ҰЛТТЫҚ РУХ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСКЕР ҚАЛАМГЕР. Ертай Айғалиұлы 70 жаста

ҰЛТТЫҚ РУХ ЖОЛЫНДАҒЫ  КҮРЕСКЕР ҚАЛАМГЕР. Ертай Айғалиұлы 70 жаста

Ертай Айғалиұлы. Бұл есім-сой барша қазақ баласына жақсы таныс. Қолына қалам ұстағандар ішінде «Ер-аға» десең, елең етпейтіні жоқ.  Ер-ағаның ақжарқын мінезі мен қарапайымдылығы, мейірімділігі мен ұстамдылығы елді өзіне магнитше тартады. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар.  Әсіресе албырт жастар Ер-ағаға үйірсек.  Тырнақ алды туындысын «таудай қылып» дәріптеп, демеп жіберуге, қолдап жіберуге  деген ынтызарлығы шабыттың шалқарына шомылдырып жіберері һақ. 

Атақ-абыройға иілмейтін ірілігі, жағымпаздық пен жалтақтыққа бүгілмейтін болмыс-бітімі,  әдебиетке деген адалдығы,  ана тілі үшін отқа да, суға да қойып кетер көзсіз батырлығы – тұлғалық  бітімі болар. 

Жазушылық пен журналистика секілді қос жанрды – қос басына қосақтап, қос қараны аламанға таң асырып қоса алғандығы бір ғана қыры Ер-ағаның.  Журналистиканың қара жұмысынан қалжырап келіп, көркем әдебиеттің көрігін қыздыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік!   Шынашақтай кезінен қолына қалам алып, ұлттық мүдде жолында аянбай күресіп, бірде жығып, бірде жығылып жатса да,  ұлттық рухын  асқақтатып, тілі мен діліне, діні  мен діңгегіне адалдығы жазған дүниелерінде сайрап жатыр...

Жазушы Ертай Айғалиұлы  – «Қара жапырақтар», «Жер бетінен жоғалған ауыл», «Мен сені сағындым, әпке» кітаптарының авторы. Республикалық «Жалын», халықаралық «Дарабоз» конкурстарының жеңімпазы.

Кеңес дәуірінде кеңінен көсіліп балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосқан  Ер-ағаң, әлі де шабысынан жаңылмай келеді.  «Жас Алаш», «Ана тілі» газеттерінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарды. Шер-ағаның «шекпенінен шыққан» санаулы қаламгерлердің бірі.  Халық- аралық «Qazaqstan dauirі» басылымында бірнеше жылдан бері Бас редактор. Жаңа сипаттағы, жаңашыл редактор. Талғамы терең, толғамы ерен редактор. 

Жетпіс деген асқарға желдіртіп жеткен, Алла берген ғұмырында жемісті еңбек еткен  әлі де жазғанынан жазары көп Ер-ағама Астана қаласы ұжымы атынан шығармашылық табыс,  шалқар шабыт, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз! 

РУХАНИЯТҚА СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСҚАН ТҰЛҒА

Сәуле Мешітбайқызы, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист

Намысымды қамшылады. Қалғып кеткен жігерімді оятты. Амал жоқ, әпербақан топпен айқасуға тура келді. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шыға ма, олар көп еді... Сондай қиын шақта маған қанатымен су сепкен қарлығаштай болып  Ертай  жолықты. Оны жұмысына іздеп барған едім. Мән-жаймен жете танысқан Ерекең көзсіз батырлығы болар,  аттандап шықты. Ақырып, аруақтанып кетті. «Ана тілі» басылымының да ол кезде атағынан ат үркіп тұрған шағы. Небір қазақтың рухты ұлдары жиналып, тілдің жайын қасқайта соғып жатқан тұсы. Қалың қазақтың етек-жеңін енді жинап, жан-жағына сілкіне қарай бастаған уақыты. Тіл десе – қара тастың өзін тілгілеп тастауға дайын Ерекең, тілім-тілім тілдік жүйе туралы  проблемалық мақалаларды қарша боратты. Бет-жүзің бар демеді. Сөйтіп әбден шаршаған мені демеді. Сол еді маған берген көмегі. Сол еді дүйім қазаққа берген көмегі. Қазір ойлап отырсам, мектептегі тілдік, ұлттық мәселеге байланысты көптеген істерде қасымнан табылыпты. Кейіннен Мұхтар Шаханов бастаған ақын-жазушылар да қасымызға жиылды. Тіл мәселесі сөйтіп күрделеніп барып, күре жолға түсті. Жеңіске жеттік. Алайда қатты шаршаған едік.

Ол кезде бүгінгідей қаптаған тіл жанашырлары жоқ. Әркім өз күйін шертіп жататын. Ертай Айғалиұлы сол дәуірде тілі үшін, ділі үшін, руханият үшін күресті. Желтоқсанда ақ қардың үстіне алау болып жағылған батырлардың қатарынан табылды. Кейін «мен сөйтіп едім, мен бүйтіп едім» демеді. Кеудесін керіп жүрмеді. Мақтануды білмеді. Қарапайымдылығынан танбады. Пендешілікке бармады.  Мен мұның бәрін ұрпақ білсін деп, оқырмандар ұғынсын деп айтып жатырмын. Шындық бәрібір айтылуы керек қой.   

