Түрік саясаткерлерінің "НАТО-дан шығайық!" атты акциясы дауға ұласуы мүмкін

Түрік саясаткерлерінің "НАТО-дан шығайық!" атты акциясы дауға ұласуы мүмкін

Түркия Қазақстанмен әскери ынтымақтастыққа қол қойған мемлекет, әрі өзін бізбен бауырлас халық деп санайтын ел. 

Сондықтан Түркияның ішкі-сыртқы саясатында болып жатқан нәрселерге назар аударып отыру Қазақстан үшін маңызды. Рас, Түркия мемлекеті қуаты артқан, мызғымас ел. Әлемнің саясатындағы орны да үлкен, салмағы да басым. Соғыс жағдайындағы Украинаның бірқатар проблемаларын ешкіммен ойласпай-ақ жалғыз өзі шешіп берді. Жалпы, Ресей мен Украина соғысының төңірегіндегі ірі ойыншы. Түркия әскері НАТО құрамындағы ең мықты әскердің қатарына жатқызылған.

Міне, осындай мықты елдің өз проблемасы да көп. Үнемі үкіметке қарсы келген сепаратизммен жағаласып отырады. Іргесіндегі Сирия тыныш емес. Халық ішінде Түркияны НАТО құрамында көргісі келмейтін топтар да баршылық. Көршісі Грекиямен қырғи-қабақ жағдайда. Кез-келген сәтте екі арада соғыс оты тұтанып кету қаупі бар. Осының себебінен АҚШ-тың қазіргі билігімен ара-қатынасы да күрделі.

Түркиядағы "Отан" деген партия "НАТО-дан шығайық!" атты акцияны бастады. Бұл партия Түркия енді бір бес-алты айда НАТО құрамынан шығады деген мәлімдеме жасап жүр. Ал Түркияны ұнатпайтын елдердің бұқаралық ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай Түркия НАТО-дан шығады деп жарыса жазып жатыр.

"Отан" партиясы Анкараға қатысты арандатушылық әрекеттерге байланысты Түркия бес-алты айдан кейін НАТО құрамынан шығуы мүмкін дегенді шегелеп айтады. Партия төрағасының орынбасары Этхем Санджактың айтуынша, кейінгі кездегі оқиғалар Түркияны осындай әрекетке баруға мәжбүр етеді. Этхем Санджак Солтүстік Альянсқа біріккен елдер Түркияны көршісі Грекиямен қарсы қоюға тырысатынын айтады. Бұған қоса Швеция мен Нидерландыда орын алған Құранға қарсы әрекеттерді де алға тартады."Отан" партиясы "НАТО-дан шығайық!" акциясының аясында Түркияның бірқатар қалаларында петицияға қол қою үшін үстелдер орнатпақ және Түркиядағы НАТО базаларына қарсы наразылық шеруін өткізбек. Партия бұған дейін бірнеше рет Түркия билігінен АҚШ-тың әскери базаларын жабуды, АҚШ-тан F-16 зымырандарын сатып алу туралы өтінішті қайтарып алуды талап еткен.

Дегенмен мәселеге сергек көзбен қараған адам мұндай саяси акцияның уақытша нәрсе екенін, Түркияның НАТО құрамынан шығуы екіталай екенін жақсы түсінеді. Мысалы, Исмаил Тогрул есімді түрік саясаттанушысы елдегі қарсы көңіл-күйге қарамай, Түркия НАТО-дан шықпайтынын нық сеніммен айтады. Саясаттанушы егер Түркия НАТО-дан шықса үлкен қателікке ұрынады дейді. Түркияны НАТО-дан шығаруды көздейтін арандату әрекеттері үнемі жалғасып жататынын алға тартады.

