Толғақты сауалдарға – толымды жауаптар

Толғақты сауалдарға – толымды жауаптар

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ облыс басшысы брифинг барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім, экология және инвестициялық жобалар бойынша кең көлемді мәліметтер берді. Онкологиялық орталықтың құрылысы, жас мамандарды тарту тетіктері, аулаларды абаттандырудағы проблемалар, Доссордағы сор мәселесі, облыстың болашағы, автоспорт кешенінің құрылысы, балық шаруашылығы, сумен жабдықтау және көлік инфрақұрылымын жаңғырту сияқты өзекті тақырыптарды сөз еткен өңір басшысы көптеген мәселені қамтыды. Сонымен қатар экологиялық талаптардың орындалуы, заңсыз қоқыс полигондарына қарсы шаралар және Атырау мұнай өңдеу зауытының қазіргі жағдайы жөнінде маңызды ақпарат беріп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Төменде журналистердің сұрақтарына облыс әкімінің берген жауабын жариялап отырмыз.

– Былтыр Атырау облысында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен еді. Сол кезде Мемлекет басшысы құрылысы ұзаққа созылып кеткен онкологиялық орталықтың қаржылық мәселесін жергілікті кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің қолдауымен шешуді тапсырған болатын. Осы жұмыстың қазіргі жағдайы қалай, ілгерілеу бар ма?

– Президент бұл тапсырманы құрылтай барысында нақты жүктеген болатын. Бүгінде онкологиялық диспансер құрылысы екі кезеңмен жүзеге асуда.

Біріншісі – радиологиялық корпустың құрылысы. Қазір жұмыс жүруде, алдағы жылы толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Екінші кезең – стационарлық бөлім, яғни пациенттерге арналған жатын корпустар. Бұл нысан облыстық аурухананың жанындағы бұрынғы ғимараттың аумағында салынады. Ескі нысан бұзылып, орнына заманауи орталық бой көтереді. Жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

Ең маңыздысы – қаржыландыру мәселесі толық шешілді: барлық шығынды компания өз мойнына алып отыр. Сараптама аяқталған бойда құрылыс жұмыстары басталады.

– Атырау – өндірісі дамыған, республикалық бюджетке айтарлықтай үлес қосып отырған өңір. Осындай маңызды облыста жас медицина мамандарын, әсіресе ауылдық жерлерге тарту жұмыстары қалай жүргізілуде? Қандай ынталандыру шаралары жасалуда?

– Президент тапсырмасына сәйкес, екі жыл бұрын дәрігерлерді өңірге тарту бағытында бірқатар шешім қабылдадық. 

Ең бастысы – бір жолғы көтермеақы мөлшерін арттыру. Шалғай ауылдарға барған дәрігерлерге – 10 млн теңге, аудан орталықтарына – 8,5 млн теңге, қаладағы тапшы мамандарға – 5 млн теңге көлемінде көтермеақы беру қарастырылған.

Осы шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда 200-ге жуық маман өңірге келді. Қазір 95 маманға тапшылық туындап отыр. Олардың ішінде тар бейінді, ерекше қажеттілігі бар мамандықтар басым.

Көтермеақыдан бөлек, біз мамандарды тұрақты баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Егер дәрігер жеке қаражатына үй сатып алғысы келсе, Отбасы банкі арқылы жеңілдетілген несие бағдарламасы ұсынылады. Осы бағыт бойынша қазірдің өзінде 100-ден астам дәрігер үйлі болды. Осының бәрі кадр тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді.

– Облыста 100 ауланы абаттандыру жобасы қолға алынғаны белгілі. 2022 жылы 86 ауладағы жұмыстар басталды, алайда олардың бір бөлігі толық аяқталмағаны, кей жерлерде сапасыз орындалғаны, сондай-ақ жұмыстар барысында жобаларға өзгерістер енгізілгені туралы ақпарат тараған еді. Осы жұмыстардың кешігу себептері неде?

– 100 ауланы абаттандыру жобасына бірнеше мердігер компания қатысып, жұмыс жасаған еді. Алайда бірқатар жұмыстар уақытында аяқталмады және сапасыз орындалды. Оған бірнеше жағдай себеп болды. Соның ішінде жобалау кезеңінде жобалаушы мекемелердің жіберген қателіктері анықталды. Бұл мәселелерге байланысты әкімдік тиісті түзетулер енгізіп, жобалық-сметалық құжаттаманы қайта пысықтады.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу конкурстарын жеңіп алған кейбір мердігерлер өз міндеттемелерін толық орындаған жоқ. Мұндай жағдайда әкімдік олармен жасалған келісімшарттарды сот арқылы бұзып, жұмысты жалғастыру үшін жаңа конкурс ұйымдастырды. Қазіргі уақытта барлық кемшіліктерді жою және аулаларды толық аяқтау мақсатында қажетті шаралар қабылданып жатыр.

