Түркістанда қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында бірнеше спорт түрінен жарыс өтіп жатыр. «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған спорт жарысында жасөспірімдер волейбол, шахмат пен тоғызқұмалақтан сынға түсті.
Спорт жарысының мақсаты – бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстауды насихаттау. Жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
“Сауран” тұрғын алабында өткен шахмат сайысына қаладағы 10 мектептен жиналған оқушылар қатысты. Интеллектуалды ойында ұлдар арасында №8 мектеп және қыздар арасында №6 мектеп оқушысы алғашқы орыннан көрінді.
Ал, Яссы тұрғын алабында волейболдан өткен жарыста №15 М.Жұмабаев мектебінің оқушылары I орынды иеленіп, II орын №24 М.Шоқай мектебі, III орын №14 Қазыбек би мектебінің жас спортшыларына бұйырды.
Сонымен қатар, “Бірлік” тұрғын алабында ұлттық ойын түрі тоғызқұмалақтан жарыста өтіп, ой ұшқырлығы сыналатын бәсекеге шаһардағы №27 Ө.Жәнібеков пен Е. Иззатуллаев атындағы білім ордаларының оқушылары қатысты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.