Ертай бауырым жетпіске толып жатқанда үнсіз қалуды жөн көрмедім. Азғантай болса да азаматтың мерейін көтерер естелік айтқым келді.  Бір заманда менің осы газетке келуіме де Ертай себепші болып еді. Ол да үлкен әңгіме. 

Құрметті Ертай бауырым, көрер қызығың көп болсын! Бала-шағаң, халқың аман болсын! Өзің бар ғұмырыңда айтып келе жатқан, жазып келе жатқан  ана тілің асқақтап, биіктен көріне берсін! Күрескерлік болмысың жастарға дарысын! Аман бол, арысым! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!!! 

Дәулетбек Байтұрсынұлы: 07 наурыз 2014, 16:58 - жаңалықтар Alashainasy.kz

МЕН ТАНЫҒАН  ЕРТАЙ АҒА

Дәулетбек Байтұрсынұлы, 

ақын, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы  

 

«Отан» партиясы, «Ана тілі» газеті, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» бірлесіп, ғылыми экспедиция ұйымдастырды (2004 ж). Ондағы мақсат – Қазақстанмен көршілес бес мемлекеттегі шекара өңіріне орналасқан қазақ диаспорасының бүгінгі хал-күйі, тұрмыс-тіршілігі, тілі мен діні, салт-сана, дәстүр мәселелерін біліп қайту, зерттеп жазып келу. Топ құрамында тарихшы, этнограф, аймақтанушы, тілші-ғалым, журналист болып 13 кісі 35 күнде жиырма бір мың шақырым жол басып, әуел баста жоспарланған ойымызды іске асырып, діттеген жерге жетіп тоқтадық. Нақтырақ айтсақ, 360 градустық толық шеңбер жасап, Астанадағы Бәйтеректің түбінен басталған сапарды аман есен жүріп өтіп, сол арада аяқтадық. Көп нәрсені көрдік, ойға түйдік, бұл туралы кезінде «Ана тілі», «Қазақ елі» газеттері мен «Алтын бесік» журналына кең көлемде толығырақ жаздым. Сол сапардан келе сала күнделікке де түсірген екенмін. Ол жазбалар кейін «Өмірдің өзі» деген кітабыма қосылды. 

Күллі қазақ даласын аралап, 35 күн жол жүріп, 21 мың шақырымды артқа тастап тәніміз шаршаса да, көңілден сергіп түлеп, түрленіп қайттық. Мен соның алдында ғана Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты үш томын оқып шығып, қиялыммен бабалар өмір сүрген өңірді шолып келіп едім. Енді міне, сол қағаз бетінен «көрген» мекенді көзіммен танып, табаныммен басып шықтым. Ұлы даланың орман-тоғайын, тізбектелген сай-саласын ақтарып, суретке түсіріп, күнделікке кестеледім. Алдымен оқу, артынан көру тіпті ғажап болды. Міне, осындай орны бөлек шеруге қосып, ұмытылмас сапарға шақырған Ертай Айғали ағаны қалай ұмытайын?! Жолға шыққан соң, осыған дейін сенімді серіктерімен бірге екі рет автошеру ұйымдастырған тәжірибелі жетекші екенін білдік. 

Экспедицияның жетекшісі Мұхамет-Шәріп Кенжебай мырза болды. Ал, сапардың рухани жетекшісі, ұйымдастырушысы, шебер үйлестірушісі, шын мәніндегі басшымыз Ертай Айғали аға болды. Жол жүрудің өзіндік азабы мен мехнаты шығып отырады екен. Біз осы сапарды екі көлікпен жер үстінде жүріп өткіздік. Бұрынғылар «жол азабы мен көр азабынан сақта» деген екен. Машинамыздың бірде дөңгелегі жарылып, енді бірде маторынан кілтипан байқалып, әлденеше рет кідіріп, жасатуға тура келді. Өскемен мен Баян-өлгийдің арасындағы таулы-өзенді шатқалдар, Ресейдің Қорған облысындағы орманды сазды алқап, Павлодар мен Атыраудың масасы, Хорезм уәлаятындағы қызыл құмның жиегі, Волгоград губерниясындағы батпақты дала... бәрі-бәрі бүгінгідей көз алдымда. 

Ресей жерінде қалың орманның ішінен жол соңына жете алмай ұзақ сарылып жүргеніміз есімде. Жол бойы тамақтанатын асхана жоқ, аялдап тоқтап демалатын алаңқай табылмай, көзіміз көгеріп сарылған сәттерімізде ашығып, сіркесі су көтермей шамырқанған әріптестер де төбе көрсетті. Сол кезде тағы да осы Ертай аға түйілген қабақтарды жадыратып, түнерген беттерге нұр сеуіп сабасына түсіретін.    Кейбіреулер әжік-гүжік сөзге келіп қалып жатқанда екі ауыз сөзімен әп-сәтте рақайластыратын еді. Жол жүру әрі қызық, әрі қиын. Қызық болатыны – көрмеген өлкені көресің, табиғаттың таңғажайыбымен танысасың. Қиын болатыны – көліктің ойда жоқта болатын техникалық ақауы мен  пенденің буырқанып шыға келетін асау мінезі болады. Соның бәрінде үлкенге іні, кішіге аға болып үстінен жол беріп көпір бола білу Ертай ағаның сөзінен де, ісінен де көрініп тұратын. 