– Бірнеше күн бұрын іссапармен Атырауға барып, бірқатар репортаж түсірдік. Басқармаларыңыз көптеген мәселеге дер кезінде жауап берді. Алайда бір сұрақ ашық қалып қойды: ол – Доссордағы рекультивация жасалатын сор алаңы туралы. Парламентте де бұл мәселе көтерілуде. Сорды толық қайта жабуға, экологиялық тұрғыда қауіпсіз етуге бола ма?

– Бұл – халық ұзақ жылдар бойы көтеріп келе жатқан маңызды мәселе. Аталған аймақта табиғи жағдайда жерасты байлығы болғанымен, жердің үсті сорланған аумақ. Доссор ауылдық елді мекенінің жанында үлкен сор алаңы бар, тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселе де – осы.

«ҚазМұнайГаз» бен «Ембімұнайгаз» компанияларымен бірлесіп, сорды топырақпен жабу жөнінде жоба әзірленген. Алайда ғылыми зерттеулер көрсеткендей, сорды қанша топырақпен көмсе де, уақыт өте келе тұз қайтадан бетіне шығып кету қаупі бар. Сол себепті рекультивация тәсілдерін ғылыми тұрғыда қайта зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар бөлінген қаражаттың бір бөлігі тұрғындармен келісе отырып, Доссордағы апатты үйлерді жаңартуға бағытталды. Жоба пысықталғаннан кейін сор мәселесіне қайта ораламыз, түпкілікті шешім қабылданады.

– Атырауға оңтүстіктен келіп жұмыс істеп жатқан адамдармен жиі сөйлесемін. Оларға «Болашақтарыңды осы өңірмен байланыстыра аласыңдар ма? Ертең мұнай таусылса, Атыраудың болашағы қандай?» деп сұраймын. Осы сауалды сізге де қойғым келеді: Атыраудың болашағы қалай болады?

– Атыраудың болашағы бар, бұған еш күмәніңіз болмасын. Біріншіден, өңірде мұнай-газ химиясының терең өңдеу саласы дамып келеді. Бұрын тек шикізат экспортталса, қазір дайын өнім өндіруге басымдық берілуде. Шетелдік компаниялармен 60-қа жуық меморандум жасалып, өндірісті Атырауда локализациялау басталды. Бұл – тұрақты жұмыс орындары мен ұзақ мерзімді экономикалық дамудың көзі.

Екіншіден, ауылшаруашылығы (жылыжай кешендері, қалдық өңдеу, балық шаруашылығы) бағытында ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Астрахан өңірімен көршілес болуымыз да бізге үлкен мүмкіндік береді. Үшіншіден, әлемде ең қарқынды дамып жатқан саланың бірі – туризм. Бұл бағытта да жаңа жобалар қолға алынуда. Яғни Атырау мұнайға ғана тәуелді аймақ емес, бүгінде оның экономикасы әртараптандырылып келеді.

Облыс аумағының шамамен 56 пайызы – құм және сор жерлер, олардың барлығын жауып шығу мүмкін емес. Дегенмен елді мекендерге жақын орналасқан сор алаңдары бойынша жұмыстар міндетті түрде жүргізіледі. Өйткені жазда сор кеуіп, тұз бен шаң көтеріліп, халық денсаулығына зиян келтіруі ықтимал. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.

– «Атырауда ірі автоспорт кешені – Texol MotorLand Atyrau салынады» деген ақпарат жарияланған еді. Бұл бастама автоспорт жанкүйерлері мен жастардың қызығушылығын тудырды. Аталған жобаға мемлекеттен қаражат бөліне ме, әлде кешен толықтай жеке инвестиция есебінен салына ма?

– Ең алдымен айта кететін мәселе – бұл жоба толықтай жеке инвестордың бастамасы және оның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда әкімдік қажетті жер телімін бөліп берді. Инвестор жобалау жұмыстарын бастап жатыр.

Жобаны әзірлеуге Италиядан арнайы автотрассалар жобалайтын архитектуралық және инженерлік компания тартылып, олар қазіргі уақытта зерттеу және жоспарлау жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы жобалық кезең толық аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Жоба идеясының шығу тарихына келсек, инвестор – Атыраудағы вагон құрастыру зауытын салған кәсіпкер. Өзі автоспортқа қатысатын, түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып жүрген жанкүйер. Сол себепті бұл бағытты әлеуметтік жауапкершілік аясында дамытып, өңірдің спорт және туризм саласына үлес қосады деп сенемін.

