Ұлағатты ана ұрпаққа үлгі

Ұлағатты ана ұрпаққа үлгі

Шынайы ниет, ақ пейілді тілек қабыл болатынына мына өмірде бір емес, бірнеше рет көзіміз жетіп жүр. Содан болар, көңіліміз түскен жандарға ыстық ықыласымызды білдіруден тартынбаймыз әрі жалықпаймыз да.

“Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес” дейді халық даналығы. Былтырғы жылы балуаншолақтық Шымшық Мадалиева әжеміз  туралы жазғанымда “ “Бүгінгі қоғамдағы қаракөздерімізге аналарымыздың өмір жолын дәріптеп, үлгі алуға үндесем, қазақ аналарының алдындағы абыройлы парызымның өтелгені деп білемін” дейді ақжаулықты анамыз” деген өрнекті жолдарды келтіріппін. Әженің әр сөзіне құлқыммен құлақ түрген болсам керек, бүгінгі қыз-келіншектерге үлкен жүректі анамызды үлгі етуден жалыққан емеспін.

Жақын күндері жағымды жаңалықты естіп жаным жадырап сала берді. Жомарттық іске жол салған Шымшық Мадалиева апамыз бен жанашыр азаматтарды ұлы істерге ұйыстырып жүрген ұйымшыл жан,  Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев ағамыздың “100 Ұлт жанашыры” атты жинақ кітапқа енгенін білдік. Ілкімді істерімен іріленіп жүрген үлгі тұтар жандардың көптің ішінен суырылып, кіл жақсылардың топтасқан кітабына іріктеле іліккенін іргелі іске баладық. “Жақсылықты бөліссең көбейеді” демекші, қос азаматты құттықтауға асықтым.

Шымшық апамның қолындағы келіні Айжан әпкеге хабарласып, баруға ниетті екенімді жеткіздім. Қашанда қонақжай пейілдерімен дараланған текті жандар жолымды тосып, жақсылығына болысуымды қос қолдап қолдай кеткеніне ішім жылып сала берді. Алды ақ жайлау, аңқылдаған Найман ағам аяғымды жерге тигізбей Шымшық апамның үйіне алып барды. Жаныма Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте өзім жетекшілік ететін “Жас қаламгер” үйірмесі мүшелері Рауан Арыстанбек пен Мерей Сапанды ертіп алдым. Екі қызды жаныма ерткенім, еріккеннің ермегі емес. Шымшықтай көргені мен түйгені мол, көркем мінезге бай анамызды бұрымдыларға үлгі ету, сол арқылы ұлтты сақтар қыздарымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірту. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» демей ме, қазекем?! Көргені мен түйгені мол асыл әжеміздің көкірегінде көкөрімдерге айтар өсиеттері сайрап тұр, жастарға жөн көрсетіп, жол сілтеуден танған емес. Ең бастысы, оның бойында адамдық деген бір ауыз сөздің сәулесі ерекше нұрын шашып тұрады. Сол сәуледен қаракөздеріміз қуат алса деген тілек менікі. Ендеше сыр сандықтан сыралғы алған сырғалыларымыздың сұхбатына зер салалық.

Шымшық әже, сіздің өмір жолыңызбен ұстазымыздың айтуымен таныс болдық. Еш қиындыққа мойымаған қайсар ана дестік. Сіз қандай марапатқа болса да лайық жансыз. Күні кеше алған мәртебелі марапатыңыз құтты болсын. Алған марапатыңыз жөнінде толығырақ тарқатып айтып бере аласыз ба?

