Тынжының шаңырақтың иесін іздеуі
– Тыныштықкүл, Маржан, қазақ елін, салт-дәстүрін анимация арқылы әлемге танытып жатыр екенсіздер. Құтты болсын, жүлделі орынға ие болыпсыздар! Енді осы туындының дүниеге келуіне не себеп болды? Аты да қызық екен: «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін».
Тыныштықкүл:
– Бала күнімде әкемнің ылғи «шаңырақтың иесі болу керек» деп айтатыны есімде. Отбасында 6 қыз болдық. Әкем 59, шешем 47 жаста болды. Мен кенжесі едім. Сол балалық шағымның оқиғаларын тізбектеп, сценарий жазу үшін 15-17 жылдай уақыт кетті. Оны «Қазақфильмге» ұсынып едім, қабылдамады. Шығармамды қысқартып, қайта өңдеп шықтым. Ойымдағыдай сценарий дайын болғанша қызым Маржан да оқуын бітірді (Ол А. Жұбанов атындағы саз мектебін оқып, О. Таңсықбаев атындағы өнер колледжін, сосын Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын режиссер-аниматор мамандығы бойынша бітірді). Маржан оқып жүргенде «Сен сұлу» деген жобаны жасап шыққан болатын. Жұмысын көріп, көңілім толды. Қызымның қолынан бір нәрсе келетінін түсіндім де, өзіме көмекші етіп алдым. Жасап шығаруға 4 жарым жыл кетті. Сөйтіп осы фильмді бастан-аяқ ойластырып, дүниеге келтірдік.
Маржан:
– Бұл мультфильмде анамның басынан кешкен оқиғалары суреттеледі. Балалық кезіндегі шытырманға толы сәттері қазақы салт-дәстүрмен өрнектеледі. Жұбаныш ақсақалдың 6 қызы болады. Артынан ерер ізбасары болмағандықтан, оның үнемі көңілі түсіп жүреді екен. Әкесінің қиналғанын көрген кенже қызы Тынжы оған көмектесіп, ұл орнына ұл болғысы келеді. Бәйгелерге қатысып, үнемі қанжығасы майланып қайтатын. Бірақ әкесінің көңілі тыншымай, ұлдың орны бөлек екенін айтып, «шаңырақтың иесі керек!» дегенінен танбайды. Оның мұңайған жүзін көрген Тынжы бала қиялымен «шаңырақтың иесін іздеп» алыс сапарларға шығып, шытырман оқиғаларға тап болады.
– Оқиға қызғылықты екен. Балаларды тез баурап әкетеді деп ойлаймын. Тынжы деген ат не мағына береді? Әкеңіз ақыры «шаңырақтың иесін» табады ма?
Тыныштықкүл: – Иә, әкем мені Тынжы деп атайтын. Өйткені үнемі жыбырлап, бір нәрсені істеп жүретінмін. Бір күш ішкі ойларыма маза бермей, тыншымай жүретіндіктен, Тынжы деп кеткен екен. Ал «шаңырақтың иесін» тапты ма, жоқ па, оны көрермендер өздері мультфильмді көру барысында түсінеді. Әзірге құпия болып қалсын. Алдағы уақытта көптеген фестивальдерден орын алып жатсақ, Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көрсетіледі деген үміттеміз.
– Мультфильмді шығару барысында қиындықтар туды ма? Қол ұшын беріп, көмектескен жандарды атасаңыздар?
Маржан:
– Анама ешқандай қиындық тумады. Оған француз компаниясында істейтін ағам Мағжан көмектесіп отырды. Аниматор Арыстанбек Қасеновке айлығын төлеп, қаржылай көмек берді. Менің тарапымнан біраз қиындықтар туды. Екі қызым кішкентай болды. Таңертең қоларбамен сүйреп келіп, мамама көмектесетінмін. Содан қас қарайғанша отырам. Менің де ата-енем, күйеуім бар, ол кісілердің күтімі, үй шаруасы дегендей... Сауда саласында болғандықтан, менің өнерімді онша түсінбеді. Содан ауылдан анамның туыс сіңлісін шақырып алып, кішкентайымды қараттық. Сөйтіп 2022 жылдың сәуірінде жұмысты бітірдік. Жастары 70-тен асқан тәжірибелі мамандар Алтынбек, Арыстан ағалар мен Тамара, Гүлмира апайларды көмекке шақырдық. Ұлтжанды мықты режиссерлер. Зира Наурызбаева деген апай да көмекке келді. Ол кісілер жұмысымызды көріп, риза болды. «Әмен Хайдаровтың ісін жалғастыратын ұрпақ бар екен ғой! Өлмепті! Керемет дүние жасапсыңдар!» деп қуанып, батасын беріп жатыр. Қиналғанда қол ұшын беріп, туындымыздың сәтті өтуіне жәрдемдескен барлық жақсы адамдарға алғысымызды айтамыз!