– Көпшілікті қызықтыратын тағы бір жайт – болашақта осы кешенде белгілі күндері өз көліктерімен келіп, әуесқойлар арасында заңды түрде жарыстар өткізуге мүмкіндік бола ма? Егер мұндай мүмкіндік қарастырылса, бұл жастар үшін үлкен қолдау болар еді. Сонымен қатар жобаның қай жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланып отыр?

– Инвестор жобаны таныстырған кезде дәл осы сұрақты өзім де қойған едім. Расын айтқанда, бүгінде жастар арасында қала көшелерінде немесе трассада заңсыз жарыстар өткізу деректері кездесіп жатады. Сондықтан жаңа кешеннің аумағында жастарға арнайы, қауіпсіз жағдайда жарысуға мүмкіндік беру қарастырылып отыр. Инвестор бұл бағытты да жоспарға енгізген. Алайда мұндай мүмкіндікті іске асыру үшін қатысушылар қауіпсіздік талаптарына сай арнайы дайындықтан өтуі қажет болады. Сондай-ақ қауіпсіздік костюмдері мен басқа да қажетті жабдықтар толық қамтамасыз етілуі тиіс. Барлық техникалық құжаттама дайын болғаннан кейін ғана нақты мерзімі мен қаржы көлемі жарияланады. Сол кезде жобаның жүзеге асу уақыты анықталады.

– Жұртшылық арасында «Атырау балығының дәмі балдай» деген сөз бар. Ендеше балық шаруашылығы саласында қандай жобалар жүзеге асуда?

– Бүгінде балық шаруашылығы бағытында үш ірі жобаны іске асырып жатырмыз. Біріншісі – «ADANА» балық өсіру зауыты. Бұл зауыт тауарлы балықты өсірумен қатар, бекіре тұқымдас балықтардың сақталуына үлес қосады. Жылына 15 миллионға дейін бекіре шабағын өсіріп, оларды Жайық өзені мен Каспий теңізіне жіберу жоспарланған. Бұл – өңір экологиясы мен табиғи қорды қалпына келтірудегі маңызды қадам.

Екіншісі – «Шортанбай» балық өңдеу зауытының модернизациясы.

Көпшілік «Атыраудың балығы бар, бірақ неге басқа өңірлерде сирек көрінеді?» деп сұрайды. Оның себебі – өңдеу қуатының жеткіліксіздігі. Біз балықты мұздатылған күйде өткізе салмай, тереңдете өңдеу арқылы Қазақстан нарығына кеңінен жеткізуге жұмыстанып жатырмыз.

Үшіншісі – аквамәдениетті дамыту. Көршілес Астрахан облысының тәжірибесін мысалға ала отырып, тоған шаруашылығын күшейтуге кірістік. Субсидия, мемлекеттік қолдау бізде де бар, тек саланы жүйелі түрде дамытып, инвесторларды ынталандыру қажет. Осы бағытта қазір сала мамандарымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізілуде.

– Өңірде үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр? Биыл қанша мектеп салынды және олардың қаншасы «Жайлы мектеп» форматында жүзеге асырылды?

– Қазіргі уақытта салынып жатқан мектептердің басым бөлігіне «Жайлы мектеп» стандартының талаптары қойылып отыр. Бұрынғы типтік жобаларға сәйкес келмейтін кейбір ескі ғимараттар «апатты» деп танылып, олардың орнына жаңа, заманауи талаптарға сай мектептер салынуда.

Өңірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында барлығы 9 мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 6-уы толық аяқталды, қалған 3 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл жобаларды тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы мердігерлермен бірлесіп жүзеге асыруда. Қазір 3 мектеп құрылысының шамамен 85 пайызы біткен, ішкі әрлеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірде үш ауысыммен жұмыс істеп жатқан 11 білім ошағы бар. Бұл мәселе көбіне оқу ғимараттарының жетіспеуінен емес, орыс тілінде сабақ беретін мұғалімдердің тапшылығынан туындап отыр. Әсіресе орыс тілінде білім беретін мектептерде үш ауысымдық оқу сақталып келеді. Осы тапшылықты азайту үшін жыл сайын әкімдік аталған мамандықтар бойынша гранттар бөліп, жас мамандарды өңірге тарту жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

– Өзіңіз маман тапшылығы бар екенін атап өттіңіз. Әсіресе мектеп саласында кадр жетіспей отыр. Маман тарту мақсатында қандай шаралар қабылдануда?