Келесі қоналқаға жетіп көліктен түсе сала жолдастарын жайғастырып, тамағы мен жатар орнын қамдайтын. Ауқаттанып арғы жаққа ел қонған соң, бірден қаламы мен қағазын алып шығып, жазуына отыратын. Осылайша Ертай аға жол бойы репортаж жасап, жедел түрде «Ана тіліне» ақпараттар жолдап, автошерудің көрген білгенін, елдің жағдайын айтудан жалыққан жоқ. Жұрт шаршауын баса алмай, азанда тәтті ұйқыда жатқанда қаламы жорғалап, қағазды тысырлатып жазып отыратын еді. Сапарда жасы жетпістен асқан геолог Молдияр Серікбаев, Қауымдастықтан қосылған аудармашы Дәулет Тілеков ағалар Ертай ағамен тығыз сәйкесіп, жолдың қиындығын жеңілдетіп отырды. Сол сапардан кейін автошеруде бірге болған кісілермен қарым-қатынас жасап тұрдық. Солардың ішінде ең жақыннан араласып, күні бүгінге дейін сыйласып жүрген адамның бірі осы жазушы Ертай Айғалиұлы болды. 

Ертай Айғалиұлының журналистік қыры, жазушылық қарымы, көркем әдебиеттегі шеберлігі, басшылық қызметіндегі іскерлігі өз алдына үлкен әңгіме. Газет шығаруда шындықты тайсалмай айтатын әділдігі, турашылдығы қатарындағы әріптестерінен бөлек болды. Сол дәстүрмен өзінің «Қамшыбасар», «Жанайқай» секілді айдарларын жалғап, халықтың үнін үзбей беріп келеді. Газет бетіне шыққан даулы мәселелер пайда болғанда қаншама адамдар сотқа     арызданып, сан рет әбігерге салды. Соның бәрінде алған бетінен қайтпай, ұстанымының дұрыстығын дәлелдеп шығатын. Қоқан-лоқыдан, бопсалаудан именбейтін ерекшелігі өз ортасына атын жайды. Ақиқаттың жолында батыл да батыр, қайырымдылықтың қасында мейірімді, жібектей жұмсақ  мінезбен өмір сүрді. Шығармалары бөлек сөз етуді талап ететін үлкен тақырып. Әсіресе, балалар әдебиетіндегі еңбекқорлығы мен тамаша талантының мойны озық. Бірнеше рет жабық бәйгеден озып шығып, балалар әдебиеті жанры бойынша «Жалын» және «Дарабоз» сыйлығын алуы сөзіміздің дәлелі.  

 

Ө-ӨШ... ШЕ... ШЕ...

ЕР КӨҢІЛДІ ЕР-АҒАМ

Нұрлыбек  САМАТҰЛЫ, 

«Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.

 

Күнде думан, құс базары бөлмесі,

Керек емес бұл адамға өңгесі.

Жүз досы бар, бәлкім одан көбірек,

Жоқ болса да қолында жүз теңгесі.

 

Бір керемет қасиеті, ғажабы,

У-шуда да соқтыртып ол жазады.

Мың қоңырау соғылады бір күнде,

Демек оны күнде іздейді қазағы.

 

Ол туралы тағы айтарым, тағы бар,

Қиындыққа адам емес шағынар.

Қашан көрсең игі істердің басында,

Талай жақсы ой тал бойынан 

табылар.

 

Айтар болсақ әңгімені басынан,

Жазуға үйір болған дейді жасынан.

Сол талабы Алматыға ап кепті, 

Жас жігітті тау суындай тасыған.

 

Бір сәтке де қолдан түспей қаламы,

Сөзге арнады бар өмірін саналы.

Көмегі мол қайраты кем жандарға,

Күнәсі ме? Болар бәлкім шамалы.

 

Ақ қағазға сөзбен сурет салғанда, 

Ойлар оны жетеледі заңғарға.

Сансыратты санасын кеп сан сұрақ,

Не мән бар деп мына алдамшы 

жалғанда?

 

Осы сұрақ келіпті оны Хаққа алып,

Жүрегіне сенім орнап, бақ дарып.

Көңіліне көрік берген көп сырын,

Кітап жазсам деп ойлайды ақтарып.

 

Осылайша Хақтың жолын таңдады,

Содан кейін гүл жайнады бар маңы.

Ұлтым менен ұлысымды сақта деп,

Намаз оқып, мешіт болды барғаны.

 

Жұбансын деп жасын төгіп 

жылаған,

Жайнамазға күніне бес құлаған.

Қай кезде де құрметтеуге лайық,

Жаны жайсаң, ары таза бұл адам.

 