Төрткүл дүние назар аударған мультфильмді сұраушылар көп
– Сонымен, «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмін жан-жаққа жібере бастадыңыздар ғой. Қандай жүлделі орындар алды?
Маржан: – Иә, түрлі фестивальдерге, шетелдерге жібере бастадық. Токиодан Гран-при жеңіп алдық. Бұл фестиваль «Tokyo film award» деп аталады. Ұлыбританияда, Индияда 30 фильмнің ішіндегі іріктеуден онлайн түрде өттік. Жақында ең үлкен фестиваль «TAAF 2023» соған шақырту алдық. Алла қаласа, 10 наурызда көрсетілімі болады. Франциядан келген режиссермен біздің фильмімізді көрсетеді. Соған орай баспасөз конференциясы өтіп, журналистер сұхбат алмақшы. Былтыр қыркүйекте Түркияда болдық. Анкарада елшіні шақырып, үлкен «Bilkent centr» деген сауда үйінде премьераның көрсетілімі өтті. Көрермендер 150 адамдық залға сыймай, 200 адамға орын берілді. Түрік елінің қарапайым халқына дейін «фильмді көрсек бола ма?» деп сұранған екен. Ерден деген түрік елшісі көріп риза болып, «Анталияда қазақтар көп, солар да көрсін» деп Анталияға жіберді. Түрікше субтитрмен болды. Залда көбіне түрік балалары отырды. Әдетте ойын балалары жыбырлап, қыбырлап, телефон шұқылап кетеді ғой. Бірақ олар бір нәрсе түсінгендей қимылсыз отырып көрді. Мұнда үлкен залда 400 адам болды. «Түрік TAAF» қорының басшысы, атын ұмыттым, әйелі Әсел деген қазақ қыз екен, бізді жылы шыраймен жақсы қарсы алды. Түркиядан көңіліміз өсіп, қуанып қайттық. Иә, былтырғы 2022 жыл біз үшін жемісті жыл болды. Еңбегімізге есеп бергіміз келіп, желтоқсан айында «Esentai Mall» сауда үйінде фильмнің тұсаукесерін өткіздік. Көпбалалы аналарға, балаларға шақыру жібердік. Негізі 206 адамға көрсетуіміз керек болған, біраз адамдар залға сыймай қалды.
– Ең қиын жанр мультфильм дейді. Мемлекетіміз оны жақсарту үшін не істеуі керек? Шетелдерде осы салаға қандай қамқорлық жасайды екен?
Маржан: – Түсінбеген жандар мультфильмді балаларға арналған жеңіл дүние деп ойлайды. Мәселен 1 қимылды 1 секундта қозғау үшін 24 сурет жасау керек. Ал тұру, жүру, сөйлеу, секіру сияқты қимыл-қозғалыс үшін қанша кететінін өзіңіз ойлай беріңіз. Басында 55 шақты персонаж болады деп ойлағанбыз. Сөйтсек 188 персонаж жасап тастаппыз. 9-10 локация (фон тұратын жер) жасаймыз деп ойлағанбыз, 40- тан астам жасаппыз. Өзіңнің сүйікті ісіңнен артық не бар? Бір бастасаң қызығып кете бересің ғой. Бәрі бітті ме дегенде бірде анам хабарласады: «Маржан, мен бір сцена таптым, фильмді бәйгеден бастағым келеді», – деп. «Ой, оның бәрі қаншама жұмыс, білесіз бе?» – десем: «Бәрі күшті болады, қызым! Жасайықшы, мен саған сосын балмұздақ алып берем», – деп алдайды ғой. Қалай күлмессің! Анимация деген бөлек дүние. Тұнып тұрған қиял-ғажайып, фантастика ғой! Мемлекет жалпы мультфильмге жақсы қаржы бөледі. Бұрынғы министр Д. Абаев қолға алып, болмаған нәрсе, 1 сағаттық мультфильмге 350 млн аударды. Бірақ уақыт жетпейді, 1-2 ай ғана береді. Бәрі мультфильмді жеңіл нәрсе, оңай бітетін шаруа деп қарайды. 1 күн кешіксең, 3% айыппұлы тағы бар. БАҚ арқылы телеарналарға, түрлі әлеуметтік желілерге шыққымыз келеді. Сұрасаң, «400 мың бересіз бе немесе неше бере аласыз?» дейді. «Қазақстан», «Балапан», «ХитТВ», т.б. каналдарға тек таныс арқылы кіресіз. «Программамыз көп, уақыт жоқ» дейді. Осы дүниемізді қазақ балаларына көптеп таратсақ деймін. Шамам келгенінше тегін таратып та жүрмін. Өткен жылы Польшада болдым. Бәрінде бір-бір кабинет. Бұрынғы ескі пленкалармен жұмыс істеп отыр. Тек шығармашылықпен айналысады. Ақша іздеп, әркімге жалынып жүрмейді. Өздерінің продюсерлері, қаржыгерлері бар. Біз сияқты фестивальдерге қатысып жүрмейді. Түркияда дыбыс жазатын аппаратура мықты. Әрқайсысында бір-бір маман отырады. Мәселен Жапония – анимациялар отаны. Сондықтан шетелге жиі шығып, тәжірибе алмассақ деймін.