– Иә, маман тапшылығы – күрделі мәселе. Денсаулық сақтау саласында біз көтермеақы, баспана, жеңілдетілген несие сияқты қолдауларды енгіздік. Бұл шаралар жақсы нәтиже беріп келеді. Білім саласы бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынуда. Атап айтсақ, қажетті мамандар үшін қызметтік пәтерлер қарастырылып отыр. Білім қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы пысықталуда. Құжат дайын болған соң іске қосып, мұғалімдердің тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қандай модернизациялық жұмыстар жүргізілуде? Қалада сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Бізде ауызсумен, газбен және электр желілерімен қамтамасыз етілу деңгейі бүгінде 99 пайызға жеткенімен, кейбір мәселелер әлі де бар. Әсіресе ескі инфрақұрылымдар мен қуаттылығы жеткіліксіз желілерде қиындықтар туындады. Себебі қала көлемі ұлғайып, тұтыну көлемі артып келеді, сондықтан модернизацияға көп көңіл бөліп отырмыз.

«Финдік» автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды. Көгілдір отынға деген сұранысты қанағаттандыру үшін қосымша магистральдық газ құбыры тартылды. Алдағы уақытта қаланың сол жағалауында да осындай магистральдық желілерді салу жоспарлануда, себебі сұраныс артқан сайын осындай мәселелер туындайтыны белгілі. Сумен қамтамасыз ету саласында 60 мың текше метрлік су тазарту 

қондырғысының жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Электр желілерінде де жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын жеке сектор болған шағынаудандарда қазір ірі тұрғын үй кешендері салынып жатқандықтан, тұтыну көлемі бірнеше есе артты. Сол себепті желілер толық жаңартылып, жаңадан құрылыс жүргізілуде. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындарға сапалы және тұрақты қызмет көрсету үшін қаладағы барлық инфрақұрылымдық желілердің жаңғырту және модернизация жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

– Атырауда экологиялық ахуалдың күрделі екендігі белгілі. Зауыттар бойынша жыл сайын эмиссия лимитін асырып келетін кәсіпорындар саны қанша? Осы мәселеге байланысты нақты айта аласыз ба?

– Қазіргі таңда эмиссия лимитін асырып жіберген кәсіпорындар жоқ. Кәсіпорындардың нақты шығарындылары жыл сайын берілген лимиттен төмен түсіп келеді.

Экология департаменті келесі жылға рұқсат беру кезінде осы көрсеткіштерді ескеріп, лимиттерді біртіндеп төмендетіп жатыр. Яғни біздің мақсат – лимитті ұлғайту да, асыру да емес, керісінше өндіріс орындарын экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуге ынталандыру.

Дегенмен заңбұзушылық орын алған жағдайлар болды. Мысалы, күкірт қалдығына қатысты бір кәсіпорынға рұқсат етілмеген көлемнен асып кеткені үшін ірі көлемде айыппұл салынды. Мұндай фактілер анықталған сәтте біз міндетті түрде заң аясында шара қолданамыз.

– «Атырау аумағында заңсыз қоқыс полигондары көп» деген шағым бар. Бұл мәселемен күрес қалай жүріп жатыр?

– «Көп» деп айта алмаймыз, бірақ заңсыз қоқыс төгу деректері кездесіп қалады. Бұл мәселе бойынша біз тұрақты түрде жұмыс жүргізудеміз. Заңсыз қоқыс орындары космомониторинг, дронмен бақылау, тұрғындардан түскен хабарламалар арқылы анықталады.

Көп жағдайда біреу аздап қоқыс тастаған жерге басқа адамдар да төгіп, нәтижесінде «тау» болып жиналып қалады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін полициямен бірге жедел рейдтер, жою жұмыстары және айыппұл салу шаралары жүргізіледі.

Қазіргі таңда қалада 8 заңды полигон және 47 жинау алаңы бар. Аудандарда сұрыптау пункттері жұмыс істейді. Ал шалғай ауылдық округтерде күн сайын аудан орталығына тасу мүмкін болмағандықтан, уақытша жинақтау пункттері ұйымдастырылған. Олар қоршалып, күтіп ұстауға қаржы бөлінуде.

– Атырау – Орал республикалық тас жолының ахуалы үнемі сынға ұшырап жатады. Оны жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр ма?