Мен Алматыға кеш келдім. Отыз жасымда. Отыз екі жасымда жұмыс іздеп «Ана тілі» газетінің табалдырығын қобалжи аттадым. Сонда жылы шырай танытып, жатырқамай қарсы алған Ер-ағам, Ертай Айғалиұлы болды. Газеттің жауапты хатшысы екен. Жөнімді айттым. «Бас редактор ауысып жатыр, мүмкін сол кісі бір амалын таппаса...» деп бос орын жоғын жұқалап сездірді. Мен не болса да оңай берілгім келмей: «Газетке не керек, тапсырма беріңіз, жазып көрейін» деп, кетпей тұрып алдым. «Әуелі өзімді танытайын, сосын өздері-ақ алар жұмысқа» деген ой болды. «Спорт бетін жүргізіп көр» деді Ер-ағам. Спорт  онша қызықпайтын тақырыбым еді. Сонда да нар тәуекел деп іске кірістім. Бұрын облыстық теледидарда істегенмін, сондағы әдетпен тапсырманы тез орындап, мақала, сұхбатты бірер күннен қалдырмай табыс етем. Газет тілшілері бейсенбіге дейін ырғалып, жазбаларын әрең береді. Менің жылдам қимылдайтынымды Ер-ағам бағалап, мақтап қояды. Мақтағанын қайтейін, жұрт аванс ақша алады, айлық алады, маған соқыр тиын да жоқ. Бір мәрте қаламақы бергені бар. Сөйтіп бір жарым ай тегін жұмыс істедім. Таңертең жұртпен бірге келем, кешке жұртпен бірге кетем. Газеттің алты нөмірі шықты. Алтауының да бір-бір бетін толтырдым. Сөйтіп жүріп, әрең дегенде газетке тілші болып тырнақ іліктірдім-ау. 

Содан былай қарай журналистиканың жан беріп, жан алысқан жанталас жұмысы басталды да кетті. Редакция журналистерімен де жақын танысып үлгердім. Бәрі де қарапайым жандар, тәкаппар емес. Бір отбасындағы бауырлар сияқты. Жатырқамайды. Керісінше бірін-бірі жақын тартады. Ұжымдағы осындай жылылықты қалыптастырған жауапты хатшы, яғни Ер-ағам сияқты сезіледі маған. Өйткені журналистермен тонның ішкі бауындай боп, бірге отыратын бірден-бір басшымыз осы жауапты хатшы Ер-ағам. Бас редактор мен журналистердің арасындағы қарым-қатынасты да реттейтін өзі. Мейрам кездерінде ұжымды божыратпай, тас түйін қып бір дастарқан басына жинайды. Сол жылдары мейрам көп сияқты-тұғын. Біз бәріміз оны Ер-аға дейміз. Тіпті жасы үлкен Сабыржан Шүкірұлы көкеміз бен газетке кейін келген жазушы Шәкен Күмісбайұлы да Ер-аға деп тұрғаны. Сабыржан көкемізге көке деген ат берген осы Ер-ағам. Ұжымның ұйытқысы. Бәріміздің туған ағамыздай. Сол себепті де біз еркінбіз. Еркелейміз. Кейін «Қазақстан-ZAMAN» газетіне бас редактор болып, жұмыс  ауыстырғанда базар тарқап кеткендей жабырқау күй кешкеніміз есімде.

Анау өлеңді сол 2000 жылдары жазыппын. Осы өлеңім есіме түскен сайын «Ана тілі» газетіндегі өмірім көз алдыма көлбеп келе қалады. Расында, ол отырған жер құс базары сияқты. Біреу кабинетіне кіріп бара жатады, біреу кабинетінен шығып бара жатады. Адам аяғы басылмайды. У да ду. Іздеп келушілерде қисап жоқ. Тіпті газетке қатыссыз адамдар да Ер-ағама үйір. Бәрінің бабын табады. Бәрі оны жақсы көріп, жанынан шықпайды. Ер-ағамның сонда да соқтыртып жазып         отырғанын көресің. Менің қолымнан олай жазу келмейді. Оңашаны, тыныштықты қалаймын. Тыныштық болмаған жерде қаламым жүрмейді. Бұл менің, сірә, кемшілігім.

Жәй журналистер сияқты емес, жауапты хатшының жұмысы бастан асады. Көбісі көзге көрінбейтін, бірақ онсыз газет шықпайтын жұмыстар. Соның арасында іссапарға барып келеді, мақаласы да жазылып жатады. Көркем шығармаға да уақыт табады. Сонысына мен қайранмын. Кейін білдім, Ер-ағамның мектеп оқушысы кезінде жазған «Қызыл етік» атты әңгімесі оқушылар арасында өткен республикалық байқауда жүлдегер атаныпты. Демек, жазушы болуды ерте армандаған. Көп жазушы сияқты жазуды өлеңнен бастап әуре болмаған. Түренді қара сөзге салған. Қара сөздің қасиетін ерте түйсінген. Содан болар, «Жер бетінен жоғалған ауыл», «Мен сені сағындым, әпке!» повестері «Жалын» журналының жабық бәйгесінде ынталандыру сыйлығын жеңіп алыпты. 

2000 жылы Ер-ағамның «Қара жапырақтар» атты кітабы жарық көрді. Араға жылдар салып, 2013 жылы «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» романы, 2015 жылы «Мен Саған ғашықпын» романы, 2016 жылы «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым!» атауымен хикаяттары мен әңгімелері кітап боп шығып, оқырман қолына тиді. 2018 жылы «Министр әйелдің тәубесі» атты әңгімесін «Таң-Шолпан» журналына жарияладым.

Осы шығармаларының әрқайсысының-ақ айтар ойы салмақты. «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» атты романында тіпті қызық экспериментке барған. Бір тақырып қос желі арқылы өрбиді. Бірі бүгінгі өмір арқылы, екіншісі тарих қойнауындағы бұрынғы өмір арқылы. Бірінші желіні қуалап оқып, екінші желіні қоя тұруға немесе бірінші желіні елемей, тек екінші желіден сусындауға болады. Оқушының еркі өзінде. Алайда екі желіні қатар оқыған ұтады. Өйткені екеуі қатар өріліп, кеше мен бүгін байланыса әңгімеленеді. Бірін-бірі толықтырады. 

