Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай қаласына жұмыс сапары аясында Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Президент Қазақстанның Таиландты Азиядағы басты серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтып, биылғы жылдың алғашқы төрт айында өзара тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76 пайызға өсіп, 110 миллион доллардан асқанын жеткізді.
Президенттің пікірінше, бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға толық мүмкіндік бар. Әсіресе, аграрлық өнімдердің экспортын кеңейту арқылы сауда көлемін ұлғайтуға болады.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында Қазақстан мен Таиланд үкіметтері арасындағы өзара байланысты жандандыруды ұсынды.
Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Президенттің айтуынша, Таиланд қазақстандықтар арасында ең танымал туристік бағыттардың бірі саналады. Өткен жылдың өзінде бұл елге 150 мыңнан астам Қазақстан азаматы барған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның да Таиланд азаматтарына бірегей туристік мүмкіндіктер ұсына алатынын айтып, оның ішінде қысқы туризмді дамытуға әлеует жоғары екенін атап өтті.
















