Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте келелі мәселелер қаралды. Әуелі Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков шаһар бюджетінің 2023 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен болжамды орындалуы туралы баяндады. Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі Жандос Ордабаев мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің өту барысына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ шаһар басшысы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мәдени іс-шараларды көбейту керектігін де айрықша атап өтті.
– Қаламызда көрікті саябақтар өте көп. Қазір күн жылығандықтан онда ағылған халықтың да қарасы қалың. Алайда, оларды қызықтыратын бірде-бір іс-шара ұйымдастырылып жатқан жоқ. Мәдени-көпшілік шараларды тек мереке күндері ғана ұйымдастыру шарт емес. Сенбі, жексенбі күндері де жұртшылық көп жиналатын орындарда осындай шараларды өткізген жөн. Сондықтан кешенді жоспар әзірлеуді тиісті бөлім басшыларына тапсырамын, – деді қала әкімі.