Шығармаларының қай-қайсысы да белгілі бір салмақты ойға құрылады. Өзіндік жазу мақамы бар. Көбісі балаларға арналған. Сондықтан да балаға ұғынықты тілмен, яғни бала тілімен жазады. Жазушыны кейіпкер мінезінен тануға болады дейді. Ер-ағам да қулық ойламайтын бала сияқты. Адал.  

Ер-ағамның осындай қызық оқиғалары көп. Аман болсын жақсы ағам!

 

Бауыржан Бабажанұлы: Кімді сонша күттіңдер, ақымақтар?! | Әдебиет порталы

ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚИ АЛМАЙТЫН ЕРЕКЕҢ

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

халықаралық «Túrkistan» газетінің бас редакторы

 

1997 жылы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлының «Ана тілі» газеті мен «Жалын» журналын қосу туралы бұйрығы шықты.  Бұған дейін «Жалынды» басқарған Мереке Құлкенов енді бірлескен басылымдардың бас редакторы болып тағайындалды. Іскер басшы бірден  тағы бір-екі кабинетті жалға алып, «Ана тілін»  біздің үстімізге көшіріп әкелді. Әжептәуір «ел» боп қалдық. Біз енді екі айда бір шығатын журналдың ғана емес, апталық газеттің де жұмысына тартыла бастадық. 

«Ана тілінің» құрамы мықты – тіл майданының алдыңғы шебінде жүретін Сабыржан Шүкірұлы, тоқсаныншы жылдарда жастар мақаласын жарыса оқыған Марат Қабанбай, біз өлеңдерін жаттап өскен,  «Ана тілінің» беделін көтерген мақалалар топтамасын жариялаған Байбота Қошым-Ноғай, сұхбат алудың шебері Раушан Төленқызы.  Байбота аға бізбен көп жұмыс істеген жоқ. 

Ертай Айғалиұлы – жауапты хатшы. Марқұм  Сабыржан Шүкірұлы көкемнің тілімен айтсақ, «жаухатшы». Жұқалтаң сары жігіт. Тез сөйлеп, жылдам шешім қабылдайды.  Суретші Төлеген Ильяшев екеуінің жұбы жазылмайды. Осы арада айта кететін бір жайт, қазіргідей емес, ол кезде жауапты хатшының беделі жоғары еді. Оның мойнына жүктелетін жауапкершілік те ауыр болатын. Секретариат штаб аталатын. Штабтың басшысы – сол жауапты хатшы. «Жаухатшы» – қатал басшылық пен кейде еркінсіп кететін журналистердің арасындағы алтын көпір. Қолында әжептәуір билік бар. Қаламақыны қоятын да сол. Жарылқаймын десе де, «шөміштен қысамын» десе де өз қолында. 

Сол тұста Нұрлыбек Саматұлы ақпарат бөліміне жұмысқа алынды.  Раушан Төленқызы екеуі ақпарат бөлімін жүргізеді.  Материалды кеш беретін,  әдетте,  біздің бөлім. Себебін жоғарыда айттым.  Ерекеңнің кәріне де көбіне Құралай екеуміз ілігеміз. Құралайға қыз бала деп қарайды да, «жаухатшы» ылғи маған шүйлігеді.   Кейде сөзге кеп қаламыз. Бір қызығы, ертеңіне бас редактордың алдында өтетін жиында Ерекең бізді қорғап бағады. Тіпті шаң жуытпайды. Кеше ғана айқай салған адамға мүлде ұқсамайды. Сені ақтап алу үшін неше түрлі сылтау ойлап табады. Бірде оның осындай уәжінің біріне Мереке аға күліп жіберді. Әлгінде ғана қабағынан қар жауып отырған бас редактордың жүзі жадырағасын бәріміз де көңілденіп едік. Сыртқа шыққасын Сабыржан көкем: «Біздің Ертай қалай лақтырсаң да,  төрт аяғымен түсетін мысық сияқты» деп ду күлдіргені бар.  Бірақ Ерекең жайдары болғанымен «жайдақ су» емес еді. Керек жерінде тоқтай да, тоқтата да білетін. 

Жалпы қай жерде де жұмыс жақсы жүруі үшін ұжымның бірлігі керек. Ұжымда соны үйлестіретін бір адам болады. Біздің ұжымдағы сондай адам  Ерекең еді. Ол әрбір адамның тілін табады.  Үлкенмен де, кішімен де тең дәрежеде сөйлеседі. Сондықтан да оны басшылық та, журналистер де қатты жақсы көретін. Ақтарыла сөйлесетін.  Әдемі қалжыңы бар. Мысалы Сабыржан Шүкірұлы соңғы беттің материалын газет шыққан күні беріп тастайтын. Табиғатынан жауапкершілігі  мол адам, қамшы салдыруды ар көрсе керек. «Әй, ұлдар, бетті бүгін жасап тастайсыңдар ғой...» дейді сосын Ерекең мен Төкеңе бұрылып. «Бүгін жасап тастау қиын ғой...» дейді бұлар қулана жымиып. «А, түсіндім. Менен бір әбет», – дейді көкеміз ақсия күліп. «Қазір жасаймыз онда». Бәріміз күлеміз. 

Іштегілер ғана емес, авторлар да көбіне Ерекеңді іздеп тұратын.  Әсіресе, материал ала келген ақсақалдар «жаухатшыны» жағалайтын. Әңгімесін асықпай тыңдап, тіпті қостап отырған адамды кім жек көрсін? 

