Бүгін бұл туралы Түркістан музыкалық драма театрында өткен У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық спектаклінің премьерасына қатысты баспасөз мәслихатында толығырақ айтылды. Жиынға қойылым режиссері Дина Жұмабаева, театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова және қойылымның бас кейіпкерлері – Данияс Нұрқабден, Ақбөпе Жеңісбек, Жұлдыз Абдукаримова, Медғат Өмірәлиев және Шерхан Саматұлы қатысты.
– Біз эксперименталды театр болғандықтан, барлық спектакльдерімізде басты рөлді сомдауға өзге театрлардан әртістер шақырамыз. Бұл жолы да режиссер мен қоюшы-суретшіні, бірқатар актерларды үздіктер қатарынан таңдап алдық. Алайда 3 жылдан кейін қойылымдағы басты рөлді театрымыздың төл актерлары ойнайды. Бұл біз үшін үлкен жетістік, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова.
Кездесу барысында жаңа қойылым туралы қызықты әрі тың ақпараттар баяндалды. Содан соң театр көрермендері мен БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Дина Жұмабаева бұған дейін Қазақстан театрларының сахнасында үш рет сахналаған бұл қойылым Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде сахналанатынын тілге тиек етті. Қойылымның негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді.
Театр репертуарына қосылған классикалық шығарманы қазақ тіліне аударған – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев.
Айта кетейік, 4-5 мамыр күндері өтетін қойылымда басты рөлдерді театрдың төл актерлері сомдайды. Ромео рөлінде Данияс Нұрқабден, Мұзафар Ғалымжанұлы және Джульетта рөлінде Ақбөпе Жеңісбек, Нұрай Сайлаубаева. Сондай-ақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, ҚР мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Жұлдыз Абдукаримова.