Түркістан қаласында режиссер Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Тарихи туындының таныстырылымына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильмнің авторлары мен актерлық құрамы, жергілікті зиялы қауым мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты.
– Шығармашылық топты тарихи туындымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан төрт жыл бұрын түсірілімі басталған фильм бүгін еліміздің барлық кинотеатрынан көрерменге жол тауып отыр. Біз осылайша Қажымұқанның өмірімен өскелең ұрпақты таныстыра аламыз. Оның жетістіктерін ұлықтай отырып, үлгі алуымыз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Turan mall» сауда орталығының «Prime Сinema» кинотеатрында өткен көрсетілім алдында фильмнің қоюшы режиссеры Қанағат Мұстафин, Қажымұқан рөлін сомдаған Ербол Төлепберген, Қажымұқаның жары рөліндегі Жазира Еркін және фильмнің продюсерлері – Бауыржан Құлмырзаев, Нұржан Жұманов бастаған қонақтар қызыл кілемнен жүріп өтті. Содан соң шығармашылық топ көрермендерге түсірілім барысы жайлы баяндап берді.
Фильм режиссері Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кірісіп, тақырыпты 10 жылдан астам уақыт зерттеген. Режиссердің айтуынша, Қажымұқан өзінің мықтылығын өз заманының ең жақсы балуандарын жеңіп дәлелдеген. Ол – Парижде, Лондонда, Берлинде, Ыстамбұлда, Буэнос-Айресте және Чикагода қошеметке бөленген алғашқы қазақ спортшысы.
Айта кетейік, «Қажымұқан» атты тарихи көркем фильмі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, француз күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, әлемдік, өңірлік, ресейлік, кейін бүкілодақтық чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Қажымұқан Мұңайтпасұлы жайында түсірілген. Сонымен бірге дала батырының халқына деген сүйіспеншілігі, сол замандағы саясат, елдің ауыр жағдайы да суреттелген.