Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект хабына айналуды көздейді

Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жасанды интеллект хабына айналуды көздейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталып, елдің технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың маңызды орталығына айналуға зор әлеуеті бар екенін айтты.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның мол энергетикалық ресурстары, аса маңызды минералдар қоры, заманауи көлік дәліздері және қарқынды дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылымы нарықтарды, технологияларды және инновациялық экожүйелерді өзара байланыстыруға жаңа мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге және оның еліміздің орнықты дамуына қосатын үлесіне ерекше назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес деректерінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жариялап, "Digital Kazakhstan-2029" ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылғанын, алдағы уақытта бұл тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында енгізілетінін айтты.

Сондай-ақ Президент Алатау қаласының дамуына стратегиялық басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қала Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһарға айналады. Осы мақсатта әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компаниялар, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында БҰҰ ЭСКАТО жанынан Орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын да мәлімдеді.

Президент Қазақстанның Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшыларының бірі ретінде бұл платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайтынын айтты.

«Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы жасанды интеллекттің келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.

17.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26442
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25874
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43271
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39069
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43664