2026 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасына ресми сапар аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Астана халықаралық университетінің (AIU) Президенті Серік Ирсалиевпен, сондай-ақ Astana HUB және «ҰАТ» АҚ өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қызметі, жүзеге асырылып жатқан жобалар, сондай-ақ түркі әлемінің бай мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы басымдықтар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Қор Президенті Ақтоты Райымқұлова ғылым, білім және инновация салаларындағы заманауи тәсілдерге ерекше мән берілетінін атап өтіп, жоғары оқу орындарымен және тиісті құрылымдармен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Астана халықаралық университетінің Президенті Серік Ирсалиев университеттің академиялық әлеуеті, ғылыми-зерттеу бағыттары мен халықаралық әріптестік мүмкіндіктері туралы баяндап, түркі мәдени мұрасын зерттеу және оны цифрлық платформалар арқылы кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Ал Astana HUB пен «ҰАТ» АҚ өкілдері мәдени мұраны сақтау және ілгерілету саласында инновациялар, стартаптар мен цифрлық шешімдерді қолдану мүмкіндіктеріне тоқталды.
Кездесу аясында тараптар болашақтағы ынтымақтастық перспективаларын талқылап, бірлескен жобаларды іске асыру, ғылыми-білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ цифрландыру мен инновациялық тәсілдерді қолдану мәселелері бойынша пікір алмасты.













