Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде өткен баспасөз мәлімдемесінде тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары түсіндірілді.
Құны 1 миллион теңгеден аспайтын тұрғын үй сертификаты – ҚР-ның Ұлттық банкі бекіткен бағдарлама. Оған ипотекалық тұрғын үй қарызын алу бойынша банктен өтініші қанағаттандырылған «Көпбалалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар» санатындағы және мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен және құқық қорғау салаларында қызмет ететін азаматтар қатыса алады.
– Тұрғын үй сертификаттары «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрық пен Батыс Қазақстан облысы мәслихатының «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін бекіту туралы» шешімі негізінде 2021 жылдың 27 тамызынан бастап беріле бастайды. Қажетті құжаттарды «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кеңсесіне тапсыру қажет, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиев.
Биыл Орал қаласы бойынша тұрғын үй сертификатына 150 миллион теңге бөлінген. Тұрғындардан міндетті түрде екінші деңгейлі банктен төлем қабілеттілігін анықтайтын құжаттың болуы талап етіледі. Айта кетейік, қазіргі таңда әртүрлі санат бойынша 21 140 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 6000- ға жуығына «Көпбалалы отбасылар», «Толық емес отбасылар», «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар» санатындағы азаматтар кіреді.
Баспасөз жиынында аталмыш бөлімнің өкілі тұрғын үй сертификаттарын алу үшін қажетті құжаттар тізбесін таныстырып, оларда қайда тапсыру керектігінен хабардар етті.