Кейде Нұрлыбек екеуміз «Жеңешеміздің шайын сағындық» деп оның үйінен бір-ақ шығатынбыз. Кірген сәттен бастап оның қолының ұсынақтылығы байқалып тұратын. Ерекең үйде  тіпті жайдарыланып кететін. Жеңешеміздің шайын сораптап отырып, бір сәтке газет жұмысын ұмытып, еркін әңгімеге көшетінбіз. Сол әңгіменің де негізгі тіні қазақ жайы болатын. 

... Қазір әрқайсысымыз өз соқпағымызбен жүріп келеміз. Ерекең сол тақырыптан айныған жоқ. Жақында белгілі медиаменеджер,  «Qazaqstan dauirі» ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы ұйымдастырған жиында бас қостық. Әңгіме қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайы жөнінде өрбіді. Осы жиында Ертай Айғалиұлы да өз ойларын ортаға салды. Сол баяғы «жауырды жаба тоқи алмайтын»,  бүкпесіз ақтарылатын  Ерекең. Сүйсініп отырдым. Тек тыңдайтын құлақ болса, қанеки?! 

Шығармашылық топ - "ЕлАна" әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты

Көркем мінезді жазушы

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ

Бала күнімнен жадымда қалған «Көркемнің көркемі – мінездің көркемдігі» дейтін ұлағатты сөз бар. Ең алғаш Халифа Алтай атамыздың дайындаған бір діни кітабынан оқыған осы сөзім ерекше есімде қалыпты. Осындайларды көргенде жан-жағына мейірім шуағын шашып жүретін, кең пейілді, аппақ жүрегі бар Ертай ағамыз бірден еске түседі.

Еңбек жолын 1971 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы «Жаңа Дария» газетінен бастаған Ертай  Айғалиұлы сонан бері «Спорт газеті», «Қазақ Әдебиеті», «Жас Алаш», «Ана тілі»,  «Қазақстан–ZAMAN» сынды басылымдарда түрлі жауапты қызметтер атқарған адам. Ендеше қазақ журналистикасында жарты ғасырдан астам уақыттан бері тер төгіп келе жатқан тұлғаны көзі қарақты қауымға қайталай таныстырып отыру артық деп ойлаймын. Ал жазушы ретінде де өзінің биігін бағындырған қаламгер екеніне ешкімнің таласы жоқ. Әдебиет дейтін ұлы өнердің айдынында құлаш сермеген Ертай Айғалиұлы, соның ішінде балалар әдебиеті дейтін нәзіктікті, қырағылықты, шеберлікті талап ететін жауапкершілігі мол саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер.

Журналистикадан бөлек әдебиеттің түрлі жанрларына бойлап кете беретін қарымды қаламгер ағамызбен алғашқы таныстығым 2010 жылы қыркүйектің аяғында басталды. Мен оқуымды аяқтағасын «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Астанадағы бөлімшесіне келіп істей бастаған кезім еді. Бас редактордың Ертай аға екенін білсем де, жүздеспеген кезіміз болатын. Бірде кеңсеге Бас директордың бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызымен бірге Ертай аға келді. Ұмытпасам, Қостанай, Қызылжар жаққа іссапармен барып келе жатқан беті екен. Ертай ағамен бірден шүйіркелесіп кеттік. Өзінің Қызылорда жерінде аудандық газеттен бастаған еңбек жолынан тартып, қазақтың классиктері Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды тұлғалармен қызметтес болған қызықты күндерінен біраз естеліктер айтты. Әңгімесінің көбі алдындағы ағаларынан алған тәлімі мен олардың өз жұмыстарына деген жауапкершілігі төңірегінде өрбіп жатты. Ұзақ отырып, ағаның ұлағатты әңгімелеріне құлақ құрышым бір қанып еді. Сол сөздерінің арасында маған әдейілеп тұрып: «журналистикаға ақша табамын, жеке мүдделерімді қорғаймын, жеке мақсаттарымды іске асырамын деп келуге болмайды. Бірден айтайын, журналистикамен байлық жинай алмайсың. Бұл жауапты да жапалы, қызығы өзіңе, қызметің халқыңа тиетін жұмыс» дегені есімде анық қалып еді.

Міне содан бері аттай зулап бір мүшел өте шығыпты. Өз басым Ертай ағаның көп артықшылықтарына куә болдым. Осы 10 жылдан астам уақыт ішінде Ер-ағаның «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшайымы», «Мен саған ғашықпын», «Бокс қолғабыңды жоғалтпа, бауырым» қатарлы бірнеше романы оқырманға жол тартты. Ал газеттің тұрақты «Қамшыбасар» атты айдарында Ертай ағамыздың апта сайын ең өзекті мәселелерді  арқау еткен мақалалары үзбей жарияланып тұрды. Қоғамды толғандырған, елді елеңдеткен кез келген дүние Ер-ағаның назарынан тыс қалған емес. Қысқа да нұсқа, нақты деректерді келтіре отырып түйіндеп әкеп алдыңа     тастай салатын шағын мақалалары газет бетінің сәнін келтіріп, оқырманын өзіне баурап алатынына көпшілік куә деп ойлаймын. Солардың қатарында шетелдегі қазақтар жайы да журналист назарынан тыс қалған жоқ. Осы орайда көршілес отырған Қытай елінде  соңғы он жылдың көлемінде басталған науқандар мен аз санды ұлттарға жасалған түрлі саяси қысымдар Ертай ағаның көңіліне салмақ болып тигенін жақсы білемін. Бұл тақырыпта өзі де көп материалдар жазды. Авторлардың мақалаларын үзбей жариялап отырды. Ал қарымды қаламгер ретінде «Өлім гүлі немесе Қытай лагерінен қашқан қыздың қанды күнделігі» атты хикаят жазды. Ертай Айғалиұлының бұл шығармасы арғы беттегі қазақтардың басына келген саяси зобалаңды арқау етті. Оқыған жанды ойға жетелейтін, көзге еріксіз жас үйірілтетін бұл хикаят «Алтын қалам» байқауының жүлдесін жеңіп алды.

