Жақында Алматы қаласындағы «Тұран» университетінде «Sirius» Интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Sirius Cup VI» республикалық турнирі өтті. «Тұран» университеті – негізі 1992 жылы қаланған ең алғашқы инновациялық корпорация. Жоғарғы оқу орнында студенттің тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін түрлі ұйымдар бар. Сол ұйымдардың бірі – «Sirius» Интеллектуалды пікірсайыс клубы. Бұл ұйымның құрылғанына небәрі 6 жыл болса да, республикалық, аймақтық пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздарын дайындап, көптеген биіктерге жетіп үлгерді.
Тартысты додада қатысушылар берілген ең басты жүлде қоры «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанұлы Алшановтың атынан «4 жылдық ректорлық грант» үшін барын салып, қызықты ойын көрсетті.
Аталмыш турнирге Қазақстанның 7 аймағынан 64 фракция, 128 пікірсайысшы қатысып, бақ сынасты. Турнир барысында мектеп оқушылары әлемдік маңызы бар тақырыптарда ой жүгіртіп, өзара пікір алмасып, қызу талқылау жүргізді.
Турнирде топ жарып, жүлделі үшінші орынға Қарағанды облысынан ат терлетіп келген Хапан Бекжан мен Мағамет Жібекжан жайғасып, «Тұран» университетінің 1 жылдық ректорлық грантын иеленді.
Өзінің білім көкжиегінің кеңдігі мен білімге деген ынтасының арқасында жүлделі екінші орынға Оқан Асыл мен Бақытбек Ақбота жайғасып, еліміздегі үздік жоғарғы оқу орындарының бірі ретінде танылған «Тұран» университетінде 2 жыл тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.
Ұшқыр ойы мен үздік талпыныстарының арқасында алматылық оқушылар Сұлтанбек Мұхамедали мен Мельс Жібек 1-орынды иеленіп, турнирдің ең басты жүлде қоры – «Тұран» университетінің 4 жылдық ректорлық грантын жеңіп алды.
Жас пікірсайысшыларға үлкен мүмкіндіктер сыйлаған – Тұран уриверситетінің «Sirius» Интеллектуалды пікірсайыс клубының экс-координаторы Нысанбаева Ақбота.
Сонымен қатар, «Sirius Cup VI» турнирінің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосқан демеушілеріміз бен университет басшылығына, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанұлы Алшановқа аса құрметпен алғыс білдіреміз