– Былтырғы су тасқыны салдарынан биыл көп жерлерде шұңқырлар пайда болып, тұрғындардан шағымдар көбейген еді. Аталған тас жолға «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны мен Көлік министрлігі бірлесіп тұрақты жұмыстар жүргізді. Қазіргі таңда барлық шұңқырлар жөнделіп, жол қауіпсіз деңгейге келтірілді. Келесі жылдан бастап орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жөндеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Махамбет ауданындағы ең көп зардап шеккен учаскелер жөнделеді. Қазір мердігер компаниялар анықталып, көктем айынан бастап жұмыс басталуы жоспарланған. Екінші кезеңде қала мен Махамбет арасындағы учаскелер орташа жөндеуден өтеді. Негізгі мақсат – тасжолды бірінші санатқа сәйкестендіру. Бұл өте қомақты қаржы мен жоғары қарқынды жұмысты талап етеді. Жаңа жоба 2028-2029 жылдарға жоспарланып отыр және оны жүзеге асыруда министрлік пен «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.

– Атырау мұнай өңдеу зауыты экономикалық маңызы зор болғанымен, халықтың экологиялық қауіпсіздікке қатысты орынды талабы бар. Бүгінде зауытты жекешелендіру мәселесі көтерілуде. Осыған қатысты не айтар едіңіз?

– АМӨЗ – өңір үшін экономикалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыдан да ерекше маңызды нысан. Бірақ бұл ретте экологиялық талаптар естен шығарылмауы керек. Қаланың іргесінде орналасқандықтан, халықтың ауа сапасына қатысты алаңдаушылық білдіруі орынды.

Біздің негізгі талабымыз – зауыттың барлық ішкі құрылғыларын заманауи стандарттарға сай модернизациялау, жаңа технологияларды енгізу. Әлемнің көптеген қаласында мұнай өңдеу зауыттары тұрғын аймақтарға жақын жерде орналасқан, бірақ онда халыққа қолайсыздық тудырмайтындай жоғары деңгейдегі экологиялық сүзгілер қолданылады. Біз де дәл осы бағытты көздеп отырмыз.

Ал жекешелендіру жайы – бұл біз шешетін сұрақ емес. Бұл жөнінде толық әрі нақты ақпаратты «ҚазМұнайГаз» АҚ немесе Энергетика министрлігі бере алады. Себебі жекешелендіру – салалық ведомстволардың құзырындағы мәселе.

– Экологиялық проблемаларға байланысты атыраулық тұрғындар медициналық тексеру мен емдеуге жеңілдіктер немесе қандай да бір өтемақылар беруді сұрап отыр. Осы мәселе Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр ма?

– Бұл мәселені шешу үшін ведомствоаралық комиссия құрылып, шешім қабылдануы тиіс. Ол үшін алдымен ғылыми зерттеулердің нәтижелері қажет. Қазіргі уақытта комиссия Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп жұмыс жасап, ғылыми зерттеулердің әдістемесін әзірлеуде. Зерттеу нәтижелері дайын болған соң ғана өтемақылар немесе жеңілдіктер мәселесі қайта қаралады.

– Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта ірі ұлттық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Шағын және орта бизнеске арналған арнайы экономикалық аймақ ашу және мұнай-химия саласын дамыту жоспарлануда ма?

– Арнайы экономикалық аймақ негізінен мұнай-химия саласына арналған. Ол жақта басқа жобалар іске асырылмайды. Қазір мұнда полипропилен зауыты іске қосылған, болашақта полиэтилен зауытының құрылысы аяқталып, келесі жылы бутадиен зауыты жұмысын бастайды. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған учаскелер бар. Олар полипропилен, полиэтилен немесе бутадиен өнімінен алынған химиялық тауарларды қайта өңдеумен, қосымша құн қосатын өндірістермен айналысады. 

Мысалы, геосинтетикалық торлар, қапшықтар, стретч-үлбір (пленка) және басқа да өнімдерді шығаратын зауыттар осы аймақта жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда Премьер-Министрдің қолдауымен арнайы бөлек экономикалық аймақ ашылып, оның инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аймақ мұнай-химия саласына ғана емес, шағын және орта бизнестің өндірістік қуатын арттыруға, ірі жобаларға қажетті өнімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді.

– Талғайраң ауылындағы қабырғалары жарылып, іргетасы сөгілген тұрғын үйлерге қатысты шағымдар көбейді. Осы жағдайдан хабардарсыз ба?

– Иә, осы мәселеге байланысты арнайы барып, тұрғындармен кездестім, олардың шағымдарын тыңдадым. Проблема өте күрделі және ол бірнеше бағыт бойынша қарастыруды талап етеді. Бірінші мәселе – үйлердің салыну сапасы. Құрылыс барысында технологиялық талаптар сақталды ма, сапалы материалдар қолданылды ма – осының барлығын анықтау қажет. Мердігер компаниялар әртүрлі уәж айтуда, «жоба дұрыс», «бәрі нормаларға сай» деген пікірлер айтылады. Бірақ нақты шешім тәуелсіз сараптамадан соң ғана белгілі болады.