Ертай Айғалиұлының қаламгерлік шеберлігі туралы шағын мақаланың шеңберінде қорытынды жасау мүмкін емес. Ол балалар әдебиеті саласында өндіріп жазған жазушы. Ал журналист Ертай Айғалиұлын оқырман қауымға таныстырып жатудың өзі артық деп ойлаймын. Қазақ баспасөзінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып, көпшіліктің алғысына бөленген   ағамызды барлығы да жақсы біледі.

Ертай Айғалиұлы – жан-жақтылы адам. Спортты жаны сүйетін Ер-ағамыз әр күні таңертең дене шынықтыруды әдетке айналдырған. Содан да болар, жазуға айрықша құлшыныспен, жігермен келіп отырып, өндіріп жіберетіні бар. Жалпы спортқа, өнерге бейім Ертай аға көңілі тасығанда домбырамен қоңырлатып ән де салатын «бөгенайы бөлек әнші». Иә, реті келгенде айтып жатқан бұл сөздер Ер-ағаның көп қырларының біреуі ғана. Ал бәрінен де бұрын Ертай ағаның жайдары мінезі, даладай дарқан пейілі, бар қазақты бауырым деп білетін шынайы бауырмалдық көңілі туралы сөз айтпай кету әбестік болар еді. 

Жұмыс болғасын түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Кейде дауласасың, кейде қаттырақ пікір айтуға тура келеді. Әріптестермен ұрсысып та қаламыз дегендей. Алайда Ертай ағамыз ешқашан өкпе-реніш білдіріп, кек қуалаған емес. Бұл нағыз мұсылмандарда болатын көркем мінез дер едім.

«Ертай үшін жаман адам жоқ» дейді біздің бас директорымыз Сәуле Мешітбайқызы. Отыз жылдан астам уақыттан бері сыйлас, сырлас болып келе жатқан апайы ретінде Ер-ағаның мінезін бізден әлдеқайда көп білетін Сәуле апайымыз кейде інісінің кеңпейілділігіне қарап отырып күйіп кететіні бар. «Әй, Ертай, ананы неге қатаң талап етпейсің? Жұмысқа кедергі келтіріп жатыр ғой», – дейді кейде. Ондайда Ертай ағаның: «Тәте, мен оған сөгіс бердім, өзі де қатесін мойындап отыр», – деп кінәлі журналистің ортасына түсетіні бар. Кейде әлдебір автордың ортанқол мақаласын көңілін қимай алып алып, үстінен жүйкесін      тоздырып редакциялап барып газетке басатын Ертай аға, ең соңынан сол авторды шабыттандырып, жақсы сөздерін айтып барып «мына жерлерін сәл-пәл дұрыстап, былай етіп жазсаң, тіпті де әдемі болар еді» деп жәй ғана ескертіп қоятынын да жақсы білемін. Біздің қадірменді ағамыз, ақылшымыз, ұлағатты ұстазымыз бола білген Ер-ағамыз, нар ағамыз «Сталиннің басын жұтып туған» жолды ағамыз 2023 жылы 5 наурызда 70 дейтін мерейлі жасқа толды. Қара ормандай халқына әлі де берері мол, қарымды қаламгер, шыншыл журналист ағамызға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілеймін! Аман болыңыз, алтын ағам менің!

Талаптың ерттеп мінген ақтаңгерін

Ермек Сахариев

Жасында Отанынан шалғай өскен,

Мал бағып Қызылқұмның құмын кешкен.

Ертайды қиялына қанат біткен

Көпшілік «дөкей» болар ертең дескен.

Сәл бертін туған жерге қайта оралып,

Отыққан жас қозыдай тез торалып

Жігіттік құрған бұл да бойжеткенмен,

Қыдырып атқанша ұзақ таң ағарып.

Борышын өтеп адал сарбаз болып,

Білімге мойын бұрып бүтін толық

Сар бала студент боп ҚазМУ-ден

Журналист мамандығын шыққан алып.

Бойына сіңірумен білім нәрін,

Тапқан соң Құдай қосқан асыл жарын

Еңбекке араласқан ел қатарлы,

Қанат боп таланты мен тума дарын.

Өсіріп ұл-қыздарын әке болды,

Күлкі мен қуанышқа үйі толды.

Бүгінде ата болып отыр Ертай

Ұрпаққа нұсқайтұғын дұрыс жолды.

Дүлдүлі сөз өнердің шын арынды,

Ойы ұшқыр қаламгер ол бек қарымды.

Қазақтың жері жомарт екен дағы

Біздерге бере салған сол дарынды.

