Тың жобалар табысқа бастайды

Тың жобалар   табысқа бастайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың жай-жапсары баяндалды. Белгілі болғандай, былтыр өңіріміз ел көлемінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бағыты бойынша жетінші орынға тұрақтапты.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықовтың жобалар өнеркәсіп саласын дамытуға оң серпін беретінін атап өтіп, «Жаңа жобаларды іске асыру және кәсіпорындарды жаңғырту негізінде сала тұрақты түрде дамып жатыр», – деген ақпаратпен бөлісті.

Былтыр облыс бойынша өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсіп, өнімділік 395 млрд теңгеден 490 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 9,8 пайыз өсімді құрап, 2021 жылы өнімділік 306 млрд теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 401,6 млрд теңгеге жеткен.

Жергілікті зауыттардың өнімдеріне деген сұраныстың артуы да дамудың оң нәтижесін байқатады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2022 жылдың өсімі 28 пайызды құраған. Спикер машина жасау саласындағы өсімнің 3,3 пайызға өсуі жақсы нәтиже дейді. Бұл салаға жаңадан іске қосылған «Урал» мотоциклін шығаратын зауыт өз үлесін қосқан. Зауыт 2022 жылдың тамызынан бастап 8,9 млрд теңгенің 730 мотоциклін шығарған.

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың тиімді жолы – индустрияландырудың бірыңғай картасы. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама аясында алғашқы екі бесжылдықта (2010-2019 ж.ж. аралығы) өңірімізде 57 млрд теңгенің 71 жобасы жүзеге асқан. Нәтижесінде үш мыңға жуық адам жұмысқа тартылған. Үшінші бесжылдыққа жоспарланған 25 жобаның 17-сі бүгінде іске қосылған. Бұл жобалардың жалпы құны – 141 млрд теңге.

– 2019 жылы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Арнайы экономикалық аймақ қатысушылары импортқа қосымша құн салығы, жер салығы, мүлік салығы, кедендік баждар, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Арнайы аймақ аумағында инфрақұрылымға қолжетімділік түрінде жеңілдіктер беріледі, «Бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік әкімшілендірудің тиімді жүйесі құрылған, – дейді Нұржан Садықов.

Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақ қатысушыларымен 196,8 млрд теңгенің 9 шарты жасалған. Оның аясында 2,7 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылады. Трансформаторларды өндіру мен сату және «CLAAS» ауылшаруашылық техникасын құрастыру жөніндегі екі жоба қолға алынды. Жоспарланған тағы бірнеше жоба бар.

Бұл саладағы жұмысты жандандырып, өңір экономикасы үшін тиімділігін арттыруда шетелдік инвестициялар тарту аса маңызды. Мәселен, «ATM Petropavlovsk Hospital» ЖШС 480 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана салып жатыр. Жобаның инвесторы – «YDA Holding» түрік компаниясы.

«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында тағы жеті жоба жүзеге асырылады. Жеңіл болаттан жұқа қабырғалы конструкциялар шығаратын ресейлік ЛСТК зауытының, ауылшаруашылығы техникасының тіркемесін шығарумен айналысатын немістің «Reimann» компаниясының, түріктердің бүгінде құрылысы басталған «NordPanels» тақтай шығаратын зауытының, темірбетон құбырларын өндіргісі келетін ресейлік «Гортек.ҚЗ» компаниясының, жергілікті «Атамекен Агро Ойлз» май экстракциялау зауытының, ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру бойынша «Казтехмаш» машина жасау зауыты» ЖШС-ның, ұзақ сақталатын нан-тоқаш пісіруді көздейтін «Хлебпром» ААҚ-ның жобалары қолдау тапқан.

 

Нұрсайын Шәріп, Солтүстік Қазақстан облысы
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 865
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6934
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10771
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7005
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7144