Ұлылардың қазақ халқының жолында аянбай еткен әрекеті, өшпес ерлігі – бүгінде Тәуелсіздікке қол жеткізгеніміздің айқын көрінісі. Жақында ғана Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынған болатын. Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген тұңғыш президенттің бүгінгі жас ұрпаққа жолдаған үндеуі болды. Елбасы Тәуелсіздіктің негізгі жеті тұғырын тайға таңба басқандай көрсетіп берді.
Егеменді, тәуелсіз Қазақстан Республикасы таң арайлап өзінің мақсатына, ата – бабаның асқақ арманына қол жеткізді. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы тәуелсіз ел болуды аңсады. Қаншама батырларымыз, ержүрек апа-ағаларымыз елін, жерін қорғау мақсатында оққа ұшты. Тәуелсіздік – ата-бабамыз армандаған асыл армандарының бірі екенін білеміз. Қағидаттар жиынтығындағы жеті бағыт олар:
Бірінші. Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
Бесінші. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. «Жеті жетекшісінің бірі адам баласы - ақыл, сынаушысы - халық» деп Саққұлақ би айтқандай Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Елдіктің жеті қыры» атты қағидаты тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел бірлігін сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел болуымыздың дәлелі. Міне, осы аталған жеті тұғырдың тамырын терең етуде бүгінгі ұрпақтың, жас буын өкілінің, біздің біліміміз, ақыл - ойымыз, іс-әрекетіміз нық болуы керек және үнемі ізденіспен ойымызды рухани жаңғыртып отыруымыз қажет. Рухани жаңғыру – елдігіміздің шыңға шығар жолының бастауы болмақ. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің, елдіктің, тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс.
Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарау, мемлекеттілігімізді қадірлеп, оны көздің қарашығындай қорғау,тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін еліміздің туын тік ұстап, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде аянып қалмаймыз. Тәуелсіз еліміздің көк туы бейбіт аспанымызда биіктен желбірей берсін! Ынтымақ пен ырысымыз еселеніп, еліміздің мерейлі мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұғырлы болсын!