Тоқымдай жер бұйырмай қаңғып жүрген қазақ көп

Тоқымдай жер   бұйырмай қаңғып жүрген қазақ көп

«Әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер тегін беріледі» деген сөздің айтылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алғашқыда қазақстандықтар қуанып: «Бәрекелді! Баяғыдан бері осылай болуы керек еді ғой!» – деп, бір-бірін құттықтаған. Бұл шындық па, аңыз ба? Жерге ділгір адамдар мемлекет тарапынан берілетін учаскелер қай жерде беріліп жатқанына іздеу салып, шындықтың үдесіне жетуге тырысты. Жоқ, бұл сөз шындыққа айналып, кезекке тұрғандар да бар. 

 

Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде 9-орында. Бірақ осы кең-байтақ даладан бір метр жер де бұйырмай жүрген қазақтар жетерлік. Себеп біреу ғана: елімізді жемқорлық жайлады. Қолдарында билік бар адамдар өз елін бас салып тонай бастады. Соның ішінде жерді бөліп алу бірінші орында тұрды. Арзан бағалармен, тіптен тегін алып, алпауыттар өздері пайдаланбаса да, тамаша жерлерді кеуделеріне басты. Естеріңізде ме, тоқсаныншы жылдары осы апас-қапасты пайдаланған қарапайым халық та Алматыда кейбір жер аумақтарын, учаскелерді басып алды. Олар осы жерлерде үй салып, ел қатарына қосылды. 

Әсіресе тоналған ауылдардан келген қазақтар Алматы және басқа қалалардың шет-шетінен жер алып, үйлерін сала бастады. Сол кезде Заманбек Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі болатын. Осы азаматтың кеңпейілділігі арқасында талай қазақ жерге ие болды. Қазіргі Алатау ауданының аумағында жатқан Шаңырақ сияқты жерлерге қазақтар келіп қоныстанды. Тасмағамбетов кезінде олардың салған үйлерін сүріп тастап, зорлық-зомбылық жасағанда халық қаһарланып қарсы тұрды. «Шаңырақ оқиғасы» кезінде халқына араша түскен талай азаматтарымыз сотталып кеткенін жақсы білесіздер. Әрине, қалаға қарай қазақтар көші толастаған жоқ. Алматының іші-сыртындағы жерлердің қазір қожайындары бар. Билік жерсіз, үйсіз қазақтардың көбейіп кеткенін білді. 10 сотық жерді беру идеясын кім шығарғанын білмейміз. Бірақ өте ұтымды әрі халыққа жағымды идея болатын. Ұзынқұлақтан естуімізше, тек Алматының өзінде бұл 10 сотық тоқымдай жерге 1 миллиондай адам кезекте тұр екен. Ал республика бойынша 4 миллиондай адам өз кезегін күтіп отыр-мыс. Бірақ жер алып жатқандар өте аз.

Біздіңше, жеріміз кең, бұл жағынан баймыз. Қалалар сыртында пайдаланбай жатқан жерлер баршылық. Қазір пайдаланылмай тұрған жерлерді алу жөнінде заң бар. Осыны пайдаланып, әлгі жерге ділгір миллиондаған қазаққа жерлерді аямай берген дұрыс. Мәселен, Алматы мен Қонаев қалаларының ортасында жаңа қала пайда болады екен. Неге осы жерлерден халыққа учаскелерді бермеске...

Иә, әлі де тоқымдай жер ала алмай қаңғып, көшіп жүрген қазақ көп. Әділеттілікті салтанат құрғызып, осыларға 10 сотық жер берсе, шіркін! Бірақ ол арман ғой әзірге.

 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
22.05.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 1753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 1244
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 2671
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 2248
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 3448