– Тыныштықкүл, сізге қиял-ғажайыпқа толы күш-қуат, шабыт сыйлаған туған жердің қасиетті топырағы туралы айтсаңыз. Сол бала кезден-ақ сурет салуға әуес болған шығарсыз?
Тыныштықкүл: – Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы Қызылдихан ауылында дүниеге келдім. Әке-шешемнің 9 қыз, 2 ұлы болған екен, яғни шешем 11 құрсақ көтерген. Ол кісі кезінде ауылда канал қазудан жеңімпаз болып, 2 метр қызыл пүліш мата ұтып алыпты. Өзі керемет тігінші, ісмер жан болса керек. Сөйтіп пүліштен 2 бауырыма тақия, камзол кигізіп, бір жерге апарады. Сонда көз тиіп, екеуі де қайтыс болып кеткен екен. Артынан 3 қыз да шетінеген. Қалған 6 қыз өстік, оқыдық, жан-жаққа тарадық. Мен 5-6 сыныптан бастап сурет салып, шығармалар жаздым. Шығарманы әсірелеп, көркемдеп жазғанды ұнататынмын. Сол кейін сценарий жазуыма көмегін тигізді. Алғаш соғыс туралы шығарма жазып, ұстазым Күләш Дастанова апайым мақтап, көзіне жас алғаны есімде. Ауылда бір жыл жұмыс істеп, Алматыдағы О. Таңсықбаев атындағы өнер колледжінің роспись бөліміне оқуға түстім. 1982 жылы бітіріп, Қызылордадағы шеберханада суретші-безендіруші болып 3 жыл жұмыс істедім. Өнер академиясына оқуға түсе алмадым. Бір күні бір курстасым «Қазақфильмде» «Қаңбақ шал» мультфильмін бірге жасауға шақырды. Содан бері жұмыс істеп, Алматыда тұрып жатырмын. Негізі, мен бір жерде ғана жұмыс істемедім. 5-6 жерде қатар істей беретінмін. «Айгөлек» журналы, «Мектеп», «Алматыкітап» баспасы, т.б. қайда балалар басылымы бар, сонда қызмет жасадым.
Қағазбастылық, жиналыстар жұмысымызға кедергі келтіреді
– Мультфильм саласында тағы қандай жұмыстар атқардыңыздар, өткен жылға өкпе бар ма? Қандай қиындықтар кездесті?
Тыныштықкүл: – Өткен жылға өкпеміз жоқ. Аллаға шүкір! «Baiqonur» үздік сценарий номинациясын жеңіп алдық. Шетелдерге шығып жатырмыз, жүлделі орындарға ие болдық. Шанхайдағы «Ең үздік мультфильм» деген атпен диплом алдық. «Қазақфильмге» сценарий өткізген болатынбыз. «Қандай рахат, сәбилер жыламаған!» деген атпен 20 жобаның ішінен ұтып алдық. Бізде бір қиыны – уақыт тапшылығы. 2 ай мерзім берілді. Негізі 10 минуттық мультфильмге 6-8 ай береді. Уақыт өте тығыз болып, шалалау дүние шықты. 1,5 айда екі мультфильм жасадық. 2-ші фильмді рұқсат сұрап, анам екеуміз «Балалы үй – базар» деген атпен қайта жасап, жаңа жылға дейін өткіздік. Мультфильміміз қытай, түрік, ағылшын тілдеріне аударылып, дайын тұр. Ал бізге фестивальдерге дайындалу қажет. Құжаттарды дайындап, хат жазып, сол жағынан үкімет тарапынан қолдау күтеміз. Біз шығармашылық адамдарымыз. Қағазбастылық, бітпейтін жиналыстар мен есеп беру әлі де көп. Ойымыз бөлінеді. Мәселен қыркүйекте сауда үйінде өткізген тұсаукесеріміз бен жеке көрмемде әкімшілік тарапынан кедергілер көп болды. Сурет картиналарым мен «Көңілімнің көш-керуені» атты қауақтан жасалған дүниелерімде тұнып тұрған ұлттық салт-дәстүр суреттеледі. Бұл оларға ұнамаған сияқты. Заманауи абстрактілі нәрселерді көрсету керек екен. Әйтеуір жалынып-жалпайып жүріп өткіздік. Бір күнге 500 мың төлейді екенсің, оны 400-ге түсірдік. Басшысы бір шетелдік екен. Міне, көріңіз, өз елімізде тұрып қалай бейшараның күйін кешіп жүргенімізді!