Исмаил Тогрул Түркия үшін НАТО өте маңызды құрылым екенін айтады. НАТО Түркияны сыртқы жаудан ғана емес, НАТО-ға мүше елдердің кейбірінен де қорғайтын көрінеді. Бұл құрылымға мүше болудың өзі Түркия үшін тиімді болса керек. "Бұл – қорғаныстың шығынын азайтады және технологиялық жағынан дамуға көмек береді. Одан шығу үлкен қателік болады. Түркия оның құрамынан НАТО тараса ғана шығуы мүмкін. Саясаткерлер айта береді, бәрі бос сөз" дейді Исмаил Тогрул.
Түркияны арандатудың кезекті оқиғасы жақында ғана Швецияда болды. Ол елдегі экстремистік партияның өкілдері Стокгольмде Түркия елшілігінің алдында Құранды өртеді, НАТО-ны да, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанды да сынға алды. Түркия Сыртқы істер министрлігі бұл акция Еуропада исламнан шошудың, нәсілшілдіктің және алалаудың көрінісі екенін айтты. Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, НАТО-ға енуге өтініш берген Швецияға Түркия қолдау білдірмейді. Швецияның НАТО құрамына ену мәселесі кейінге ысырылуы мүмкін. Ал Швеция Қорғаныс министрінің Анкараға жоспарланған жұмыс сапарын Түркия тоқтатып тастады.

Түркияның ішінде НАТО-ға қарсы күштердің барын жоғарыда айттық. Халық арасында АҚШ-тың Түркияға ешбір достығы жоқ деп ойлайтындар көп деп жатады. Халықтың біраз бөлігі Түркия мен Сирия келісімге келіп, ол аумақтан террорлық ұйымдарды және АҚШ-ты кетіру керек деп есептейді екен.

Түркия мен Грекияның шекарасы да қиын жағдайда. Теңізге байланысты дау-дамай кейде ушығады. Ондайда әскердің дайындығы да келтіріледі. Мысалы, былтыр жазда соғыс шығып кете жаздады. Грекия Түркия шекарасына алдымен ондаған танк, 60-шақты бронетранспортер мен жаяу әскердің әскери машиналарын жеткізген. Соңынан тағы да әскери техника ағылды. Гректер соғысқа окоп қазып дайындалды. Гректер сонда Эгей теңізінің шығыс бөлігіндегі әскерін жоғары дайындыққа келтірген еді. Екеуі де НАТО-ға мүше елдер. НАТО-да ортақ міндеттемелері бар. Бірақ араларында шешімін таппай келе жатқан байырғы дау да бар.

Көрші екі елдің қарым-қатынасында "Эгей мәселесі" деп аталатын проблема бар. Бұл Түркия мен Грекия арасындағы Эгей теңізіндегі және оның үстіндегі әуе кеңістігіндегі кейбір аумақтардың дау-дамайы. 1987 жылы және 1996 жылы бұл дау қатты ушығып, қарулы қақтығысқа ұласа жаздап әрең басылған.

Түркия десе бүйрегіміз бұрып тұратынымыз рас. Өйткені олар да, біз де түркіміз. Осы күнгі қарым-қатынасымыз өте тығыз. Түркияның тұғыры нығайып, беделі артқанын қалайтын көптеген түркі халықтарының біріміз. Сондықтан Түркия арандатушы күштердің әрекетіне қарамай НАТО құрамынан шықпайтынына сенгіміз келеді.

Ал өткен жыл соңына таяу Самарқанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде 2023 жыл Түркі өркениетін дамыту жылы деп жарияланды. Көне түркі өркениетінің баға жетпес мұрасын сақтау, зерделеу және болашақ ұрпаққа жеткізу маңызды екені ортаға салынды.Түркі мемлекеттері әскери одаққа біріксе деп ойлайтындар көп екені мәлім. Ондай одаққа бірікпесе де бір-бірімен әскери ынтымақтастық құрғанының өзі маңызы үлкен нәрсе болып тұр. Оның сыртында арадағы экономикалық, гуманитарлық ықпалдастық жақсы жолда келе жатыр.

Түркияның НАТО құрамында болуы өзге түркі мемлекеттер үшін де маңызды болса керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Нағашыбек Алдан, inbusiness.kz
31.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тәуекел картасы –  әділдіктің айнасы
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 31.10.2024 172
Ұлт ұясы – Ұлытау, жаңарған Жаңаарқа
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - 31.10.2024 165
Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 27.10.2024 440
Тігінмен  тірлігін түзеген
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы - 27.10.2024 490
ЕСІРТКІ ТҮБІ – ТҮРМЕ
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 27.10.2024 451

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7380
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6812
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10028
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7795
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9012