Екінші мәселе – жер асты сулары деңгейінің көтерілуі немесе былтырғы су тасқынының әсері. Өйткені ақаулар бір үйде емес, бірнеше баспанада көрініп отыр. Осыған байланысты біз мынадай шешім қабылдадық: мәселені зерделеуге «ҚазНИСА» секілді лицензиясы бар арнайы ұйым тартылды. Олар екі бағыт бойынша сараптама жүргізуде. Жер асты сулары мен геологиялық жағдайдың өзгеруін бақылайды. Құрылыс материалдары мен пайдаланылған технологиялардың жобалық талаптарға сәйкестігі анықталады. Сараптама нәтижелері дайын болған соң, тұрғындармен бірге отырып ортақ шешім қабылдаймыз.

Мен бір нәрсені ашық айтайын: бұл үйлерге қоныстанған тұрғындар ипотека төлеп отыр. Сондықтан олардың жағдайына бейжай қарауға хақымыз жоқ. Қандай шешім қабылданса да, халықтың құқықтары мен мүддесі бірінші кезекте ескеріледі. Мәселе біздің бақылауымызда, айтылған шағымдар аяқсыз қалмайды.

– 2018 жылдан бері аяқталмай келе жатқан орталық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің қасындағы құрылыс бар. Жоба жеті жылдан бері аяқталмай, «сақалды» нысандардың біріне айналды. Оның ұзаққа созылу себебі неде?

– Бұл – өте маңызды сұрақ, әрі расымен де ұзаққа созылып кеткен жоба. Оның бірнеше нақты себебі бар. Құрылыс барысында мердігер компанияға және тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасының кейбір қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Ол бірнеше сатыдан өтіп, сот процестері ұзаққа созылды. Соның ішінде сот сараптамалары мен экспертизалар да тағайындалғандықтан, нысанға байланысты кез келген әрекет, яғни жұмысты бастау да, жалғастыру да мүмкін болмады.

Жоғарғы соттың шешімі шыққаннан кейін ғана біздің әріптестеріміз ақталып, нысанды ары қарай жүргізуге мүмкіндік туды. Қазіргі таңда нысан толығымен бақылауымызға алынды, жаңа мердігер анықталып, жұмыс қайта жанданды. Бүгінде құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Қалған жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Биыл бұл нысан толығымен пайдалануға беріледі, жыл соңына дейін нысан іске қосылмақ.

– Жыл басынан бері Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан төрт әйел қаза тапқан екен. Жергілікті атқарушы билік отбасы институтын нығайту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарып жатыр?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арыз-шағымдар көптеп түседі. Бұл – қоғамның мұндай жағдайға көз жұмып қарамай, заң органдарына хабарласып, өз құқықтарын қорғауға қадам жасап жатқанының көрінісі.

Биыл 5 мыңға жуық хабарлама тіркелді. Барлық шағымдар мұқият талданады және қажет болған жағдайда бұлтартпау шаралары қолданылып, құқықтық қорғау қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар әкімдік профилактикалық шараларға басымдық беріп отыр. Арнайы орталықтар құрылған, оларға тікелей хабарласуды жеңілдету үшін QR-кодтар енгізілді. Бұл кодтар мектептерде, қоғамдық орындарда қолжетімді. Әйелдер мен балаларға психологтар мен заңгерлердің көмегіне тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді. Орталықтар арқылы әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі отбасы институтын нығайту және қауіпсіз қоғам құруға бағытталған.

– Махамбет ауданында тышқандар көбейіп кеткендігі туралы ақпарат тарады. Тіпті кейбір балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатқан. Осы мәселе қалай шешілуде?

– Мұндай жағдай Атырау қаласына қарасты елді мекен мен Махамбет ауданында орын алды. Мамандардың айтуынша, тышқандар санының көбеюіне былтырғы су тасқыны себеп болған. Атыраудың көптеген аумақтары сол кезде судың астында қалған еді.

Бүгінде тиісті комиссиялар құрылып, әлеуметтік нысандар мен мекемелерге қажетті шаралар қолданылды. Мәселен, кейбір балабақшалар онлайн форматқа көшірілді. Елді мекендерге тышқандардың енуін болдырмау үшін арнайы белдеулер мен улау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 12-ден астам компания осы жұмыстарға жұмылдырылған.

Тышқандардан туындайтын қауіптерді бақылау үшін арнайы орталық деректерді жинақтап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Қауіпті аурулар, соның ішінде оба және басқа да жұқпалы дерттердің алдын алу мақсатында тексерулер тұрақты жүргізіледі. Қазіргі уақытта ешқандай қауіпті ауру анықталған жоқ, ал тышқандар саны күннен күнге азаюда.