Маржан: – Мультфильмнің баланың дамуында рөлі күшті. Жас сәбилеріміздің тілі осы арқылы шығады. Мәселен Қырғызстанда «Балапан» телеарнасын көріп, балалары қазақ тілінде сөйлей бастаған. Енді олар тулап жатыр дейді. Қырғыздарда аниматорлар жоқ. Жағдай жасаса, «Балапанда» мықты жігіттер баршылық. Продюсері Мақпал Жұмабай жақсы нәрселерді қозғады. Ал 1 айда 15-20 мультфильм жасап шығару керек болғаннан соң, әрине, асығыс, шала дүниелер келеді. Соларды телеарнадан көрсетеді. Кейіпкерлерінің түрлері қорқынышты. Персонаж тартымды болу керек. Ал бұл кішкентай балаларымызға кері әсер етеді ғой! Алдар көсені жазған Краусты алайық мысалы. Біздің жігіттердің салғырттығынан Краус өзінің пысықтығына, немістігіне басып мультфильмді шығарып алды. «Балапанға» ешқандай дүниелерімізді жібере алмаймыз. Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан Көркемдік кеңес, арнайы комиссия болса деймін. Бізде «Қазақ анимация» орталығы бар. Офисі «Қазақфильмде». Жақсы мамандар да жетерлік. Мәселен Адай Әбілдаев «Күлтегін», «Аңшы» деген мультфильмдерді жасады. Тілек деген жігіт «Мұзбалақты» жасады. Қазір «Аңыз» деген атпен офисі жеке бөлініп кетті. 2015 жылы Қытаймен келісімшарт жасап, зауыттан тапсырыс беріп, анам екеуміз ұлттық дәстүрде кәдесыйлар, магниткалар жасап тараттық. Халық тойбастар ретінде әртүрлі мерекелерге, тойларға сатып ала бастады. Шетелден келген қонақтар көп алды. Алғашқыда машина болмай, әуежай, вокзал, сауда үйлеріне автобуспен қатынап 3-4 ай жүрдік. Тауарымызды әрбір дүкендерге кіріп өткізген күндер болды. Сол қиындықтарды өз күшімізбен, таза еңбегімізбен жеңдік. Қазір «Тынжы» атты студиямыз бар.
Жалпы Еуропа елі тоқырау үстінде. Түркия да солай еуропаланып кеткен. Олар біздің халықтың салт-дәстүрге бай фильмдерімізді көріп таң қалады. Елімізде аңыз-дастандар, ертегілер көп. Солардан неше түрлі мультфильмдер шығаруға болады ғой! Біздің арманымыз қазақ мультфильмін ұлттық дәрежеде биікке көтерсек, шіркін, дейміз.
– Тыныштықкүл, Маржан, еменжарқын сұхбат бергендеріңізге көп рақмет! Жұмыстарыңыз алға басып, әрқашан өнердің аламан бәйгелерінен олжалы оралуларыңызға тілектеспін!
PS: Иә, бүгінгі әңгімеміздің өзегі болып отырған «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деген мультфильмді әлемнің бетке ұстар алпауыт мемлекеттері мойындап жатыр. Біздің зор кемшілігіміз әп дегенде жақсы дүниемізді өзіміз менсінбейміз. Тек әлем мойындағаннан кейін ғана барып мойындай бастаймыз. Мәселен Димашымызды да сөйттік. Яғни бізде жаттық бар. Мәселен сұхбатымыздың кейіпкерлері алғашқы көрсетілім жасауға барғанда «заманауи абстрактілі дүниелерді көрсетеміз» деп талап қойған. Бұл қандай талап, неден қорқамыз? Сондай-ақ кинотеатрларда, телеарналарда мұндай ұлттық дүниелерді неге тегін көрсетпеске?