2026 жылғы 22 маусымда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Ақсақалдар кеңесінің 19-шы отырысына қатысты.
Қазақстан Республикасының төрағалығымен өтіп жатқан және 23 маусымға дейін жалғасатын отырыстың ашылу рәсімінде Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым мырза, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің ақсақалдары, сондай-ақ Түркі ынтымақтастық ұйымдарының басшылары сөз сөйледі.
Өз сөздерінде қатысушылар күн тәртібіне енгізілген мәселелердің өзектілігін атап өтіп, одан әрі отырыс негізгі ынтымақтастық бағыттары бойынша пікір алмасу және талқылау форматында жалғасты.

Отырыста сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова күн тәртібіндегі мәселелерге ерекше назар аударып, соның ішінде 1926 жылғы Бірінші Баку Түркология құрылтайының 100 жылдығын атап өтудің маңыздылығына тоқталды. Ол аталған тарихи жиынның Түркі әлемінің ортақ зияткерлік кеңістігін қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті. Сонымен қатар, түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу, дәріптеу және келер ұрпаққа жеткізу үдерістеріне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Профессор Ақтоты Райымқұлова Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Түркі әлемінің бірлігін нығайтуға, ортақ мұраны сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған Ақсақалдар кеңесінің бастамалары мен ұсынымдарын іске асыруға алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар арасында өткен пікір алмасулар мен ұсыныстар негізінде әзірленген Ақсақалдар кеңесінің ұсынымдары қабылданды.














