбыраға жан бітірген жыраулар, сазгерлер шыққан. Бұл тілде есімдері әлемге әйгілі қазақтың перзенттері, ұлы Абай өз халқына сырын айтқан, мұңын шаққан, бұл тілде шығыстың біртуар жұлдызы Шоқан сөйлеген, бұл тілде ғасырмен терезесі тең Жамбыл жырлаған. Қазақ тілінде дүниеге келген асыл туындылардың өзі қазақ халқының ұлттық тілінің қазақ даласының жері қандай ұлан-байтақ болса, аспанымен таласқан таулары қандай биік болса, сылдырлай аққан өзендері қандай мөлдір болса, қазақ адамдарының пейілі қандай кең болса, қазақ тілі де сондай көркем, шаңырағы биік, тынысы кең екендігін көрсетеді. Осы бір мұхиттай шексіз, ғажайып тіл – қазақ тілінің бір кездері арнасы тарылып, ағысы баяулап кеткені кеудесінде намысқой жүрегі бар қазақ ұлтының абзал азаматтарының жанына қатты батқаны хақ. «Ана тілін білмеген, ақылы жоқ желікбас, Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас» деп ана тілін ардақтай алмаған, өзінің мол тілін қадірлей білмеген адамнан Отан сүйер ұл шығар, елін сүйер азамат шығар деп үміт күтуге бола ма?
Ана тіліне өзінің туған топырағында қамқорлық жасамаса, ажарынан айырылады. Тіл тағдары ел тағдырымен тікелей байланысты. Ел қамын сәт сайын санасында сақтайтын әр адам тіл тағдырын да ұмытпауға, естен шығармауға тиіс, өйткені тіл сатып алып меншіктейтін мүлік емес, ол мыңдаған жылдар бойы қалыптаса келіп, белгілі бір этностың тілін түзеп, ұлтты туындатады, ал тілдің өлуі бүтін бір ұлттың өшуі болмақ. Тіл саулығы – ел саулығы, қазақ тілінің мәртебесін көтеру барша қазақ халқының үлесі, басы балабақшадан, мектептен бастап, мемлекеттік мекемелерге дейін әр қазақ баласы бойына ананың ақ сүтімен тараған ана тілін қастерлей білуі ләзім. Тіл – ұлттық рух негізі, мемлекеттік басты мәселе. Ұлттық рух негізі – ұлт тілін ұлықтау, оны төрге шығару баршамыздың борышымыз.