Түркістандық БЖМОФМ футболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Алматы облысы Қонаев қаласында өткен жарыста 14 жастағы жасөспірімдер жарысқан болатын.
Топтық кезеңде жерлестеріміз Қостанай, Талдықорған, Шымкент және Петропавл командаларын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда жамбылдықтардан 2:0 есебімен басым түсті. Ал финалда Алматы облысы құрамасымен сынға түсіп, жүлделі екінші орынға жайғасты.
Одан бөлек, чемпионатта команданың екі ойыншысы арнайы марапатталды. Атап айтқанда, Әмірәлі Бектөре «Үздік жартылай қорғаушы» атанса, Аман Рахман «Үздік шабуылшы» болып танылды.