Иә, мынау әлемді дүр сілкіндіріп, үкілі үмітпен келген төл жаңа жылымыз құтты болсын, ағайын! Биылғы Наурыз несімен ерекше, несімен қымбат? Ресми жыл иісі қазақ үшін қайғы-қасіретпен басталды. Қаншама бауырларымыздан айрылдық. Олар Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін құрбан болды деп өзімізді өзіміз жұбата аламыз. Қандайда бір ұлы іс құрбандықсыз болмайды. Қандай бір ауыр іс болсын оның өзіндік бір қайыры болатынына сенеміз. Қаһарлы қыстан кейін нұрға толы көктем келеді. Ата-бабаларымыз Наурызға үлкен, зор үмітпен қарап, одан кейін жақсылықтар болады деп сенген, ырымдаған. Біз де сенейік. Алладан ісіміздің оңға басуын тілейік. Жаңа Қазақстан құрамыз деп талаптың тұлпарына міндік. Кеше Президентіміз Жолдауын жариялады. Жаңа Қазақстанның дүр жоспары ғаламат жобасы деуге келе ме? Біз жаңара аламыз ба? Рухымыз күшейіп, намысымыз қайрала ма? Әлде көне қайығымызды жамап-жасқап алып, ескі сарынмен ескегімізді есіп кете береміз бе? Оның қайырын қатаң уақыт көрсетер.
Наурыз жаңару айы, түлеу айы, рух айы. Осы төл жаңа жылымызда жаңармасақ, түлемесек, рухтанбасақ, шамырқанбасақ, онда бәрі кеш болады, Алашым! Оян, жаңар, рухтан, шамырқан, намысыңды жаны, Қазағым!