2025 жылғы 28 шілдеде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Ислам әлемінің Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ICESCO) тізіміне мәдени мұра нысандарын енгізуге арналған номинациялық досьелерді дайындауға арналған алғашқы семинардың ашылуында сөз сөйледі. Іс-шара ICESCO-ның Бакудегі өңірлік кеңсесінде өтті.
Қор президенті бұл іс-шараның Ислам және Түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтау және насихаттау тұрғысынан ерекше маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол семинардың нәтижелі пікір алмасу мен тәжірибе бөлісу үшін пайдалы платформа болатынына сенім білдірді.
Ақтоты Райымқұлова өз сөзінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ICESCO-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтінін және осы бағытта бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында өтетін «Рух Санат» халықаралық мәдени форумына қатысу да осы ынтымақтастық аясында іске асырылмақ. Қор президенті ICESCO Бас директоры Салим бин Мұхаммед Әл-Маликпен жемісті кездесуі және Самарқанд қаласының Ислам әлемінің мәдени астанасы деп жариялануы аясында Қор мен ICESCO арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар туралы айтты.
Семинардың ашылу салтанатында ICESCO-ның Баку өңірлік кеңсесінің директоры Абдулхаким әл-Сенан, ICESCO-ның серіктестік және халықаралық ынтымақтастық секторының басшысы Анар Керимов, директордың орынбасары Мәриәм Ғафарзаде және «Ичеришехер» мемлекеттік тарихи-сәулет қорығы басқармасы төрағасының орынбасары Руфат Махмуд та сөз сөйлеп, семинардың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген өкілдер мен сарапшылардың қатысуымен тренингтік сессиялар басталды. Бұл сессияларда ICESCO номинациялық тізіміне ұсынылатын құжаттарды әзірлеуге қатысты теориялық және практикалық білімдер ұсынылуда.
Айта кету керек, семинарға Түркі мәдениеті және мұрасы қорының делегациясы да қатысуда.