«Дарабоз» бәйгесінде топты жарып,

Сан мәрте бас жүлде алған болып қарық

Ертайдай жазушы жоқ тәнті болып

Еңбегін оқитұғын сүйіп халық.

Ереке, құтты болсын мерейтойың,

Еңсегей бола берсін шарғы бойың.

Денсаулық мықты болып мық шегедей,

Жыл сайын үзілмесін жасар тойың.

Ошақтан бақ-береке арылмасын,

Тәңірі ұрпағыңды жарылқасын,

Үйіңді дос-туыстар басып жатса

Шараның пейілі оған тарылмасын!

Таланттың ерттеп мініп ақтаңгерін,

Тым биік бүгінгі күн жеткен жерің.

Қолымда билік болса мен өзіңе

Берер ем жоғарғы атақ – Еңбек Ерін!  

Жетпіске келген де бар, келмеген де,

Қайтер ең бұл жасты Хақ бермегенде?

Ата-анаң мерейтойды көрер еді-ау

Өмірден бақилық боп өлмегенде. 

Мерейтой құтты болсын, ал, қайнаға,

Ақырғы туған күн деп бұл ойлама.

Беттегі әжіміңді әйгілейтін,

Тым жиі қарай берме күнде айнаға!

Биязы, жайсаң мінез тұрған бойы,

Бұрынғы серілердей жігіт сойы

Оқырман, қуанышқа ортақ болғын,

Ертайдың жетпіс жастық бүгін тойы! Әмин!

Qalamger.kz::-Қаламгер порталы

Сөз жаздың көк төсіне өшпесін деп

БАЯН БЕКЕТОВА

 

Сөз жаздың көк төсіне өшпесін деп, 

Ізгілік дәнін септің көктесін деп.

Заманның тамырын басып зерделедің,

Барасың ойдағыны төске сүйреп. 

 

Бойыңда тапқан талант, күш жарасым, 

Жайылды Алты алашқа үстем атың.

Көксеген  Тауыңызға шығып тұрсыз, 

Талдырып әрең жетер құс қанатын.

 

Мінезің көк жайлаудың алабындай, 

Беріксің, құйған құрыш тағанындай. 

Жаны жаз жазушы деп ел таныды, 

Төгеді қазынаны қаламың бай!.. 

 

Көзіңді  ғаламшардан бір алмайсыз, 

Әр күннен сыр аулайсыз, нұр аулайсыз, 

Көргенде әділетсіз теріс пиғыл, 

Ширығып серіппедей  тұра алмайсыз. 

 

Шолатын ту биіктен қырандайсыз,

Кеңге жайған қанатын  Тұрандайсыз,

Сөйлеп кетсе шашылар иман нұры,

Мамырдың шуағынан бір аумайсыз. 

Елім деп, Желтоқсан деп ұрандайсыз.

Шындықты бір күн жазбай тұра алмайсыз.

 

Қаныңыз журналистік жатқызбайды, 

Тарпаңсыз, жонда жортқан құландайсыз.

 

Қосағың,  Шара мінсіз, шынардай қыз,

Қызығып сіздер үшін жыр арнаймыз. 

Ұйыған отбасың бар, өнегелі, 

Сөйлесек сендер жайлы шығандаймыз. 

 

Ер-аға, құтты болсын, шыққан шыңың,

Бұл менің жүрек сөзім, айтқан шыным.

Биіксіз пенделіктен, орның бөлек, 

Әліде қаламнан сыр ақтарылсын!

 

Нағашыбай Қабылбек | Literary portal

КЕҢ ПІШІЛГЕН  ДАЛАДАЙ АБЗАЛ АҒА

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

Жайдары жаз дидары шуақ шашқан,

асау ағыс шабыты алып қашқан!

Жорға сөзге тақымы қалыптасқан,

сондықтан да жазады жалықпастан.

 

Жетпіс жасқа табанын тірегелі,

ұйқы қашты ағадан түнемелі.

Тілдің жайын ойласа, түнереді,

ел ішіне барғанда түрленеді.

 

Аппақ шашы – ақша қар, қырқа мұрын,

ақ маңдайы жарқырап – қасқа құлын!!!

Өзіне тән байсалды асқақ үні –

ұя салған ұшына қастарының.

 

Табылмайтын бойынан басқалардың,

Байқалады,  жанартау – асқақ арын,

Орта жолға шөктірмей бастағанын,

Жинамайды жылы сөз – дастарқанын.

 

Сөз теріп, дүниені пайда қылмас,

Ұсынған кітаптары – майлы жамбас.

Сын айтады шыдамы таусылғанда,

Ал мақтаудан алдына қара салмас.

 

Адамның бірі емес ол, алқымы іскен,

Қырандай шүйлікті ме, алып түскен.

Аласамын демейді,  сын сағатта

Алысады Геркулес, Алпамыспен. 

 

Ізеттілік – жан досы, бала кезден,

қиял қуып ол-дағы дала кезген.

Сиқырлы әлем – балалық бал дәуренді,

өрнектеп келеді әлі қара сөзбен.

 

Кең пішілген даладай дархан көңіл,

кеуде – қазан, 

Ойлары – жанған көмір.

Жылуын шашып жатыр маңайына,

Осылай өтсін дейміз қалған өмір!

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
09.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 182
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 176
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 686
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 807
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 721

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8876
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8271
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11499
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9255
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10482