Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Жастар лигасы» атты робототехника байқауы өтті. Мақсаты – оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды инженерлік машықтандыру, робототехникаға қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.
Ленгір қаласы, № 7 IT мектеп лицейі ғимаратына ұйымдастырылған конкурсқа 17 команда өтініш білдіріп, 10 команда қатысты. Түркістан облысының 10 ауданынан қатысқан жастарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшының орынбасары Пердебек Сержанұлы құттықтап, сайыстың өту тәртібі мен мақсатын түсіндірді.
Байқауға қатысушы жастар Arduino жиынтығымен машина құрастырып, оған бағдарлама орнатып, құрастарылған машина арнайы кедергілерден өтті. Білікті жастардың қабілетін шыңдап қана қоймай, жаңа идея тууына жәрдемдесуге бағытталған байқауға қатысушылардың еңбегіне әділ қазылар бағасын берді.