ТҮРКІ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАРЫН ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕҢ АУҚЫМДЫ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

ТҮРКІ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАРЫН ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕҢ АУҚЫМДЫ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

2025 жылғы 24 қараша күні Астанада (Қазақстан) «Тамыр мен үн: түркі музыкалық аспаптарын жасау дәстүрлері мен заманауи шешімдер» атты Халықаралық симпозиум өтті. Симпозиум Астана қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірлесіп ұйымдастырған «Әлем Әуені» халықаралық өнер фестивалі аясында өткізілді.

Симпозиумның мақсаты — түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасау дәстүрін кешенді зерттеу, ежелгі технологиялар мен қазіргі инновациялық тәсілдердің өзара байланысын айқындау, сондай-ақ шеберлер, ғалымдар, орындаушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға арналған ғылыми-практикалық алаң құру.

Ашылу рәсімінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Актоты Райымқұлова қатысушыларға арнаған сөзінде дәстүр мен қазіргі заманның бірлігі жаңа зерттеулерге, технологиялық тәсілдерге және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтіп, симпозиумның осы саладағы мамандарды біріктіретін маңызды платформа екендігін назарға алды.

Одан кейін Қор президенті пленарлық отырыстардың модераторы ретінде сөзді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәліге; Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкеновке; Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкенге; Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменоваға; «Мажар мұрасы үйі» бас кеңесшісі, Мажарстанның Еңбек сіңірген әртісі Акоч Гергейге ұсынды.

Симпозиум аясында «Ортақ үн: түркі музыкалық аспаптарын зерттеу және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Талқылау барысында түркі халықтарының музыкалық мұрасын зерттеу және осы саладағы институционалдық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері басты назарда болды.

Іс-шара барысында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Узеир Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясы бірлесіп басып шығарған «Түркітілдес мемлекеттердің ұлттық музыкалық аспаптары» кітабының таныстырылымы өтті. Төрт тілде дайындалған бұл басылым халықаралық деңгейде түркі музыкалық мұрасын таныстыру мен ғылыми жүйелеудің маңызды көзі ретінде жоғары бағаланды.

Симпозиум қорытындысы бойынша қатысушылар түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасау мұрасын сақтау, зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған бірлескен Резолюция қабылдады. Құжатта музыкалық аспаптар бойынша бірыңғай ғылыми база құру, дәстүрлі шеберлік мектептерін жүйелі зерттеу, музыкалық аспап жасауды оқытатын арнайы курстарды білім беру бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ цифрлық архивтеу, 3D-модельдеу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту сияқты басым бағыттар атап көрсетілген.

Резолюцияда ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында түркі музыкалық мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға бағытталған бірлескен бастамаларды дамыту көзделген және Түркі халықтарының Музыкалық Аспап Шеберлері Ассоциациясын құру мүмкіндігін қарастыруға келісім білдірілген.

25.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20269
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20102
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35224
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33791
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37634