– Діни ахуалға қатысты сұрақ – қоғамда жиі көтеріліп, резонанс тудырған ниқаб мәселесі туралы не айтар едіңіз? Бұл өңірде қосымша әлеуметтік шиеленіс тудырмай ма?

– Аймақтағы діни ахуал тұрақты. Біз осы бағытта профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеміз. Ниқабқа тыйым салу туралы шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданды. Қазіргі таңда тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр.

– Атырау облыстық ауруханасында күрделі жөндеу жүріп жатқандықтан, тұрғындар мен дәрігерлер Сарыөзек ауылындағы модульдік ауруханаға баруға мәжбүр. Облыстық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары қашан аяқталады және қазіргі таңда қанша пайыз жұмыс жасалды?

– Облыстық аурухананың күрделі жөндеуі жаңа жылдың бірінші жартыжылдығында толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру барысында кейбір кемшіліктер анықталды, сондықтан ол олқылықтардың орны толтырылуда. Дегенмен жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Алдағы жылға қарай негізгі нысандар толық дайын болады. Қазіргі таңда жұмыстардың көп бөлігі аяқталған және нысандарды пайдалануға беруге дайындық жасалып жатыр.

– Биыл облыста жем-шөп шығындарын арзандату үшін берілетін субсидияның төлеуі кешеуілдеп жатқандығы айтылады. «Бұл субсидия берілмей қалуы мүмкін» деген де алаңдаушылық бар. Шаруалар биыл субсидия ала ала ма?

– Сіз айтып отырған субсидия – бұл облыстық бюджет қаражаты есебінен берілуі тиіс, гидрометеорологиялық жағдайға байланысты төленетін арнайы субсидиялардың бірі. 2022-2023 жылдары құрғақшылық кезінде біз бұл субсидияны шаруаларға беріп, қолдау көрсеткен едік. Ал биыл ауа райы қолайлы болғандықтан, мұндай шешім қабылданған жоқ, яғни субсидия төленбейді. Мен бұл мәселені халықпен кездескенде де айтқанмын.

Мал шаруашылығында жұмыс істеу субсидияға ғана сүйенбеуді қажет етеді. Шаруалар мал азығын өздері өндіріп дайындаумен де айналысуы керек. Осы бағытта біз бірқатар қолдау шараларын жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, Атырауда жаңадан құрастырылған жаңбырлатқыш аппарат арқылы мал азығын өндіру процесін жеңілдеттік. Құрылғыны шаруалар өз жерінде пайдаланып, үш рет құнарлы мал азығын дайындай алады.

Аймақтағы жердің 50 пайыздан астамы құнарсыз болып саналады. Сондықтан жем-шөп мәселесін жүйелі түрде шешу үшін мал азығын өндіруді осылай ұйымдастыру маңызды. Қазіргі таңда бұл бағытта қолдау көрсетіліп жатыр.

– Мемлекет басшысы «Орталық – Батыс автожолы «Астана – Арқалық – Ырғыз» арқылы жүргізілетінін айтқан еді. Атыраулықтар бұл тасжолды «Ырғыз – Құлсары» арасына дейін ұзарту жөніндегі ұсыныс білдіріп отырған көрінеді. Осы жолды салу мүмкіндігі бар ма?

– Біз Үкіметпен әркез тығыз байланыстамыз. Өзіміздің мәселелерімізді, ұсыныстарымызды жоғары деңгейде жеткізіп, бірнеше шешім қабылдап, іске асырудамыз. Бұл жұмыс бүгін де, болашақта да солай жалғаса береді.

«Ырғыз – Құлсары» жолы туралы алғаш рет естіп отырмын. Осыны мамандармен зерделеп, тиімділігі анықталса, ол жүзеге асырылады. Өйткені еліміз транспорттық және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп келеді.

Қазір Құлсары – Мұқыр жолы салынып жатыр. Бұл жол Маңғыстаудан келе жатқан барлық көлік ағымын Доссор арқылы емес, қысқа бағытпен Ақтөбеге бағыттауға мүмкіндік береді.

– Атыраулықтардың шағымдары бойынша ТШО-ның мердігері «Сенімді Құрылыс» ЖШС жергілікті жұмысшыларға негізгі келісімшарт бойынша жалақыны үш есе төмендетіп төлейді екен. Осы жағдайға байланысты облыс әкімдігі қандай әрекет жасап жатыр?