-Кітапқа кездейсоқ ене салған жоқпын. “Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көрерсің” деген өсиеттің жаны бар-ау. Бірақ қандай жақсылық жасасам да қайтарымы болсын деп жасамадым. Өмірге келген кезім сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді, небір ауыртпалықты да  бастан кешірдік. Сонда да мойымадық, алдымызға кез болған дауылға қасқайып қарсы тұра алдық. Шырғалаңы көп өмірде шыңдалып, бұралаңы көп өмірден адаспай, алға жылжыдық. Ұрпақ өрбітіп, барымызды да, нарымызды да солардың жолында сарп еттік. Еңбектің еленгені сол шығар, әр жомарттық ісімде демеп отыратын да сол менің перзенттерім. Бүгінгі күнге дейін көпбалалы, аз қамтылған үш бірдей отбасыға баспана алып бердік. Сауапты істің дәндерін төңірегіме сеуіп, ұрпағым да сол істі жалғастырса екен деген тілегім бар. Балуан Шолақ ауылындағы қорғанды қоршауға мұрындық болдым. “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген сөздің киесі болар, әруақ қолдап, күні кеше ғана “100 Ұлт жанашыры” кітабына еніп, еңбегім бағаланды. Алматыда өткен келелі кездесуге  барғаным сол еді елдің бет-бейнесі саналып жүрген болмысы бөлек азаматтар сый-құрметке бөледі. Ақ жаулық таққан ақшаң жүзіме елжірегені ме, аналық алтын басымды құрмет тұтқаны ма, әйтеуір ә дегеннен бата беруімді қолқалады. Жасым мен жолымның үлкендігінен бе, кітаптың да алғашқы беттерінен орын беріпті. “100 Ұлт жанашыры” жинағы қолыма тиіп, ерекше толқып отырмын. Балаларымның да қуанышында шек жоқ. Әр қазағымның жақсылық жасаумен жарысқанын көрер күнге жетейік!

Ауыл жұртының жеті қазынасына балаған жанның бірісіз. Бүгінгі қазақ келіндеріне көңіліңіз тола ма?  Қазақ қыздарына айтар ақыл-кеңесіңіз?

Ауылымызда мен секілді жеті ана бар, солардың басы болсын деп мені сайлады. Ауылға кірген жанның көзі сүйсінетін көрікті мешітіміз бар. Сол мешіттің тасы қаланған күннен басы-қасында жүріп, құрылыс жасап жүрген балаларымызға ас-суын әзірлеумен болдық. Сонда құрылыстың басында жүрген бір азамат “сіздер ауылдың жеті қазынасысыздар” демесі бар ма. Ауылдықтар да қолпаштай кетті. Содан бері ұлағатты аналарымыз жақсы істерге ұйытқы болып келеді.

Мұндайда дана халқымыз “Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” демей ме?! Әр қазақтың келінінің қолында оқтауы, сөзінде тоқтауы болса, самаурыны қайнап, дастарханы жайнап тұрса, тамағынан бұрын жылы қабағын берсе, содан асқан бақыт бар ма?! Келіні жақсының керегесі алтын. Есті сөзге құлақ түрген келіннен айналасың ғой. Қолдағы келінім келген қонақты құрақ ұшып қарсы алып, бар тәттісін тосады. Анасынан көргенін қызы істейді. Сондықтан да кез келген келін кейінгілерге үлгі болуы керек. “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деп дана Абай атамыз айтқандай адамдарды алаламай, барлығын тең көріп, жасына да, кәрісіне де бір кісідей сыйластықтың үлгісін танытсақ қана жолымыз ашылып, әр ісіміздің айы оңынан туары сөзсіз.

Қазақ қызы сіз сияқты ақ жаулықты тағынған, көпке үлгі, елге сыйлы ана болуы үшін не істеуі керек?

-Әйел затының өмірдегі ең басты миссиясы жар құшу, ұрпақ сүю. Аллаға шүкір өмірге он перзент әкеліп, бәріне бірдей тәлім-тәрбие бердім. Қол бастайтын батырды да, сөз бастайтын ақынды да ана туады. Сондықтан қаракөздеріміз тектілік қалпын сақтап, ұлттың ұлылығын бойына сіңіріп, өзгенің ала жібін аттамай, өнегелі аналардан үьгі алып, бар жақсы қасиетті бойына тоғыстыруы керек. Қызын қырық үйден тыйған халықтың ұрпағымыз ғой, осы жолдан таймауымыз бек қажет. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырда тегі мен тәрбиесіне кір келтірмеген анадан ғана алып туады. Әзілхан Нұршайықов атамыздың “Қыздар! Желкілдеген жеңілтек болмаңдар! Желпілдек қызды жебір жігіттер жентектеп ауыздарына бір-ақ қылғыта салуға құмар келетінін ұғыңдар, ұмытпаңдар… Сабырлы болыңдар, салиқалы болыңдар, салауатты болыңдар, қарақтарым!” осы бір өсиеті қыздарымыздың ұранына айналса, құба-құп. Бар ізгілікті бойға жинап, жерге қаратпайтын ұрпақ тәрбиелесек қана, абыройдың биігінен көрінеріміз анық.

 

Айғаным Асқарбек, Шу ауданы
09.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 7
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 15
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 22
 ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.04.2024 21

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 994
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7044
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10887
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7113
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7255