– Біз жергілікті компанияларды тарту және қазақстандық кадрларды пайдалану мәселесін үнемі бақылап, жұмыс жүргіземіз. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларда қазақстандық қамтудың үлесі жоғары болуы маңызды. Бұл жаңа өндірісті ашуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті қызметкерлердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстандық жұмысшылар шетелдік стандарттарға сай жұмыс тәжірибесін жинақтайды, сондықтан бұл мәселе ерекше назарға алынады.

Ал «Сенімді Құрылыс» компаниясына қатысты шағымдар бойынша таныс емеспін. Егер мұндай ақпарат расталса, біз үш жақты комиссия арқылы мәселені қарастырамыз. Комиссия құрамына жұмыс берушілер, жұмысшылар және әкімдік өкілдері мен кәсіподақтар кіреді. Бұрын да осындай комиссияларда қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың жалақы айырмашылықтары сияқты мәселелер қаралып, шешімдер қабылданған. Сондықтан барлық шағымдар осы комиссия аясында жан-жақты тексеріледі.

– Мұнай өндіру саласында жұмыс орындары кезең-кезеңімен қысқарып келе жатқандығы байқалады. Бұл жағдай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай әсер етеді және қысқарған сала мамандарын еңбекке орналастыру үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

– Біз «Теңізшевройл» компаниясының «Болашақ» кеңею жобасын іске асырудамыз. Ол тұрақты жұмыс істеп тұр. Осы жобаның құрылыс кезеңінде компаниялар өздерінің келісімшарттарына сәйкес кейбір қызметтерін кезең-кезеңімен тоқтатты. Бір уақытта шамамен 50-55 мыңдай адам еңбек етті, оның 40 пайызы – атыраулықтар. Қалған мамандар өз елдеріне немесе өңірлеріне оралды.

Атыраулық мамандарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жұмыспен қамту мәселесінде біз ірі жобаларды іске асыруға ерекше назар аударамыз. Полиэтилен, мұнай-газ өңдеу зауыты, газ сепарациялық қондырғылары және бутадиен секілді ірі жобаларды бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жобалардың құрылысына 10 мыңнан астам адам жұмысқа тартылатын болады.

Қазіргі таңда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін біз мансап орталықтарымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Орталықтар қажетті мамандықтар туралы ақпарат береді, ал біз тіркелген жұмысшыларға сол жобаларға жолдама ұсынамыз. Жұмыстан қысқарған жұмысшылар бірден мансап орталықтарына тіркелсе, жәрдемақы алып, қолдау көрсетіледі. Тіркелген адамдар ғана ірі инвестициялық жобаларға тікелей жұмысқа орналастырылады. Осылайша, өңірде жұмысқа тарту жүйелі түрде жүргізіліп, жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде бақылауда ұсталады.

– Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Атырау» футбол клубы соңғы сәтте бірінші лигаға төмендеуге сәл қалды. Клуб президенті қызметінен кетті. Егер оның жұмысында кемшіліктер болмаса, жұмысынан неге кетіп жатыр?

– Клубта орын алған бірқатар құқық бұзушылықтар салдарынан команда мемлекет меншігіне қайтарылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес клубты жекешелендіру жоспарлануда. Жекешелендірілген кезде біз нақты талаптар қойып, сол талаптар аясында клуб жұмысына бақылау жүргіземіз.

PS: Брифинг барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдің дамуына қатысты ең өзекті мәселелерді ашық талқылап, нақты жауаптар берді. Әлеуметтік нысандар құрылысы, медицина кадрларын тарту, инфрақұрылымды жаңғырту, экология, білім беру, ауылшаруашылығы және инвестициялық жобалар – барлығы да өңірдің болашағы үшін маңызды бағыттар екені айтылды.

Әкімнің сөзінен аңғарылғаны – Атыраудың даму әлеуеті мұнаймен ғана шектелмейді. Өңірде мұнай-газ химиясы, балық шаруашылығы, туризм, аква мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылым бағыттары қарқынды түрде әртараптандырылып жатыр. Сонымен қатар экологиялық ахуалды жақсарту, үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, маман тапшылығын азайту, тұрғын үй-коммуналдық желілерін жаңарту сияқты күрделі түйткілдер назардан тыс қалмаған.

Бүгінгі брифинг Атыраудың алдында тұрған міндеттердің көп екенін, бірақ оларды жүйелі жоспарлау мен нақты жобалар арқылы кезең-кезеңімен шешуге болатынын көрсетті. Ең бастысы – атқарылып жатқан жұмыс пен жоспарлы жобалардың барлығы өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталғаны айқындалды.

Дайындаған –  Гүлфия Елтайқызы

11.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20923
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20708
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35842
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34356
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38239